1 мамыр – бірлік күніне арнап қандай іс-шара ұйымдастыруға болады
Жарияланған күні:
Қазақстан – көптеген ұлт пен ұлысқа пана болған ел. Түрлі ұлт өкілін бір тудың астына біріктірген қазақ жерінде 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні деп аталып өтеді. Бұл жазбамызда бірлік күніне арналған ең үздік іс-шаралар топтамасын ұсынамыз.
Қазақстан халқы бірлігі күні қай кезден бері аталып өтеді?
Қазақстандықтар жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл мереке 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, мейрам 1996 жылдан бастап кеңінен тойланып келеді. "Мерекелер туралы" ҚР Заңында ол мемлекеттік мәртебеге ие, сол себепті бұл күн елде ресми түрде демалыс күні деп бекітілген.
Қазақстанда 1 мамыр қалай аталып өтеді? Бұл күні еліміздің әр өңірінде тұратын халық арасында ұлттық киімдер киіліп, ән айтылады, би биленеді, ойындар ойналады. Халықтар достығы мерекесінің мақсаты – бір елде өмір сүретін түрлі ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін бір-біріне таныстыру арқылы бірлікті нығайту, ұлт тұтастығын берік ету болса керек. Осыған орай:
- 1 мамырда Қазақстанның түкпір-түкпірінде өнер адамдары мен шығармашылық ұжымдар қатысатын мерекелік концерттер өтеді, әр қалада мерекелік іс-шаралар, жәрмеңкелер ұйымдастырылады, байқаулар мен шерулер болады.
- Түрлі этностың мәдени орталықтары көрмелер, байқаулар, фестиваль ұйымдастырады. Бұл қазақстандықтарға өзге ұлттардың мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін таныстыруға мүмкіндік береді.
1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблея қазақстандық бірлік моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастар саласындағы барлық құрылымдардың жұмысын, оның ішінде еліміздің барлық өңіріндегі этномәдени бірлестіктерді дамыту жұмысын үйлестіреді. Ал мәдени орталықтар Қазақстан қалалары мен елді мекендеріндегі бірлік күніне орай өтетін салтанатты іс-шаралардың негізгі ұйымдастырушысы болып саналады.
1 мамырға байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастыруға болады?
Әдетте 1 мамыр мейрамында көпшілік арасында мерекелік концерттер мен шаралар өтеді. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қызықты әрі тағылымды шаралар өткізуге болады. Атап айтқанда:
- Кітап көрмелері. Кітап көрмесі – кез келген шараның көркін кіргізеді. Ел тарихын баяндайтын кітаптардан құралған көрме көпшілікті қызықтырмай қоймайды.
- Ән, би байқауы. 1 мамыр мейрамын ән мен бисіз елестету мүмкін емес. Ал өнерпаздар арасында жарыс ұйымдастыру көптің көңілінен шығатын шаралардың бірі болатыны сөзсіз.
- Бейнероликтер байқауы. Заманауи технологиялар дамыған қоғамда бейнероликтердің маңызы бар. Жастар арасында бейнероликтер байқауын ұйымдастыру арқылы олардың шығармашылығын шыңдауға болады.
- Балалар арасында сурет байқауы. Балалардың әлемі тап-таза. 1 мамырда балалар арасында сурет салудан байқау ұйымдастырып, мына әлемге олардың көзімен қарауға болады.
- Үздік шығармалар байқауы. Қаламды серік еткен жандар үшін шығармалар байқауы ерекше серпін беретіні анық. Мұндай байқауларға мамырдағы мерекелерді тақырып ретінде арқау етуге болады.
- Қайырымдылық марафоны. Мереке қарсаңында әрбір өңірде қайырымдылық марафонын ұйымдастыруға болады. Мысалы жалғыз тұратын қарттарға, денсаулығы нашар жандарға, тағы да басқа мұқтаж адамдарға көмек қолын созатын шаралардың пайдасы зор.
- Спорттық эстафеталар. Әдетте көктем мезгілі – жүгіру марафондарының басталатын уақыты. Әсіресе мамыражай мамыр айы спорттық жарыстар өткізу үшін ең қолайлы кезең болмақ. Мұндай эстафеталар бұқаралық спортты дамытуға үлес қосады.
1 мамыр күніне орай мектеп оқушылары арасында қандай ойындар ұйымдастыруға болады?
Әлемнің 160-тан астам елінде 1 мамыр "Еңбек күні" ретінде аталып өтеді. Осыған орай жастарды еңбекке баулу мақсатында мектеп оқушылары арасында түрлі ойындар ұйымдастыруға болады. Поздравок сайтында жарияланған бірнеше ойын түрін ұсынамыз:
"Еңбекқор бала" ойыны
Әрбір қатысушының алдында бірдей қылып үрленген шарлар тұрады, бірдей көлемдегі шелектер және балаларға арналған күректер қажет. Ойын басталғанда қатысушылар күрекпен шарларды шелектеріне сала бастайды. Ал бұлай жасау оңай емес. Жылдам орындаған команда жеңімпаз болады.
"Жарқын болашақ пирамидасы" ойыны
Әрбір қатысушы бір рет қолданылатын шыныаяқтардың бірдей жинағын алады. Ойын басталған кезде қатысушылар шыныаяқтарды симметриялы түрде таратып, пирамида сала бастайды. Мысалы төменгі жағында 9 ыдыс, жоғарыда 8, содан кейін 7 деп тізіліп кете береді. Пирамидасын басқаларға қарағанда тезірек салып, тапсырманы мұқият орындаған қатысушы жеңімпаз атанады.
Тапқырлық сайысы
Тапқырлық сайысында әрбір қатысушыға тапсырма беріледі. Олар "Әлем. Еңбек. 1 мамыр" сөздеріне байланысты кез келген сөзді айту керек. Мысалы жер шары – бейбітшілік, ақша – еңбекақы, сирень гүлі – мамыр. Бұдан бөлек көк аспан – әлем, кірпіш немесе кез келген құрал-сайман – еңбек, бал немесе ақындардың мамыр айымен байланысты өлеңдеріндегі сөздер 1 мамырға қатысты болу мүмкін. Бұл жерде қатысушының қиялына шектеу жоқ. Үздік қатысушыны басқа оқушылардың қол шапалақтауы арқылы таңдауға болады.
Қазақстан халқының бірлігі күні – татулық пен ынтымақтың көрінісін көрсететін мейрам. Бұл күні қазақ елінде өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыс достығын арттырып, Отанға деген сүйіспеншілігін паш етуі керек. Ал көпшілікті бір арнаға тоғыстырып, бірлікті насихаттаған кез келген шараның қызықты өтетіні сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2087846-1-mamyr-birlik-kunine-arnap-qandai-is-sara-uiymdastyruga-bolady/