Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Соққыға жығылған қазақ қызына араша түскен: қаһарман Қайрат Рысқұлбековтің өмірі туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Қайрат Рысқұлбеков
Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші. Көрнекі сурет: liter.kz

1986 жылдың желтоқсанында Алматыдағы алаңға мыңдаған жас жиналып, тоталитарлық жүйеге қарсы шықты. Олар қазақтың жерін қазақ басқаруын, Колбиннің орнынан кетуін талап еткен еді. Кеңес билігі жастарды алаңнан күшпен қуып, қатігездік танытты. Сол жастардың арасында жасындай ғұмырын құрбан еткен жандар бар. Бұл жазбамызда қазақтың қаһарман ұлы Қайрат Рысқұлбеков жайлы деректер ұсынамыз.

Қайрат Рысқұлбековтың өмірі

Қайрат Рысқұлбеков қай жылы, қай өңірде дүниеге келген? Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік деген шағын ауылда дүниеге келген.

  • 1973-1981 жылдары Шу ауданы, Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта білім алған. Бала күнінде күреспен шұғылданған. Қайраттың әкесі Ноғайбай бақташылықпен айналысқан, анасы Дәметкен сауыншы боп жұмыс істеген.
  • Қайрат Рысқұлбеков мектеп-интернатта сегіз жыл оқып, үздік бітірген.
  • 1981-1983 жылдары Бірлік ауылындағы орта мектепте білім алды. Он жылдықты тәмамдаған соң бір жыл Көктерек совхозында мал баққан.
  • 1984 жылы әскер қатарына шақырылып, екі жыл әскери борышын Амур өлкесіндегі Белогор қаласында атқарады.
  • 1986 жылы мамырда әскерден оралып, сол жылдың тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы қаласындағы сәулет-құрылыс институтына оқуға түскен еді.

Қайрат Рысқұлбековты білетін жандар оның өр мінезі мен жомарттығын еске алады. Қайраттың сыныптас құрбысы Сәлима Исаева өз естелігінде досы туралы былай деген еді:

"Оның тағы бір қасиеті – қолында барын бөліп беретін жомарттығы мен ақ көңілдігі. Бір жағынан, Қайрат адам баласына, әсіресе жапа шеккен, зәбір көргендерге жаны ашып, қолынан келген жәрдемін аямайтын. Өзім кішкентайымнан әкемнің туған апайының қолында өстім. Ол кісінің қайтыс болғанына көп уақыт бола қойған жоқ еді. Мектеп-интернаттың басшылары бір күні оқушыларға киім үлестіре бастағанда, маған пальто мен етік тиді. Сонда мұғалімдер мені шешесі жоқ деп, мүсіркеп беріп отырған шығар деп, көңілім әбден құлазып, мұңайып қалдым. Бұл 6 - сыныпта болатын. Сол кезде Қайрат менің қасыма келіп: "Сәлима, сен бұған ренжіме, бұл киімдерді түсіне білсең, ата-анаңа көмек ретінде беріп отыр ғой", деп жұбатқаны әлі есімнен кетер емес".

Қайрат Рысқұлбековке берілген жаза қандай?

sputnik.kz сайтында жарияланған "Түрмедегі соңғы күн: Қайрат Рысқұлбековтің өліміне кім кінәлі?" мақаласында берілген деректерге сүйенсек, 1987 жылдың 1 қаңтар күні түс кезінде полиция Қайрат Рысқұлбековты нағашы ағасы Мәйдібек Асанбаевтың үйінен ұстап әкетеді. Куәгер ретінде сұралады деген желеумен оны сол күні Алматыға алып кеткен көрінеді.

1987 жылдың 25 мамырында Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Түгелбай Тәшенов пен Қайыркелді Күзембаевқа қатысты сот процесі басталып, 16 маусымға дейін созылған.

Төртеудің соты
Қайрат Рысқұлбековтың соты. Көрнекі сурет: islam.kz

Қайрат Рысқұлбеков отбасына жазған хатында бір милиционердің қазақ қызын жығып, шашынан сүйрегені үшін жабыла сабағандарын жазған. Алайда тергеушілер құйтырқы айла-шарғы қолданып, оны адам өлтірді деп айыптайды.

18 желтоқсан күні түскі он бір жарым мен он екінің аралығында мемлекеттік телеорталықтың жас инженері Сергей Савицкий ауыр соққы алып, 19 желтоқсанда ауруханада көз жұмды. Куәгерлер бұған Қайратты кінәлаған.

Тергеушілердің айыптау қорытындысы бойынша Қайрат Рысқұлбеков 18 желтоқсан күні түскі он екілер шамасында Савицкий деген жасақшыны бір топ баламен тепкінің астына алып, аяусыз өлтірген. Ал Рысқұлбеков соңғы демі шыққанша өзінің ақтығын айтып, сөзінен танбады.

1987 жылы 16 маусымда Алматыда шығарылған соттың шешімі бойынша Қайрат Рысқұлбеков 18 желтоқсан күні қалың топпен бірге 9 автокөлікті өртеп, 152 машинаны зақымдаған. Одан бөлек 326 милиционер мен 196 солдатты жаралап, ауруханаға түсіруге қатысқан. Мемлекетке 302 мың 644 сом зиян келтірген. Сол үшін оған ату жазасы берілген.

Қайрат Рысқұлбековке қандай айып тағылды? 1987 жылы Қайрат Рысқұлбековке Савицкийді өлтірді деген айып тағылып, өлім жазасына кесілді. 1988 жылы 23 сәуірде ату жазасы өзгеріп, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Бұған Горбачевқа 17 елдің басшысы хат жазып, 21 жастағы жігітке бұл жазаның тым ауыр екенін айтуы себеп болған. Араша түскендердің арасында Мұхтар Шаханов та бар.

Ал шын мәнінде Қайрат Рысқұлбеков соққыға жығылған қазақ қызына араша түскен еді.

1986 жылдың 18 желтоқсаны, сағат таңғы сегіз жарым шамасында Қайрат Рысқұлбеков екі мыңға жуық студентпен бірге алаңға шығады. Арада 15 минут өткен соң полиция жасағы жастарға шабуыл жасайды. Жиналған жастар жан-жаққа қашқан. Қайрат Рысқұлбеков бастаған топ К.Байсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты көтеріп алады. Қолына таяқ ұстаған Қайратты бәзбіреулер суретке түсіріп алған.

Арада біршама уақыт өткен соң Қайрат аграрлық институттың жатақханасында тұратын туысына барып тамақтанып алмақ болады. Қайрат жатақхана алдына келгенде сағат түскі он бірден асқан еді. Осы кезде ол бір полицейдің қазақ қызын соққының астына алып жатқанын көреді. Қайрат достарымен құтқаруға жүгіргенде, ол қашып кетіпті.

18 желтоқсан күні Абай-Ленин даңғылдарының қиылысында Қайрат пен Ертай (Желтоқсан оқиғасына қатысқан) сағат он екіде бірге жүрген достарынан адасып, Ленин даңғылымен солтүстікке қарай жүріп келе жатқан. Сол сәтте біреулерді аңдып тұрған полицейді көріп, бас салады. Оны бірінші Қайрат ұрады, артынан Ертай да тепкілеген. Таяқ жеген сақшы тек жеңіл жарақат алған. Қайраттың Желтоқсан көтерілісі кезінде жасаған бар қылмысы - осы.

Ақтық сөз

Қайрат Рысқұлбековтің сотта оқыған өлеңдері кім арқылы жетті? Қайрат Рысқұлбеков сотта екі өлең оқыған. Оның бірі "Ей, прокурор!" деп басталатын түрмедегі ахуалын баяндайтын өлең болса, екіншісі елімен қоштасуын білдіретін "Ақтық сөзі" еді. Қайрат Рысқұлбековтың өлеңдері белгілі саясаттанушы Дос Көшім арқылы жетті. Себебі дәл осы сотта Дос Көшім тілмәштық қызмет атқарды.

"Сот төрағасы Ефим Грабарник деген еврей "Өлеңді аударып бер!", - деген. Сонда Дос Көшім: "Өлең аударылмайды! Ол әке-шешесімен қоштасу үшін жазылған!" - деп жауап берген.

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген.

Арғымақ мінген жаратып,

Ақ сауыт киген темірден

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!

Ұлы Ленин бабамыз

Қатарға тең деп тартқан соң,

Компартия басқарып,

Достық отын жаққан соң

Аға дедік орысты

Әділдігі жаққан соң.

Ал енді қазір неткен күн

Орыстан ынсап кеткен күн.

Тізесі қатты батқан соң,

Шыдамастан ақыры

Қарғыс атқан Алаңда

Қарғыс атқыр туған күн.

Қаймана қазақ қамы үшін,

Қарусыз шықтық Алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлессем даусым жетпейтін,

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой

Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,

Екі жүзің ұрылып,

Екі жүзің сотталып,

Жоқтаусыз кетіп барасың.

Қатарым жусап қалғанда

Қыршынымнан қиылып,

Солармен бірге өлсемші-ай!

Артта қалған ата-анам

Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,

Жоламай ешкім қасыма.

Бара қалсаң, сәлем айт

Сырттағы құрбы-досыма!

"Ақтық сөзің не?" деген

Бүгін қойды сот сұрақ.

Айтайын оны халқыма:

Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы

Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айрылып,

Арақтан ұрпақ азбасын.

Ел көркейтер азамат

Қызғаныштан тозбасын.

Абай туған жерінде

Бомбасын атом жармасын.

Құлпытасты қиратып,

Өлігіңді қазбасын.

Өз ұлтының басшысын

Орнынан сүйреп алмасын.

Үміт еткен Мәскеуден

Қарадай көңіл қалмасын.

Ленин салған сара жол,

Қолдаушысыз болмасын.

Барлық ұлтпен тең болып,

Ешкімнен көңілің қалмасын.

Ендігі жерде басыңнан

Бірлік пен бақ таймасын.

Осы айтылған ақтық сөз,

Туың болсын әрдайым.

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын,

Басыңа түскен қатердің.

Ақтық сөзді енді мен

Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

"Еркек тоқты құрбандық",

Атам десең, атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген, қош бол, таңдарым,

Көре алмай мен өтермін.

Хош аман бол, артымда,

Ағайын, туған азамат.

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым, саған аманат!

Қайрат Рысқұлбеков кітабы
Қайрат Рысқұлбековтің кітабы. Көрнекі сурет: abai.kz

Қайрат Рысқұлбековтың соңғы хаты

Қайрат Рысқұлбеков бұл хатты 1988 жылдың 21 мамырында жазған.

"Амансыңдар ма, ардақты асыл анашым, бауыр-ет бауырларым, қадірлі қарындастарым, ақ пейіл жеңешем мен келінім және балдай тәтті қос бөбектерім!

Сендердің денсаулық, көңіл-күй, тұрмыс-тіршіліктеріңді сұрап не қылайын, бәрібір маған оны естіп-білу сормандайыма менің қу тағдыр жазбайын деп отыр.

Әйтеуір бұ дүниеде де, о дүниеде де ақ таза жүрегіммен бар тілейтінім – өздеріңнің әрқашан да аман-сау, ардақты адам болуларың.

Ендігі өздерің де естіп-біліп, үлкен қуаныш үстінде боларсыңдар. Сонда да басынан аяғына дейін өз қолыммен жазайын. Бар қасірет, мұң-зар, бақытсыздық, қырық қырсық мен сорлы бейшара, бейкүнәнің басына қашан, қалай, қай уақытта, не себепті қандай арамза жолдармен келгені өзімнен басқа, сіздерге де белгілі болар деп ойлаймын. Сіздер толық анығын білмесеңдер де, Талғат бәрін түгел біледі, мен оған бар сырымды еш жасырмай жазғанмын. Оның маған жазған жауабы, бауырлық ретінде берген уәде, серті: «Аман-есен Отан алдындағы өз міндетімді адам баласына лайықты абыроймен өтеп, туған үй, ошақ басына оралған соң, мейлі үш жыл өтсін, мейлі отыз жыл өтсін, бәрібір мен ақиқат – шындыққа түбі бір жетемін. Тек қана адал жолмен жетемін», деп жазған еді. Әрине, мен Талғатқа толық сенемін. Оның айтқаны айтқан, айтқан сертінен қайтпайтынын өз басым, оның бауырлық ақ ниетіне, ағасының жоғын жоқтауына шексіз алғысымды білдіремін!!! Оған сәлем жолдап, айтыңыздар: "Мен сорлыны толық жан-жақты түсініп, мен бейшараны кешірсін".

Өздеріңізге әбден белгілі, яғни мен сорлының жазықсыздан-жазықсыз, адам тұрмақ тышқан мұрнын да қанатпай сорлағанымды, темір торға торланғанымды, одан қала берді, түйменің көзіндей тесікке түйедей жала жабумен ақыры, ату жазасын алғанымды.

…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып "күл болмасаң, бүл бол" деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық "намыс" баршылық. Оның үстiне "қыздың жолы жiңiшке" деген.

Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз, я болмаса тұяғын көтермейдi. Ал, бiз бәрiмiз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтерiп, қол жұмсауға тиiс емес, әуелi еш правосы жоқ. Мiне, қысқаша айтқанда, осындай түсiнiкпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бiр көмегiмдi бергенiм де рас. Ол үшiн әлi күнге дейiн еш өкiнбеймiн, керiсiнше, үлкен мақтаныш тұтамын.

Бiрақ та, бiр Құдай өзi куә, адам баласын еш өлтiргенiм жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзi, сормаңдай менiң қолымнан келмейдi. Еш уақытта, ешқашан да… Ал, әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана".

Алаңдағы жастар
1986 жылы алаңға шыққан жастар. Көрнекі сурет: islam.kz

Қайраттың жұмбақ өлімі

Қайрат Рысқұлбеков соттың үкімі шыққан соң сол кездегі ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейтін Свердловскідегі түрмеге жіберіледі. Алайда белгісіз себептермен оны жолдан түсіріп, Семейдің түрмесіне жеткізген. Қайраттың Семей түрмесінде қалай көз жұмғаны осы күнге дейін құпия күйінде қалып отыр.

Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы 21 мамырда Семей түрмесінде көз жұмды. Семейде жерленген.

Кеңес тергеушілері Қайрат үшін 20 жыл түрмеде отыру ату жазасымен тең, сондықтан ол камерадағы қылмыскердің жейдесіне асылып өлді деп сендірген. Алайда кейбір саясаткерлер Қайрат өз-өзіне қол салды дегенге әлі күнге дейін күмәнмен қарайды.

Қайрат Рысқұлбеков қай жылы ақталды? Қайрат Рысқұлбеков 1992 жылы толығымен ақталды. Оған "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2080247-soqqyga-zygylgan-qazaq-qyzyna-arasa-tusken-qaharman-qairat-rysqulbekovtin-omiri-turaly-ne-bilesiz/