Заманауи термелер: көптің көңілінен шыққан дәстүрлі әндер топтамасы
Жарияланған күні:
Терме - қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Терме ғибратты, өнегелі сөздерден құрылады. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. Ерте замандардан бері келе жатқан термелер бүгінгі күні заманауи үлгіде айтылып жүр. Бұл жазбамызда көптің көңілінен шыққан дәстүрлі әндер топтамасын ұсынамыз.
Сүгірдің термесі
Ауылғада Сүгір-ау келді деп,
Ордасын талай-ау сайлаған.
Ақ самаурын, сары құман
Кең дастархан-ау жайнаған.
Ағаларым, енді-ау аман бол,
Келді ме деп-ей жыршыда.
Жеңгелерімде бар еді
Ботадай көздері-ау жайнаған.
Тал шыбықтай-ау бұралған,
Маржандай тістен-ау құралған.
Талайда менің үстімнен
Жырлашы-ай Сүгір деп сұранған.
Жырлашы, Сүгір-ау дегенде,
Талай бір жерлерді жырладым.
Әзіл де тауып кеңінен
Әзілдеуші едім жеңгеммен.
Ал інілерім де бар еді,
Сүгірдей ағам-ау келді деп.
Ат шаптырып-ай, айқайлап,
Хабарда салдырған еліне
Тарқатқан менің даңқымды.
Мәжіліс деп айтады-ау жеріне,
Көңілі құрғыр мастанып.
Біз жүре беріппіз жігіттер
Халықтың берген-ау желіне.
Ал келіндерім де бар еді,
Қайын ағам келдің-ау дегенде.
Реңін мен де көрем деп
Алыстан тұрып-ай болжаған.
Құралын көптің жинаған,
Сызылтып та талай-ау сыйлаған.
Құрбыларым да бар еді,
Қалсайшы-ай, бүгін құрдастар
Жанымды талай-ау қинаған.
Ал қыздарым да бар еді,
Шәй құйып та беріп атамның.
Батихасында алам деп
Саусақтары да майысқан.
Алты да қанат Ақ орда,
Әлі де үміт-ау етермін.
Біздердей бір бала туар деп
Шаршамайтын шабыстан.
Нұртуғанның термесі
Қанекей тілім сөйлеші, көрсетіп көпке өнерді!
Қызыл тілім жөн сөзге туғаннан-ақ шеберді.
Кім тыңдайды сөзімді, болмаса әсем мәнерлі?
Басы пұлды болады, болса жігіт өнерлі,
Дүниедегі жандының бірі артық, бірі төмен-ді!
Алма мойын наз бедеу құмар жігіт мінеді.
Ару ана шалқұйрық бірден де бірге келер-ді,
Балдағы алтын ақ үйрек ерден де ерге көнеді.
Қаражал құлан, ақ шұбар су тұнығын біледі.
Алғыр бүркіт мұз балақ асқар тауда түлейді,
Алтай қызыл ақ тамақ қия шыңда жүзеді,
Жігіттің артық абзалы бір Аллаға сенеді!
Нәсілді ерге мал бітсе, шығарар іштен шеменді,
Нәсілсізге мал бітсе, біткенде сайын төмен-ді.
Қанекей сөйле, қызыл тіл,
Өнеріңді көрем деп жиналып отыр көп енді!
Майлықожаның термесі
Ал білерсің, таңның атарын
Көрерсің күннің батарын.
Кейінгі жұртқа меймансың
Кеткен соң құрбы қатарың.
Керуен кетіп барады,
Нарменен тізіп атқандай.
Жарық дүние аман бол
Тең құрбы өскен қатарым.
Ептеп кісі бай болмас,
Маңдайға құдай бермесе.
Өлемін деп кім ойлар
Ажалы жетіп өлмесе.
Жылағанмен не пайда,
Жиылған жұрт көрмесе.
Жырлағанмен не пайда
Тыңдаушы баға бермесе.
Дүниеге мейман көңілім,
Мақтансам дауа тілерсің.
Өлшеніп берген өмір бар
Уақытыңмен жүрерсің.
Бір күндері-ау қапа боп,
Бір күндері-ау күлерсің.
Бір қалыппен еш пенде
Бітіре алмас үлесін.
Ажал келсе жатқызар,
Маңдайдан басқан ұйқыдай.
Пендені дәулет мас қылар
Қыраудан кешкен жылқыдай.
Бауыры бүтін, бас есен
Сағынар саулық, күлкіні-ай!
Қызықтырған түлкідей
Дүние өтер бір күні-ай!
Жақыннан күдер үзгендер,
Жақынын ұрып, жат қылар.
Жылқыдан күдер үзгендер
Биесін сатып ат қылар.
Жақсы болса ағайын,
Көңіліңді-ау шат қылар.
Жаман болса ағайын
Өзін-өзі жат қылар.
Жаман тоймас мал десе,
Диқан тоймас жер десе.
Ер тілеуін береді-ау,
Ертеде тұрып, "ел" десе.
Ұят - беттің пердесі
Қымбатты ердің зердесі
Майлықожа ақынның
Ыбырат қып айтқан термесі.
Қалағандарың сөз болса
Ақтан Керейұлының термесі
Қалағандарың да сөз болса,
Қалағандарың да сөз болса,
Мен жырлауға да құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын.
Не қылғанмен, дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Екі атысқан жау болса,
Арасында мен панамын.
Мен - ақбауыр кер жорға,
Әдемі басқанда аяғын.
Қарасаң көзіңді жеткісіз
Жылмиып жатқан даламын.
Жортқан атқа жеткісіз
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын.
Күн шығыстың-ай желімен
Ылайлатып ағамын.
Сөйлемеймін мен неге,
Қашаннан да мен өзім.
Заржақ туған баламын
Сөйлесем, сөзді табамын,
Көпшілік сөйле дегенде,
Кідірмеймін жел сөзге,
Кеудедегі білгенді
Алдыңа төгіп саламын.
Қаумалап халқым келген соң.
Селдетпей топан жел сөзді.
Көрінбейін бекер жек.
Менің де айтқан сөздерім
Таңдайына татымас.
Абыл менен Нұрымнан
Дәніккен жұртым шекер жеп.
Мен Адайдың Ақтаны.
Сөйлеген сөзім де тақталы.
Бөгесе бөгет бермейтін,
Қара да таудың ақтары.
Сөйлей-сөйлей берейін,
Сөз жүйесін көрейін.
Мейірлене сөйлесем,
Бұл да өзімнің мерейім.
Сөз дегенің бұйым ба,
Сөйлегенім қиын ба?
Талай да талай сөйледім,
Сатырлаған жиында.
Ойламаңдар, жігіттер!
Жәнібек Кәрменов
Ойламаңдар, жігіттер,
Баста дәурен тұрмайды.
Өтіп кеткен сұм жалған
Қайтып бір мойын бұрмайды.
Адам қонақ өмірге,
Бір күні қолын бұлғайды.
Тірліктің түбі белгісіз,
Ағын бір судай зырлайды.
Опасыз мына дүние,
Тұтқа болған кімдерге?
Өмірдің соңы өкініш
Санамен ойлап білгенге.
Қадірі болмас адамның
Ортаңда тірі жүргенде.
Орны қалар ойсырап,
Бір күні көрге кіргенде.
Қызыл түлкі секілді,
Уақыт сайқал алдайды.
Байлықты қусаң базарлап,
Түбінде саған сол қайғы.
Еңбекпен еккен бәйтерек
Күтімін тапсаң солмайды.
Қулықпен тапқан мал - арам,
Өзіңе қайыр болмайды.
Мансапқа жетсең, адал бол,
Қызмет ет халқыңа!
Әнін тыңда, күйін ұқ,
Басыңды и салтына.
Қарашада қара үй тұр,
Қарайлай жүр артыңа.
Жолдас болма жаманмен,
Көзің жетпей парқына.
Өзіңді біреу мақтаса,
Желігіп, оған тасыма.
Бетіңе айтар адал дос,
Жау деп одан жасыма.
Бәрін де кейін көрерсің,
Іс түскенде басыңа.
Күн үшін жүрген қулардың
Бірі де қалмас қасыңда.
Өмір - базар қайнаған,
Өмірдің тосқан таласын.
Атыңды сайлап бір күні,
Додаға сен де барарсың.
Жеңілсең де, жеңсең де,
Көппенен бірге боларсың,
Жалғыз шықпа сапарға,
Өкініште-ау қаларсың.
Қайырым түбі - даналық,
Жақсылық етпе есеппен.
Аулақ ұста бойыңды,
Әзәзіл жалған өсектен.
Қара жер жұмсақ жамбасқа,
Махаббат жоқ төсектен.
Өкініште өтер өмірің
Қосақталып есеппен.
Пенденің көзі жалғанда,
Дүниеге тоймайды.
Моласына бірақ та
Алтыннан белгі қоймайды.
Бағыңда өскен бәйтерек
Күтімін тапсаң, солмайды.
Арманы биік асыл ер
Ұрпақтың қамын ойлайды.
Мұңайма көңілім, мұңайма,
Тыныштал енді, жүрегім,
Бір күні сен де тоқтарсың,
Оны да жақсы білемін.
Бас имей жүрген тағдырға
Текті бір жанның бірі едім.
Адам боп келдім өмірге,
Адам боп өту - тілегім,
Бәріңе соны тіледім!
Бір көш кетіп барады
Бір көш кетіп барады, көсемі көп,
Тұлпары аз бұл көштің, есегі көп,
Қанағатсыз, тойымсыз, пәс пенделер,
Аларың көп қайейін, есебі жоқ.
Бір көш кетіп барады, батыры көп,
Балтасы бар қолында , ақылы жоқ,
Мырзасынып біреулері мырс-мырс күліп,
Мадақ айтқан қасында "ақыны" көп.
Бір көш кетіп барады, данасы жоқ,
Ілескен жұрт артында панасы жоқ,
Бір бай кетіп барады, кердең-кердең,
Қатыны көп қасында баласы жоқ.
Бір көш кетіп барады, жиғаны көп,
Жұртқа тастап қалғанын сыймады деп,
Ата-анасын зарлатып, еңіреткен,
Ұрпақ кетіп барады иманы жоқ.
Бір көш кетіп барады, түйесі көп,
Мына көштің белгісіз, иесі жоқ,
Бір сөз кетіп барады, желмен ұшып,
Киесі жоқ тыңдайтын, жүйесі жоқ.
Бір көш кетіп барады, күймесі жоқ,
Омырауы ашық қыздардың, түймесі жоқ.
Сақалсыз шал, кемпірлер кимешексіз,
Оймағы жоқ қолында, инесі жоқ.
Бір көш кетіп барады, тілін білмей,
Жаратқанын танымай, дінін білмей.
Бір көш кетіп барады міне осылай,
Бірін білсе жалғанда, бірін білмей.
Қолдаса деп бір Алла елімізді,
Қалған мұра бабадан жерімізді.
Қасқыр намыс, қой мінез, қайран қазақ,
Төгейікші бірлікке терімізді!
Терменің тілі жеңіл, құрылымы қарапайым, мазмұнын кез-келген адам түсіне алады. Десе де әрбір терменің айтар ойы тереңде. Атадан балаға мирас болып келе жатқан терме өнерін насихаттау - бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2079980-zamanaui-termeler-koptin-konilinen-syqqan-dasturli-ander-toptamasy/