Қобыз аспабы қалай пайда болған және ежелде оны кім қолданған
Жарияланған күні:
Қобыз – ерте заманнан бері келе жатқан қазақ халқы үшін киелі аспап. Бұл аспап жайлы сөз қозғағанда Қорқыт ата есімі еске түседі. Бұл жазбамызда қоңыр үні табиғатпен үндескен қобыз аспабының тарихы жайлы мәліметтер ұсынамыз.
Қобыз – ұлттық мәдениеттің діңгегі
Қобыз тарихының қай кезден бастау алатыны жайлы нақты дерек жоқ, десе де, шамамен VIII ғасырдан басталады деп айтылып жүр. Қобызды кім ойлап тапқан? Қобыз аспабын әйгілі Қорқыт ата ойлап тапқан деседі.
"Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған" қобызды қазақтың кие тұтуының өзіндік мәні бар. Қобыз аспабы арқылы адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқуын, жел мен судың үнін шығаруға болады. Ағаштан ойылып жасалған қарапайым аспаптың табиғаттың түрлі дыбысын бере алуы ғалымдардың таңданысын туғызып отыр. Қобызды скрипка аспабының атасы деп те атайды. Қобыз ысқысы бар шекті аспаптардың қатарына жатады.
Қазақ халқы қобыздың қоңыр үнімен қоса, пішініне де айрықша мән берген. Киелі деп саналған аспаптың аққу пішіндес сипатының өзіндік ерекшелігі бар. Академик Әлкей Марғұлан мұның себебін аққу құсының киелілігімен байланыстырған. Ғалым бұл тұрғыда ежелгі қазақтардың аққуды қастерлеп, оның бейнесін тотем еткенін негізге алады.
Әфсаналарға сенсек, Қорқыт атаның өзі жасаған аспабына арналған өлеңі мынадай:
Қарағайдың түбінен
Қайырып алған, қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алаған қобызым.
Желмаяның терісін
Шанақ қылған, қобызым.
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған, қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын
Ішек қылған, қобызым.
Қорқыт атаның бұл өлең жолдарынан қобыз аспабын неден, қалай жасағанын анық түсінуге болады. Өлеңнің қобызды сипаттап тұрғандай.
Қыпшақ Қойлыбай жайлы не білеміз?
Қобыз аспабы мен Қорқыт атаның есімі егіз іспетті. Ал Қорқыт атадан кейін Қыпшақ Қойлыбай есімі жиі аталады. Қыпшақ Қойлыбай Әбдурахпанұлы – атақты бақсы, таңғажайып тәуіп, керемет көріпкел, теңдесі жоқ қобызшы болған. Аңыз-әфсаналар мен тарихи шығармаларда Қорқыттан кейін Қойлыбайдың есімі аталады. Бұл жөнінде "Қармақшы таңы" газетінде жарияланған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Гүлмира Өтегенованың "Қобыздың тарихы" мақаласында былай делінген:
"Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, түсінде Қорқыт атадан бата алған қыпшақ Қойлыбай бақсы шамамен XIV ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген. Оның атақты бақсы, тәуіп, сәуегей, қобызшы ретінде есімінің алты алашқа кеңінен танылған кезі – XV ғасырдың алғашқы ширегі. Ол Қойлыбайды "бақсылардың бақсысы әрі пірі" деп бағаласа, Әлкей Марғұлан: "Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол – Қорқыттың шәкірті" деп жазады. Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын-ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастап, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бәрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай қобызын бәйгеге қосып бас бәйгені жеңіп алады. Мағжан Жұмабаев Шоқанның зерттеулерін негізге ала отырып "Қойлыбайдың қобызы" атты дастан жазған".
Қобыз туралы Әлкей Марғұлан былай деп жазған:
"Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ–ХІХғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді".
Рашид ад-Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің "Қыпшақ" сөзімен төркіндес екені айтылады.
Қобыздың қандай түрлері бар?
- Нарқобыз – қобыз аспабының екі ішектісімен бірге үш, төрт ішектілер және нарқобыз, жезқобыз деп аталатын түрі де бар.
- Қылқобыз – ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады.
- Шаңқобыз – темірден немесе күмістен жасалған сүйір тілшесі бар көне музыкалық аспап. Шаңқобыз басқа атаулармен көптеген халықтарда кездеседі. Оның сирек кездесетін бір түрі — ағаш шаңқобыз — ағашқа бекітілген жіпті тербеу арқылы дыбыс шығарылады. Шаңқобыз – ежелден келе жатқан қазақтың музыкалық аспабы. Аспап бітімі бөлек болғанымен, оның құрылымы өте қарапайым.
stan.kz сайтында жарияланған "Қобыз туралы мәліметтер" жазбасындаарлық ыспалы аспаптың атасы саналатын қобызды ежелгі түркі-монғол ұлыстары "хор, хуур" деп те атағаны жазылған. Осыған қарап ғалымдар арасында "хор құт", яғни, арғы мәні "қобыз құт" деген біріккен сөзден шыққан да шығар деген пікір бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2071248-qobyz-aspaby-qalai-paida-bolgan-zane-ezelde-ony-kim-qoldangan/