Қазақстанның жеті кереметі: әр адам баруға тиіс еліміздің көрікті жерлері
Жарияланған күні:
Қазақ даласында сұлу табиғатымен, тылсым құпиясымен көз тартатын көрікті мекен көп. Бірі мөлдір суымен, саф ауасымен жанға жайлылық сыйласа, енді бірінің ғасырлардан сыр шертетін тарихы бар. Бұл жазбамызда Қазақстанның әр өңірінде орналасқан ерекше орындар туралы деректер ұсынамыз.
Таңбалы тас
Таңбалы тас туралы не білеміз? Таңбалы археологиялық кешені жоғалып кеткен дала өркениетінің куәгері болып саналады. Мұнда республикалық маңызы бар 100-ге жуық ескерткіш бар. Шатқал іші археологиялық қорғандар мен қорымдардан, қоныстардан тұрады. Ашық аспан астындағы қорық-музейдегі ерекше қорғалатын ортаңғы аймақта 5000-ға жуық жартас суреттері кездеседі.
Таңбалы шатқалының аумағында қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ғасырдың ортасынан XIX-XX ғасырлар аралығын қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас петроглифтер және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасқан. "Тарихтың түпқазығы – Таңбалытас" мақаласында олардың үш мың жыл бойы еліміздегі ертедегі және қазіргі кездегі көптеген халықтың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешенді құрайтыны жайлы жазылған.
2003 жылдың 14 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1052 қаулысымен Алматы облысында Таңбалы Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі құрылды. Таңбалы тас 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Түркістан қаласындағы XIV ғасырда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – сәулет өнерінің құнды жәдігері. Кесене Әмір Темірдің басшылығымен салынды.
Тарихи ескерткіш қазақ халқының иелегіне XVI ғасырда Есім ханның билік еткен тұсында өтті. Содан бері бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі киелі мекенге айналды. Онда қазақтың хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары жерленген.
Қожа Ахмет Ясауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің занамызыға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат. Көлденеңінен – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құрылысқа үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлмелер сыйып тұр. Барлық бөлме бір-біріне қос қабатты 8 дәлізбен және әр түрлі өтпелі баспалдақпен жалғасып жатыр.
Қазандықты қоршаған залдар мен бөлмелер күмбезді мызғытпай ұстап тұратын тіреу (контрфорс) іспетті. Бұл кесененің басты ерекшелігінің бірі осы болса керек.
Ғимараттың павильондарға бөлінуі олардың әрқайсысының салмағын өзіне түсіру мақсатында жасалған. Үйдің қаңқасы түрліше қиюластырылған доға немесе күмбез тәрізді элементтерден құрылады, бұл әдіс кейін Орта Азия мен Қазақстан архитектурасында одан әрі дами түсті. Бөлмелердің ішкі төбесі мен кіші күмбездерінен бастап, үйдің барлық бөлігі төртбұрышты, сапалы күйдірілген қыштан қаланған. Бұларды бір-бірімен байланыстыру үшін (ғаныш) ерітіндісі пайдаланылған.
Ғимарат сызбасының дәлдігі, құрылыс материалдары мен жасалған жұмыстың сапасы кесененің ғасырлар бойы мығым тұруына ықпал етіп тұр. Темір дәуірінің сәулет өнеріне сай ескерткіш геометриялық өсімдік тәрізді ою-өрнектермен және жазулармен, суреттермен безендірілген.
Маңғыстау жерасты мешіті
Бекет ата жерасты мешіті Ақтау қаласының маңындағы Оғланды шатқалында орналасқан. Мешіттің жартас ішінде қашалып салынуы оның басты ерекшелігі болып саналады. Бұл қарапайым үңгір емес, толыққанды бірнеше бөлмеден тұратын мінәжат орны. Мешіттің қабырғалары араб және парсы жазбаларымен безендірілген.
Бекет ата Қазақ жерінде осы мешітке ұқсас төрт сәулет ескерткішін салған. Жыл сайын бұл қасиетті орындарға мыңдаған адам зиярат етіп барады.
Бекет ата пайғамбар жасында дүниеден өткен. kazakhstan.travel мәліметінше, Бекет атаның жерленген жері осы мешіттің бір бөлмесінде екен. Төргі бөлмеде Бекет атаның қасиетті асатаяғы сақталған. Түпкі бөлмеге тек әйелдер қауымына кіруге рұқсат етілген. Мұнда қыз-келіншектер ниет етіп, тілек тілейді.
Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі
2001 жылы құрылған Қатонқарағай ұлттық табиғи саябағы Қазақстанда ең үлкен табиғи саябақ атағына ие. Оның ауданы 640 мың гектардан асады, ал аумақта бар әр түрлі флора мен фауна арасында Қызыл кітапқа енгені де бар. Рахман бұлақтары, Мұзтау тауы, Көккөл сарқырамасы, Берел қорғандары мемлекеттік ескерткіштерге айналған жергілікті көрікті орындар саналады. Саябақтың негізгі жұмыс бағыттары: биологиялық қор мен аймақтың алуантүрлілігін сақтау, табиғи үдерістер мен объектілерді зерттеу, экскурсиялық іс-шараларды ұйымдастыру, Шығыс Қазақстан облысының азаматтарын және қонақтарын экологиялық ағартушылыққа итермелеу.
Туристерге аймақ бойынша саяхаттау үшін барлық қажетті көлік құралдары, құрал-жабдықтар қамтамасыз етіледі, шатырлы лагерьлер ұйымдастырылады. Бұл маңда қызықты экскурсиялық дәрістер мен сабақтар жиі өтеді.
Шығыс Қазақстанға сапарға шығуды жоспарлап жүрген жандарға Қатонқарағай мемлекеттік табиғи саябағына баруға кеңес береміз.
Шарын шатқалы, Көлсай, Қайыңды көлдері
Шарынның пайда болуы неоген кезеңіне тұспа-тұс келеді. Тянь-Шань тау тарамдарында Алматыдан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Шарын шатқалын АҚШ-тағы Гранд Каньонмен жиі салыстырып жатады. Шарын шатқалы жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан түзілген табиғат ескерткіші. Каньон құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді. Шарын шатқалы – Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 154 км созылып жатыр.
Жергілікті аймақтың бедері жүйелі түрде өзгеріп тұратындықтан, мұндағы жануарлар мен өсімдіктер әлемі өте бай. Олардың ішінде Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануар түрлерін кездестіруге болады. Шатқалдағы ерекше орындар ретінде "Қамалдар аңғары", Шарын өзені, тораңғы мен шаған тоғойларын атауға болады. Шарын шатқалы аумағында “Eco Park” кешені жұмыс істейді. kazakhstan.travel мәліметіне сүйенсек, шатқалға келушілер дәл осы жерде тамақтанып, өзен бойындағы күркелерде немесе киіз үйлер мен бунгалоларда түней алады.
Көлсай көлдері шексіз көк аспанның алып айнасы тәрізді. Көлдер жүйесі Жоғарғы, Орта, Төменгі Көлсай көлдерін біріктіреді. Үш көлдің әрбірінің өзіне тән тылсым сыры, сөз жетпес сұлулығы бар. Бұл көлдерге жаяу жорықтар, ат экскурсиялары және серуендер арқылы баруға болады.
Көлсайға қалай жетуге болады?
Бірінші Көлсайға Алматы қаласынан Саты ауылына дейін 285 шақырым, Сатыдан көлдің өзіне дейін тағы 10 шақырым жол жүру керек. Саты ауылынан шыға берістегі жол торабында жоғарыға және негізгі жолмен солға қарай бағыт алу керек. Одан әрі "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының экологиялық бекетіне дейін тура жүру қажет. Бірінші көлге еш қиындықсыз көлікпен жетуге болады. Ал екінші және үшінші көлге көтерілу үшін таулы жерге тән ерекшеліктер мен денсаулығыңыздың жайын ескерген жөн. Көлсай көлдері реттілігі бойынш теңіз деңгейінен 1700 метр, 2250 метр, 2700 метр биіктікте орналасқан.
Қайыңды көлінің су өте салқын, дегенмен мұнда шомылатындар да жоқ емес. Күнгей Алатауда орналасқан көл осыдан жүз шақты жыл бұрын жер сілкінісінен соң пайда болған. kazakhstan.travel сайтында берілген мына ақпаратты да ескере кеткен жөн. Алматы облысына тән ауа райы жылы әрі ылғалды болғанымен, Қайындының маңында жағдай тым басқа. Жаздың күні де самалы салқын тау көліне барарда, жылы және ыңғайлы киім-кешегіңізді дайындап қойған абзал. Қайыңды көлі "Көлсай көлдері" ұлттық табиғи саябағының құрамына енгізілген.
Түрген сарқырамалары
Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан, Іле Алатау табиғи паркінің көрікті жерлерінің бірі саналады. Іле Алатауы ұлттық саябағының ішінде орналасқан бұл шатқалда 7 сарқырама бар. Соның ішінде Аюлы және Қайрақ сарқырамаларына саяхатшылар көп барады. "Қайрақ" сарқырамасындағы ағаштардың биіктігі 40 метрге жетеді.
Ауасы таза, суы мөлдір Түрген шатқалы флора мен фаунаға өте бай. Мұнда құрғақшылыққа төзімді Семенов үйеңкісі, Мушкетов кургавкасы, жабайы өрік ағашы, Сиверс алма ағашы, қайың мен терек, қылқанжапырақтылардың түрлері, оның ішінде шырша қаулап өседі. Түргенде бұтасын өсімдіктерден қарақат, бөріқарақат, таңқурай, бүлдірген, қойбүлдірген, итмұрын өседі. Жануарлардан қоян, борсық, тиын, қабан, тауешкі, қасқыр, аюды және жылан мен құстың түрлерін кездестіруге болады. Ерте заманда бұл жерде шығысқа қарай, яғни Қытай мен Үндістанға керуен жолдары жүретін болған.
Бурабай
Бурабай Қазақстанның Швейцариясы атанған қазақ жерінің ғажайып оазис саналады. Бурабай әсем табиғатымен, таза ауасы, мөлдір суымен, жұмбақ тау шыңдары және мәңгі жасыл қылқанжапырақты ормандарымен көздің жауын алады.
stan.kz сайты ұсынған мәліметке сүйенсек, Бурабайдың тарихи атауы қазақтың "бура" (түйе) деген сөзден шыққан. Ал "Боровое" атауын XVIII ғасырдың соңында орыс мигранттары берген. Бұл екі сөз ұқсас көрінгенімен, бір-біріне ешқандай байланысы жоқ. Қазіргі күні бұл орын ресми түрде "Бурабай мемлекеттік ұлттық паркі" деп аталады.
Ақмола облысының солтүстігіндегі Көкшетаудың жоғары жағында орналасқан "Бурабай" ұлттық паркінде 14 көл бар. Олардың ішінде Бурабай өзені, үлкен және кіші Чебачье, Щучье, Катарколь, Горное, Маябалик, Лебединское, Қарасье ірі көлдер қатарына жатады. Ондағы тереңдігі 35 метрге жететін ең терең және таза көл Щучье, ал жылы және таязы Бурабай деп есептеледі.
Бурабай жайлы сөз қозғағанда Оқжетпес тауы жайлы айтпай кетуге болмайды. Бұл жартастың биіктігі шамамен 300 метрді құрайды. Бұл таудың төбесі жерде жатқан пілге ұқсайды, сондықтан кейде оны адамдар "піл" деп атайды. Оқжетпестің шыңына шығуға болады. Оған шығатын бірнеше туристік маршруттар да бар, алайда биік жартастан тек альпинистерге құралдардың көмегімен ғана түсуге болатынын ескеру керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2065848-qazaqstannyn-zeti-keremeti-ar-adam-baruga-tiis-elimizdin-korikti-zerleri/