Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Аяқ киімді қалай дұрыс сақтаймыз: 10 әдіс

Жарияланған күні:

Тізілген аяқ киімдер
Ер адамдардың аяқ киімдері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жақсылап күтім жасалған аяқ киімдер ұзақ уақыт киіледі. Дұрыс күтілген кез келген аяқ киім бастапқы қалпын сақтайды. Үй шаруашылығы бойынша сарапшылар Мария Сибилла мен Мэри Корнетта аяқ киімді қалай сақтау керектігін түсіндірді.

Қорап

Жаңа аяқ киім арнайы қорабымен бірге сатылады. Сатып алғаннан кейін қорапты тастамаңыз, оларды аяқ киімді әрі қарай сақтау үшін пайдаланыңыз. Маусым аяқталғанда таза, құрғақ аяқ киімді бір-біріне тигізбей, жұмсақ матаға ораңыз. Содан соң келесі маусымға дейін қорапқа салып қойыңыз. Сол кезде аяқ киім мыжылмайды, пішіні өзгермейді. Ақ киіміңізді қажет кезде жылдам табу үшін әрбір қораптың сыртына жазып қойыңыз.

Аяқ киімді балконға сақтауға бола ма? Егер балкон жабық болса онда сақтауға болады. Аяқ киімді қорапқа салып, беті жабылатын шкафта, сөренің төменгі жағына қойыңыз немесе балконның бір бұрышына қойсаңыз болады.

Аяқ киімге арналған пластик контейнерлер

Бөлме температурасында аяқ киімнің бетін шаң басып, тез құрғайды. Туфли, бәтеңке және етіктің былғарысын бірқалыпты етіп сақтауға болады. Үй шаруашылығы бойынша сарапшы Мария Сибилла аяқ киімді пластиктен жасалған контейнерлерде сақтауға кеңес береді. Онда аяқ киімдер ұқыпты көрінеді әрі өлшемдері бірдей болғандықтан көп аяқ киім сақтауға мүмкіндік бар.

Контейнерлерде ауа айналып тұру үшін желдету тесіктері болады. Топсалы қақпақтары бар мөлдір түсті пластик қораптардан қажет аяқ киімді оңай таба аласыз.

Пластик контейнерлер
Пластик қораптарға салынған аяқ киімдер. Көрнекі сурет: iStockphoto

Сөрелердегі орын

Үлкен үйден немесе пәтер ішінен әрқашан бос орын табылады. Бұл баспалдақтың астында, қойманың жанында немесе бөлмелер арасындағы өтпелі жерде болуы мүмкін. Маусымдық аяқ киімді сақтау оңай. Үй шаруашылығын жүргізу бойынша сарапшылар Джессика Чернер мен Кейт Макгрегор баспалдақ астына аяқ киім сөрелерін қосуды қарастырады. Баспалдақтар ағаштан жасалған болса, сөрені тақтайдан жасаған дұрыс. Әдетте сөрелерге үнемі киілетін аяқ киімдер қойылады. Барлығы ұқыпты және әдемі көрінуі үшін әрбір аяқ киімді бері қаратып немесе өкше тұсын алға қарай қойып бірдей орналастырған жөн.

Органайзер

Еденде тұрған аяқ киімдер әрі-бері кіріп-шыққан кезде кедергі келтіреді. Дәлізде аяқ киімді қалай жинауға болады? Оларды ілінетін органайзерге салыңыз. Органайзерді шкафтың ішкі есігіне немесе сыртқы жағындағы бүйіріне іліп қоюға болады.

Органайзердің матадан жасалған немесе пластик қалталары бар түрлері болады. Онда балалардың аяқ киімін немесе жаздық аяқ киімдерді уақытша сақтай аласыз. Аяқ киімді таза және құрғақ қалыпта қалтаға салыңыз. Егер бос орын болса, оны маусымдық аксессуарлар мен аяқ киім күтіміне арналған өнімдерді сақтау үшін пайдаланыңыз.

Органайзердегі аяқ киімдер
Органайзерге салынған аяқ киімдер. Көрнекі сурет: iStockphoto

Орындықша немесе керуеттің асты

Дәліздегі орындықшаның немесе жатын бөлме төсегінің астындағы бос орынды маусымдық аяқ киіммен толтыруға болады. Аяқ киімді сақтамай тұрып, оларды кір мен шаңнан тазалауды ұмытпаңыз. Былғары аяқ киімдерді креммен, ал күдері аяқ киімдерді арнайы спреймен сүртіңіз.

Бірнеше жұп аяқ киім болса, оларды кереует астына немесе орындық астындағы сөрелерге әдемілеп жинап қойыңыз. Алдымен аяқ киімдерді сұрыптаңыз (балалар, әйелдер, ерлер). Содан кейін оларды бос орындарға орналастыру үшін ыңғайлы себеттерге салыңыз. Аяқ киіміңізді күйе көбелектерден қорғау үшін етікке немесе аяқ киімнің ішіне көбелекке қарсы препарат салып қойыңыз.

Шкаф

Қабырғаға орнатылған шкафтар киім, аяқ киім және аксессуарлардың әр түрін сақтауға ыңғайлы. Аяқ киім сөрелері әдетте шкафтың төменгі бөлігін алады. Егер сізде аяқ киім көп болса, онда бір шкафты аяқ киім сақтайтын орынға айналдыруға болады.

Аяқ киімді қорапқа салмай, шкафта қалай сақтауға болады? Кешкі киімдермен үйлестіріп киюге арналған стильді аяқ киімдердің пішінін сақтау үшін бөлек сөрелерге қойыңыз. Бір маусым киіп шыққан аяқ киімдерді оңай табу үшін ашық тұрған сөрелерге қойыңыз. Үйге арналған тәпішкелер мен балеткаларды жәшіктерге салыңыз. Етіктерді бөлек ілгішке қыстырып, шкафтың бағанасына іліп қойыңыз.

Қызғылт етік
Қыз баланың етігі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Картон қораптары

Картон қораптарынан аяқ киімге арналған тамаша орын жасауға болады. Картон оңай бүктеледі, ал аяқ киімге арналған орындарды кез келген пішінде жасауға болады. Үшбұрышты етіп жасалған картон сөрелері жаздық және спорттық аяқ киімдерді жинауға жарайды. Мұны жасау үшін картонды үй пішінінде құрастырып, үшбұрыштың негізін үстіңгі жағымен ауыстырып, бірнеше қабат жасаңыз.

Шаршы немесе тікбұрышты қораптар туфли, етік сақтауға ыңғайлы. Жабық жағы қабырғаға жақын болуы үшін бірдей ұзындықтағы қораптарды желімдеуге болады. Үйде жасаған бұйымыңыз интерьерге сәйкес келмесе, оны тығыз матадан тігілген пердемен жауып қоюға болады.

Аяқ киімге арналған комод

Аяқ киім салуға арналған комодтарды дәлізге қойған ыңғайлы. Олар маусымдық, спорттық және үйге киетін аяқ киімдерді сақтауға арналған. Олардың ерекшелігі ретінде жиналмалы сөрелерін айтуға болады. Үй шаруасы бойынша сарапшы Мэри Корнетта егер үйде бірнеше бала болса, олардың аяқ киімін ұзақ уақыт сақтау үшін жәшіктерге салуға кеңес береді.

Мұндай жәшік жыл мезгіліне сәйкес киілетін аяқ киімді орналастыру үшін қолданылады. Дегенмен әрбір отбасы мүшесіне сөрелерді арнай аласыз. Ең төменгі сөреге жақын арада қажет болмайтын аяқ киімдерді қойыңыз. Қазіргі уақытта киіп жүрген аяқ киім үшін ортаңғы сөрені пайдаланыңыз. Үстіңгі жағына спорттық және үйге киетін аяқ киімді қойыңыз.

Рейлинг

Рейлингтерді әдетте ас үйде әр түрлі ыдыстарды ілу үшін қолданылады. Оларды аяқ киімді сақтауға қолдануға да болады. Қабырғадан белгілі бір қашықтықта орналасқан түтік спорттық аяқ киімді қабырғаға тақап, бауымен байлап қоюға ыңғайлы. Биік өкшелі аяқ киімдерді өкше жағымен іліп қоюға болады.

Рейлингтің бірнешеуін киіну бөлмесіндегі бос қабырғаға, жылы балконға немесе дәлізге қойыңыз. Аяқ киімдердің стильді көрінетініне және интерьерді толықтырып тұратынына көз жеткізіңіз.

Жиналған аяқ киімдер
Жиналып тұрған аяқ киімдер. Көрнекі сурет: YouTube/25 часов в сутках

Тірегіш

Модельдік аяқ киімді арнайы тірегіштерге қойған дұрыс. Осылайша ол пішінін сақтайды және сыртқы түрін жоғалтпайды. Тірегіштің пластиктен немесе ағаштан жасалған түрлері бар. Оны орнатқан кезде аяқ киімнің пішінін арнайы бекіткішпен бекітеді.

Тірегіштерді орнатқан кезде ылғалдан қорғау үшін аяқ киімнің ішіне силикагель пакеттерін салыңыз. Сыдырмалары мен түймелерін, ілмектерін бекітіп, биік етіктердің жоғарғы жағына картон салыңыз. Осы қалыпта аяқ киімді сөреге қойыңыз, оларды қорапқа, контейнерге салыңыз немесе ілгішке іліп қойыңыз.

Аяқ киімді қорапқа салардың алдында жақсылап тазартып алу керек және сыртына арнайы қоспалар жаққан дұрыс. Егер сіз осы әдістердің бірін жасап көрсеңіз, онда аяқ киіміңіз бірнеше маусым бойы су жаңа секілді көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2100509-aiaq-kiimdi-qalai-durys-saqtaimyz-10-adis/