ШҚО-да "серуендеп жүрген" қоңыр аю видеоға түсіп қалды
Жарияланған күні:
ШҚО-дағы Марқакөл қорығында қоңыр аюдың "серуендеп жүргені" камераға түсіп қалды. Мамандар көктем мезгілі қоңыр аюдың оянатын уақыты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Марқакөл қорығының Instagram-дағы ресми парақшасында жазылғандай, қорық аумағында тіршілік ететін аюдың қысқы ұйқысы 5-6,5 айға созылады. Аю шамамен наурыздың аяғында және сәуірдің бірінші жартысында апанынан шығады.
Сондай-ақ Марқакөл маңындағы аюлардың негізінен өсімдікпен қоректенетіні де айтылады.
"Жыртқыш көлемімен және мықтылығымен таңғалдырады. Бір ересек түрінің салмағы 300-500 килограмға дейін жетеді, ал денесінің ұзындығы екі метрге дейін жетеді. Аюдың аталығы аналығына қарағанда шамамен екі есеге үлкен болады. Қоңыр аюлар 25-30 жылдай тіршілік етеді", - делінген қорықтың жазбасында.
Сонымен қатар, саябақ қызметкерлерінің айтуынша, аюдың қыста түгі тығыз, қалың әрі ұзын (ұзындығы 10 см-ге дейін жетеді), ал жазда түгі қысқалау болады және ашық түске боялады (жазда түгі кей кездері тіпті күйіп кетеді).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2093159-shqo-da-seruendep-zhurgen-qongyr-aiu-videoga-tusip-qaldy/