Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл Жабаевтың тағдыры: жыр алыбы туралы жеті дерек

Жарияланған күні:

Жамбыл Жабаев
Жамбыл Жабаев. Фото: gov.kz

Ұлы ақын Жамбыл Жабаев "ХХ ғасырдың Гомері" атанған қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырды. Оның өлеңдері туған жерге деген терең сүйіспеншілікке, ыстық патриотизмге және теңдесі жоқ даналыққа толы, әлі күнге дейін оқырманның жүрегін жаулап, қанат бітіреді. Бұл мақаламызды Жамбыл Жабаевтың тағдырына қатысты кейбір ел білмес деректерге арнауды ұйғардық.

Жамбыл туған жер

Жамбыл Жабаев 1846 жылы Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Бұл жер туралы аңыз-әңгіме көп. Бірақ нақты дерек іздегенімізде, оны қазақ ақыны Тайыр Жароковтың "Дарын табиғаты" атты мақаласынан таптық.

Жароков 1937 жылдың күзінде Москваға бара жатқандағы оқиғасын былай баяндаған.

"Жәкең поездың үстінде, доңғалақтың бір қалыпты тықылдағын тыңдай отырып, әңгімесін жол-жөнекей шерте берді:

"Мен 1846 жылы Шу өзенінің манындағы Жамбыл деген таудың етегінде қарлы қыста, қақаған аязда туыппын. Төбесінде жамбы тектес тасы болғандықтан тау аты Жамбы аталып кеткен екен. Ол Жамбы ертеде аса қадірлі қонаққа сыйға тартылыпты. Немесе жарыста озып келген аттың бәйгесіне тігіпті, әлде жеңген палуан алыпты, немесе айтыста озған ақынға беріліпті деген аңыздар бар. Әйтеуір ата-анам сол таудың атымен мені Жамбыл атап кетіпті".

Ақынның туған жері айналасындағы көп әңгімеге тобықтай түйін осы болса керек.

Жамбыл Жабаев
Шара Жиенқұлов, Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова. 1936 жыл, Мәскеу. Фото: Ақын атындағы музей

Жамбыл жүйріктігінің бастауы неден алады

Бала кезінен Жамбыл ерекше әдеби талантын және білімге деген құштарлығын көрсетті. Әдебиет зерттеушісі Мырзатай Жолдасбеков "Жүз жыл жырлаған жүрек" атты мақаласында Жамбылдың өнері қайдан бастау алатынына жан-жақты тоқталған.

"Жамбылдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан басталады", - деген зерттеуші оның үлгі тұтқан тұлғаларын да келітіп өткен:

"Жас ақын Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды да көп айтады; бірақ ол ешқашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл-қалжың өлеңдерді көбірек шығарған. Жарапазанды сылтауратып, жас ақын бірде әйгілі Сүйінбайдың аулына келіп, Сүйекеңнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды. Сүйекең жалықпай тыңдайды. Аттан түсіріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапанын жабады.

Асқар Алатаудай ұстазының сынынан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе бастайды. Жамбылдың үлгі-өнеге алған мектебі - салт өлеңдер мен бір ғана Сүйінбай емес, ол сонымен бірге Шөже, Майкөт, Бақтыбай, Түбек, Жанақ, Құлмамбет, Майлықожа, Құлыншақ, Тілеміс, Қылышбай тәрізді іргелі ақындарды да өзіне өнеге, өріс санайды", - делінген мақалада.

Жамбылдың өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі ерте оянған. Өзінің айтуынша, 13 жасынан бастап ақын болуға бекем бел байлайды. Дүмше молдадан оқығанша, "домбыраны қолға алам" деп, әкесінен рұқсат сұрайды. Жас талаптың Жетісу өңірінің даңқты ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады.

Бірде 14-15 жастардағы Жамбыл жарапазан айтуды сылтауратып, Сүйінбай ауылына келеді. Үйінің сыртында ат үстінде тұрып, жарапазанға жалғастыра өз жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды.

Бұл дерек ресейлік және совет лингвисі әрі әдебиеттанушы, профессор Виктор Жирмунскийдің 1962 жылы басылып шыққан "Народный героический эпос" еңбегінде баяндап жазылған.

Жирмунский қос тұлғаның кездесуін қазақтың әдебиеттанушы ғалымы Есмағамбет Исмаиловтың 1957 жылы басылған "Ақындар" деп аталатын еңбегіне сілтеме жасап баяндайды. Сол зерттеуге сенсек, Жамбыл Жабаев Сүйінбай ұстазына бірінші рет 15 жасында барған. Сонда бұл 1861 жыл. Бұл кезде Сүйінбай 46-да.

Жамбылдың тұлғалық қасиеттері қандай

Жазушы Сәбит Мұқанов "Ұлылық сыры" деп аталатын мақаласында мынадай адами болмысын жазыпты:

  • 1. Жәкең радио тыңдағыш еді. Қөңілін қозғайтын бір хабарды Жәкең естісе, хатшыларынан немесе маңайына көп үйірілетін мектеп оқушыларынан сол естігенін толығырақ баяндауын өтінетін. Содан кейін, естіген жаңалығы көңіліне әбден қонған соң, жырлауға кірісетін.
  • 2. Жәкең газет оқытуды ұнататын еді және нендей қызық жаңалығы бар? - деп сұрар еді. Хатшыларының бірі, мектеп оқушылары, я сауатты колхозшылар оқып берген газеттен өзінің көңілін козғаған жаңалықты жырға айналдырар еді.
  • 3. Жәкең 97 жасына дейін атқа салт мініп жүрді. 1942 жылға дейін салт атпен Алатаудың биігіндегі Құлансаз деген жайлауға да шықты.

Жамбыл мінген ат

Сол мақаласында Жамбыл Жабаев мінген ат туралы да тәптіштеп жазылған:

"– Машинаға мініп жүрміз ғой, - деді Жәкең 1936 жылдың жазында, үйіне сәлем бере барып отырған үкімет адамдарына, - бірақ оның тас жолға, құрғақ жолға, жазық жолға жүйрік екен.

Мен өзім – таудын биігін жайлап өскен кісімін. Оған шықпай көңілім көншімейді. Машина бергендеріңе тәңір жарылқасын, енді маған жақсы ат тауып беріңдер, өзі жорға, өзі жуан, өзі жуас ат болсын.

Жәкеңе ондай ат табылды. 1936 жылдың жазында өкімет сатып әперген күрең жорғаны Жәкең тауға 1941 жылдың күзіне дейін мінді, ауыл арасына 1944 жылға дейін мініп жүрді. Бұл атты еске алып отырған себебіміз, Жәкең салт жүріп, табиғаттың көрінісі мен құбылысын, колхоздың даласында жайылған малдарды, егінмен байланысты еңбектерді көруге құмар еді де, сезімін қозғаған көрініс пен істі жырға айналдырар еді. Жәкеңнің қасына ергендер алуан тақырыпта оның аузынан талай тамаша жырлар естіді, бір-ақ өкініш – олардың көбі жазылып алынбады, ат үстінде жазып алуға мүмкін де болмады".

Жамбылдың дәрігері кім

"Ұлылық сыры" мақаласында Сәбит Мұқанов ұлы ақынның дәрігері туралы, ақынның денсаулығы туралы да жазып шыққан.

Мұқанов 1940 жылдың бер жағында Жамбыл ақын "кәрілікке мойындай бастады" деп жазған. Бұл ақынның 94 жасындағы жағдайы.

"Ер жасы – жүз" деп еді, - дейтін болды содан кейін Жәкең, - жүзге де ілуде біреу-ақ келетін еді, сол жүзді алқымдап қалдым, балалар, көздің қарашығы бұлдырап барады, көз алдымдағы кісі кісі емес, оның көлеңкесі сияқтанатын болды; оң құлағым жабылды, сол құлағым әрең естиді; бірер жыл бұрын атқа мінетін басым, енді орнымнан кісі сүйемесе тұра алмаймын; осы айнала тонаудың арты қайда соққалы келе жатқанын білесіңдер ме, балалар? "Ата-ананың жоралғысы" жақын, балалар. Шырақтарым, қамдана беріңдер...", - депті сонда ақын.

Мұқановтың жазуынша, Жәкеңнің үйінде тұрып денсаулығын карайтын дәрігер Рахымбек Досымбековтен басқа, 1936 жылдан бастап Жәкенді үнемі бақылап отыратын Қазақстандағы атақты дәрігердің бірі X. Барлыбаев болатын. Мұқанов "Х.Барлыбаев" деп отырғаны Хабиб Ақтай Барлыбаев – терапевт, медицина ғылымдарының кандитаты, ҚазКСРО еңбек сіңірген дәрігері, ҚазКСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

"Оның айтуынша, Жәкеңнің өзге денесі қартайғанмен, жүрегі – жас, оның жүрегі 100 жасты еркін көтереді. Жәкеңнің денсаулығын жеке қарау – Алматы қаласындағы қазіргі Министрлер Советі ауруханасының міндетінде болды, деп жазады Мұқанов.

"Осы аурухананың тәжірибелі дәрігерлері Барлыбаев және Зотов жолдастардың бақылауымен, Жәкең дүниеден өткенше, диеталы тағам даярлап беретін Фатима Файзрахманованы Жәкең аса жақсы көріп, "мені емізген екінші шешем – осы", - деп, қалжыңдап отыратын еді", - деп естелігін бөліскен жазушы.

Жамбылдың балалары мен "бір төбесі"

Жазушы мақаласындағы дерек бойынша баяндасақ, Жәкеңнің өз белінен алты ұл болған: Қожамберді, Қожаш, Аққұлы, Ізтілеу, Алғадай, Тезекбай. Бастапқы екеуі ертерек өліпті. Соңғы тірі төртеуінің екеуі – Ізтілеу мен Алғадай армия қатарына алынды. Майданда Алғадайдың көрсеткен ерліктерін айтып бөлім бастығы хат жазғанда, Жәкең аса қуанды.

1942 жылдың күзінде Алғадайдың өзі әкесіне хат жазып, ерлік қимылдарымен таныстырады. Соған қайтарған жауабында Жәкең:

Хатынды, балам, оқыдым,

Қалынды білдім сапардан.

Қуанып саған отырмын,

Гвардеец атанған.

Сұраншы, Саурық секілді

Болыпсың, балам, каһарман... - деп ерлігіне сүйіне отыра:

Есіңде, балам, бар шығар,

Айтқаным Отан әмірін,

Шегінбе жаудан, жанды сал,

Шешілмек содан тағдырың! - деп, баласына әлі де болса, рух бере түседі.

Бұл жырын Жәкең: Достарыңа сәлем айт! Жауларынды жеңіп қайт! - деген тілекпен бітіреді. Жәкең Алғадайды аса жақсы көріп: "Өзге балаларым – бір төбе, бұл – бір төбе", - деп отыратын еді. 1943 жылдың жазында Жәкеңнің сол аса жақсы көретін ұлы Алғадайдың ерлікпен қазаға ұшырауы туралы хабар келді.

Аулына барып, бұл хабарды Жәкеңе Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі бастаған комиссия естіртті. - Әттең, дүние-ай! - деді ұзақ уақыт сазарып отырып қалған Жәкең, басын көтеріп, - бұл қайғыны қалай көтерем енді?

Қайғы Жәкеңе аса ауыр соқты. Алғадай майданға аттанғаннан 7 күн кейін әйелі Жәмеш босанып, ұл тауып, Жәкең оның атын Қуаныш қойған. Алғадайдың өліміне бүгіле қайғырған Жәкеңнің бір жұбанышы осы Қуаныш болды. Ол туралы Жәкең былай дейді:

Ал, Қуаныш, Қуаныш,

Сені етейін жұбаныш.

Алғадайым өлгелі

Боп кетіп ем жылағыш.

"Ата, ата", - деп келсең,

Айналайын, алайын.

Ақ бетіңнен өпкен соң,

Жүрегімді жамайын.

"Жамайын" дегенмен, Жәкеңнің қайғыдан жыртылған жүрегі жамалмады. Ол енді құлдырай қартайды. 1944 жылдан бастап, көзі көруден, құлағы естуден қалды (Сол құлағы ғана әлсіз естіді), кісі сүйемей, төсектен басын көтере алмайтын болды.

Жамбыл Абайға қандай баға бергені туралы

Бұл деректі біз Мырзатай Жолдасбековтің "Жүз жыл жырлаған жүрек" атты мақаласынан тауып алдық. Қысқаша болса да, маңызды деп таныдық.

"Абай қандай ақын? - деп сұрапты бірде әдебиетшілер Жамбылдан.

- Абай ақын ғана ма, ол – ғұлама, қазақтың данышпаны, пайғамбары емес пе? - деп жауап берген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2082797-zambyl-zabaevtyn-tagdyry-zyr-alyby-turaly-zeti-derek/