Ораза айтта қырық үйге кіру шарт па: мереке туралы әр мұсылман білуге тиіс деректер
Жарияланған күні:
Ораза айт – Рамазан айының соңында атап өтілетін исламдағы маңызды діни рәсім. Бұл мереке мұсылман күнтізбесіндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болып саналады және қуанышты жиындармен, дұғалармен және қайырымдылық істермен атап өтіледі. Бұл мақалада біз Ораза айттың негізгі аспектілерін және әрбір мұсылман ол туралы не білуі керек екенін қарастырамыз.
Ораза айттың мән-мағынасы
Ораза Айт мерекесін әлемнің мұсылман қауымы Рамазан айының соңында атап өтеді. Бұл күн мұсылмандар күндізгі уақытта тамақтан, сусындардан және қалауынан бас тартатын оразаның аяқталғанын білдіреді. Ораза айтты мұсылман қауымы Алланың рақымы мен күнәларын кешіргені үшін қуану, алғыс айту және дұға ететін уақыт деп түсінеді.
Кенжетай қажы Байкемелұлы мақаласында Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі – қуаныш-шаттықпен бірге Аллаға деген құлшылықтың қатар жүруі, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі, өмірді қайта саралауға мүмкіншілік алу, өмірдің мәнін түсініп, Аллаға деген құлшылығын күшейту дейді.
"Қазақ халқында бағзы заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі.
Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі", - деп жазған мақаласында имам.
Ораза айтта қандай амалдар жасау керек?
Ораза айт мейрамында мына амалдарды жүзеге асырған абзал:
- Пітір садақасын беру. Пітір садақасы Рамазан айы туған сәттен айт намазы басталғанша берілуге тиіс. Бұхари, Мүслимнің хадистер жинағында "Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға рамазан айында пітір садақасын беруді парыз етті", - деген риуаяттар бар.
- Тәкбір айту. "Бақара" сүресінің 185-аятында: "Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар", - деп жазылған.
- Айт намазын оқу. Айт күні ең бірінші орындалуға тиіс уәжіп амал болып саналады. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде бірде-бір рет айт намазын қалдырмай оқығаны жайлы хадистер келтірілген.
- Намазға барарда құрма жеп шығу. Намазға барардың алдында құрма жеу сүннет амалға жатады. Бұл оразаның аяқталып, айт мерекесінің басталғанын білдіреді.
- Ғұсыл құйыну, жаңа киім кию, әтірлену. Тазалық – иманның жартысы. Ғалымдар айт күнінде хош иіс сеуіп, жаңа киім киген абзал екенін айтқан. Алайда ер адамдарға жібек матадан тігілген киім киюге болмайтынын ескерткен.
- Адамдарды қуанту. Қазақ халқында айттық сұрау дәстүрі бар. Сондықтан да айт мейрамымен құттықтап, айттық сұраған адамды құр қол қайтармайды.
- Мұсылман бауырларын айт мерекесімен құттықтау. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт күніне қатысты: "Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер" - деген.
Ораза айт күні мұсылмандар не істейді?
Ernur.kz сайтының жазуынша, Ораза айттың айналасында көптеген дәстүрлер бар. Оразаның басталуында адамдар бір-біріне "Ұстаған оразаң қабыл болсын!" деп Алла разылығы үшін ораза ұстаған адамдарға жақсылық тілейді.
Ораза кезіндегі өте маңызды дәстүр арнайы зекет беру. Бұл зекет Пітір садақасы. Мұсылман қауымының сол аймақтағы ең аз қамтылған адамдарға, ауру-сырқауларға, кедей-кепшіктерге, қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға жіберетін азық-түлік немесе ақша да болуы мүмкін.
Ораза аяқталғанша үлгеріп жасау керек деген істер
Ораза аяқталғанша ihsan.kz ресурсының пікірінше, мынадай амалдарды орындап үлгеру керек:
Құран оқу. Құранды мағынасын түсіне отырып ережесімен оқу. Егер арабша қаріп танымаймын десеңіз, алдағы санаулы күндер – сіз үшін үлкен мүмкіндік. Еліміздің барлық мешітінен өзіңізге ыңғайлы уақытта құран үйреніп алуыңызға болады. Ежіктеп болса да Құран Кәрімді оқу үлкен сауап екенін естен шығармаңыз.
Нәпіл намаздарын оқу. Әдетте нәпіл намазын 2 рәкағат етіп оқу – сүннет әрі сахабалардың бәрі жасырып жасаған ғибадаттары. Тек мәкруһ болған уақыттан басқа мезгілдерде жақсылап дәрет алып екі бас намаз оқыңыз. Сондай-ақ, сәске уақытындағы духа, түнгі тәхәжжүд намазы, ақшам мен құптан аралығында оқылатын әууәбин намазы, 10 түрлі күнәні кешіретін 4 рәкағаттық тәсбих намаздары да нәпіл құлышылқтардың қатарына жатады.
Өз-өзіңізге есеп беру. Серуендеп жүрсеңіз де, үйіңізде отырсаңыз да өз-өзіңізге "Мен қайдан келдім және қайда барам?", "Алла Тағала менен не қалайды және менің Раббымның алдындағы міндетім қандай?" деген сұрақтарға жауап беріп, өткеніңіз бен бүгініңізге, келешегіңізге көз салыңыз.
Күнәларға тәубе ету. Сәт сайын өткен күнәларыңыз үшін Алладан кешірім, жарылқау тілеп, шынайы тәубе етіңіз. Әсіресе, ұйқыға жатар алдын өзіңізді соңғы рет қол жайып отырғандай сезініп, Аллаға жалбарыныңыз.
Аллаға жиі мадақ айту. Алла Тағалаға шамаңыз келгенше көбірек мақтау-мадақ айтыңыз. Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір қысқа ғана жиында жүзден аса "Субханаллаһ" деп айтқанын риуаят етеді.
Ренжіскен адаммен татуласу. Ренжіскен адаммен татуласу – Рамазан айындағы ең іргелі істердің бірі. Себебі, шайтан бір-бірінен жүзін бұрған мұсылмандардың араз болып жүргенін қалайды. Ал ораза кезінде арада реніш болған адаммен шынайы түрде кешірім сұрасып, татуласқан жөн.
Араздасқанды жарастырып, қаймыққанның көңілін аулау. Араздасқан екі адамның арасын жарастырып, татуласуына себепкер болу да – сауапты іс. Сонымен бірге, уайымы бар адамның жанынан табылып, сабырға шақыру да – теңдессіз жақсы амалдың бірі.
Садақаны көп жасау. Садақаны мейлінше көп жасау, қолыңыздағы барды қиналған адамға, жетім-жесірге, ауыр науқастарға санамай беру және көңілін аулау. Садақаны қалтасы бай емес, көңілі, пейілі бай адам ғана бере алатынын ұмытпаңыз.
Жақын адамдарға зиярат жасау. Ең жақын ағайын-туыс, дос-жаранның халін біліп, мүмкіндігіңізге қарай үйлеріне барып, арнайы зиярат жасаңыз. Көмек қажет болса жәрдемдесіңіз, шүйіркелесіп, жақсы нәрселерді әңгіме қылыңыз.
Діни жиындарға қатысыңыз. Мешітте немесе басқа кез келген ортада өтетін қайырымдылық шараларына, уағыз-насихат, рухани кештерге қатысыңыз. Сондай-ақ, шақырған ауызашарлардан қалмаңыз және өзіңіз де ауызашар дастарқанын жайыңыз.
Бес уақыт намазды жамағатпен оқу. Жамағатпен намаз оқудың жеке оқығаннан артықшылығы көп. Сондықтан, сауаптар 700 есеге дейін артатын қасиетті айда күнделікті парыз намаздарын жамағатпен орындауға тырысыңыз.
Қабірлерге зиярат жасаңыз. Хадисте: "Сендердің ең ақылдыларың – өлімді жиі еске алатындар" – делінген. Сол себепті қабірлерге зиярат жасап, бір жағы бақилық болған жақындарыңыздың рухына дұға бағыштап, өзіңіз де қабір өмірін еске алыңыз.
Жамағаттың көп қоятын сұрақтарының бірі – пітір садақасы. Islam.kz сайты бұған қатысты көптеген сұраққа жауап берген.
Пітір садақаның берілу уақыты
Пітір садаканың берілуі Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болады. Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен қанша кешіктірілсе де, пітір садақа міндетті түрде берілуі тиіс.
Айт күнінен бұрын, Рамазан айы ішіндегі күндердің бірінде де беруге болады. (Халық арасында пітір садакасын Рамазан айының үшінші он күндігінде беру әдетке айналған).
Пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып беру мұстахаб. Өйткені, Пайғамбарымыз пітір садақаны айт намазына шыклай тұрып беретін болған. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер" деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде берілген пітір садақаға қажетті нәрселерін алу арқылы кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауы көзделеді.
Пітір садақасын кімдерге береді?
Құран Кәрімде айтылған зекет берілетін орындерға пітір садақаны да берсе болады. Олар: пақырлар, міскіндер, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендер, құлдарды азат етуге, Қарызға батқандар, Алла жолындағылар.
Пақыр деп нисап мелшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға айтылса, міскін деп түгі жоқ адамдарға айтады. Қарызға батқандар деп карызынан тыс нисап мөлшеріндегі дуниеге ие болмаған адамды айтамыз.
Жолда қалғандар деп негіз тұрғылықты жерлерінде ақшалары бар бола тұра, жолшыбай ақшасыз қалып, еліне жете алмай қалған кісілерді айтамыз.
Бұлармен қатар алыс-жақын туған-туыстары, бауырлары арасындағы тұрмысы нашар кісіге де пітір садақасын беруіне болады. Тіпті аларға беру өзгелерге бергеннен екі есе сауабы көп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: "Садақаны туысына берген адамға екі сауап бар: бірі туыстық сауабы, екіншісі – садақа сауабы, - деген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2079962-oraza-aitta-qyryq-uige-kiru-sart-pa-mereke-turaly-ar-musylman-biluge-tiis-derekter/