"Бір жасың құтты болсын!": Амал көрісу дегеніміз не және оны қалай тойлайды
Жарияланған күні:
Қазақ жерінде 14 наурыз күні "Амал" мерекесі тойланады. Әсіресе Маңғыстау, Атырау өңірлерінде және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей аймағында бұл мейрамды атап өту дәстүрі бұрыннан сақталған. Бұл жазбамызда "Бір жасың құтты болсын!", "Амал мерекесі құтты болсын!" - деп ізгі тілек айтатын, өкпе-ренішті ұмытатын көрісу күні жайлы ақпараттар ұсынамыз.
Амал мерекесі жайлы не білеміз?
Амал мерекесі жайлы ғалымдардың пікірі әр түрлі. Көрісу күнін зерттеп жүрген ғалымдардың біразы бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп айтып жүр.
Ертеректе көшпенділер салтымен өмір сүрген қазақ халқы қыс айларында бір-бірін көре алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып көріскен. Көрісу жайлы жазылған ақпараттардың бірінде қыстан аман шыққан адамдардың саулық сұрасуы дәстүр боп сақталып қалса керек делінеді.
Ал кей ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады:
Тарихи деректерге сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізді. Алайда екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күн болып қалған. Осыған орай 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі негізге алсақ, 1 наурыз 14 наурызбен сәйкес келеді. Бұл күн жылдың басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған.
ernur.kz сайтында жарияланған "Амал мерекесі немесе көрісу күні қайдан шыққан?" мақаласында Наурыз және Амал мерекелерінің түп-төркіні бір екені жазылған:
Шығыс елдерінің Шәмси күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Мұндағы амал сөзі ескіше парсы тілінің "хамал" сөзінен алынған. Наурыз айы парсы тілінде "Хамал" айы деп айтылғандықтан бұл мейрам "Амал мерекесі" деп аталып кеткен. Хамал - Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Яғни, "Амал мерекесі" мен "Наурыз мерекесінің" мағынасы бірдей. "Наурыз" сөзі "жаңа күн" деген мағынаны білдіреді.
Сыр бойы газетінде жарық көрген "Амал келді, жыл келді!" мақаласында наурыз үт және қамал жұлдыздарының тоғысуынан туған делінген:
"Бұрын бұл мерекені Қазақстанның Батыс аймағы ғана емес, барша қазақ тойлаған. Бұл туралы деректер қазақ ойшылдарының еңбектерінде де кездеседі, этнографтар да растайды. Наурыз ескіше үт жұлдызы мен қамал жұлдызының тоғысуы кезінде пайда болған. Үт айы ескіше – ақпан, ал қамал наурыз айына сәйкес келеді. Арабша амал, парсыша қамал деп аталған. Қазақтар амал деп те, қамал деп те айтады. Бұл мереке осы жұлдыздардың тоғысуы кезінде пайда болған. Ескіше 13-14 наурызға сәйкес келсе, жаңаша наурыз айының 21-22 жұлдызына келеді. Жұлдыз аттарын қазақтар қаңтардан бастап амал, сәуір, саратан, зауза, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәді және үт деп атаған. Үт айы келген кезде (жаңаша ақпан) "үт келді, құт келді" - дейді".
Көрісу күні қандай жоралғылар жасалады?
Таң атқаннан "Амал" мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанына құрт-ірімшігін, бауырсағы мен сары майын қойып, наурыз көжесін пісіреді. Табалдырығын аттаған әрбір қонағын жылы жүзбен қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетеді.
"Ойыл" газетінде жарық көрген "Наурызыңызбен немесе Амал мерекесі жайлы не білеміз?" мақаласында көрісу жайлы мынадай мәлімет берілген:
"Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне "Бір жасыңызбен!" - деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруге тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған".
Ешкім бұл күн ежелгі ерегесін,
Ескі кегін қоздырып, ақы алмайды.
Өткен жылғы өкпесін, өкінішін,
Жаңа жылға арқалап апармайды.
Амал күні қазағым көріседі,
Көрісу бұл көненің жемісі еді.
"Жасың құтты болсын!" - деп жамырасып,
Ақ ниетпен, адал қол беріседі.
Наурыз – жаңару, тазару, құрмет айы. Ал өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылға жақсы ниетпен басатын қадамның көрісу жоралғысымен басталуы орынды. Көрісу дәстүрі бір күнмен шектелетін мереке емес, 14 наурыздан басталған мейрам наурыз айы аяқталғанша жалғаса береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2067540-korisu-kuni-degenimiz-ne-zane-ony-qalai-atap-otu-kerek/