Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түлектер кеші: ұстазға айтылатын әсерлі тілектер топтамасы

Жарияланған күні:

Қоңырау
Мектеп қоңырауы. Көрнекі сурет: abai.kz

Адамның тұлға боп қалыптасуы ұстаз еңбегінің жемісі. Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған баланың таудай азамат болуына мектептегі мұғалімнің тигізген үлесі зор. Жас түлектердің жүрегін толқытатын алтын ұямен қоштасын сәті де жақындады. Осы орайда он бір жыл бойы білім берген ұстаздарға арналған әсерлі тілектер топтамасын ұсынамыз.

Мағжан Жұмабаев: "Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі".

Ұстаздарға қандай әдемі тілектер айтуға болады?

Шәкірттеріне мейірім шуағын төгіп, шыншылдығымен өнеге бере білген жаны жомарт, пейілі дархан ұстаздарымыз барлық құрметке лайық! Ғажайып дүниенің сырын ұқтырып, үлкен өмірге ақ жол тілеп аттандырған ұстаздарымызға мәңгі тағзым етеміз!

***

Өмірде ұстаз деген қасиетті ұғым бар. Оларды санаға ақыл құйып, білмегеніңді үйрететін, арманыңа қанат қақтыратын ізгі жандар дер едім. Өмірдің сан қырлы жолдарынан сүрінбей өтуге ұстаздың берген тәлімі бағдаршам іспетті болатыны анық. Өйткені ұстаз ғана жас өскіннің талантын тұтатып, тұлғалық табиғатын аша алады. Сондай асыл ұстаздардан біз де тәлім алып, өрге қарай ұшып барамыз.

***

Мұғалім — мамандық, ұстаздық — қасиет. Ұстаз болу — адамның бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ұстаздық міндетке барынша адалдық танытып, саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артық етпейді. Бар жақсыны шәкірттеріңізге бере білгеніңіз үшін мың алғыс, ұстазым!

***

Ел игілігі үшін еңбек етіп, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаз өмірінің қиындығымен бірге қуанышы да бар. Шәкірті биікке самғаса, ұстаздың төбесінің көкке жеткені. Білім нәрін төгетін, ғұмырын ізденіспен өткізетін барша ұстазға алғысымыз шексіз!

***

"Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы" деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Балаға ата-анадан кейін білім мен тәрбие беретін тұлға — ұстаз. Міне, бүгін алтын ұя мектебімізбен, аяулы ұстаздарымызбен қоштасатын сәт туды. Жүректе қимастық бар. Сіздерді әрдайым жадымызда сақтаймыз! Ерен еңбектеріңіз үшін мың алғыс!

***

"Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер" деген сөздің мағынасы терең. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған. Сондықтан жер бетіндегі барша халық ұстазды ерекше құрмет тұтқан. Ұстаз әрбір адамның жүрегінен ойып тұрып орын алады. Қолға қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін ешбір жан ұмытпайды.

Мектеп бітіру сәті
Мектеп бітіру кешінен көрініс. Көрнекі сурет: el.kz

Еліміздің бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарында болуына ұстаздардың қосатын үлесі зор. Әлбетте бұл ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі олар ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеді. Еңбектеріңіз жана берсін! Шәкірттеріңіз оза берсін! Мереке құтты болсын!

***

Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген әрі жаны жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады. Ұстаздық жолындағы еңбектеріңіз елене берсін! "Ұстаз бақыты — озып туған шәкірті" дегендей, атыңызды бүкіл әлемге танытатын талантты, білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін!

***

"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" - деп хакім Абай айтқандай, әр шаңырақтың үлкен үміт күткен ұл-қыздары ұстаздың білімінен нәр алады. Елдің ертеңгі ұландарының бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық болмысқа тән дәстүрлерді сіңіріп, тұлғалы азамат тәрбиелеудегі еңбектеріңізге алғыс білдіреміз.

***

Қадірлі ұстаздар! Жүректі толқытқан мектеп бітіру кешінде сіздерге алғыс білдіреміз! Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер, саламатты денсаулық және білім мен ғылымды игеруде ілгері ізденісте болуларыңызды тілейміз!

***

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: "Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім"- деген еді. Арада қаншама жыл өтсе де, Алаш арысының бұл сөзі әлі мәнін жойған жоқ.

Ел ішінде мыңдаған балаға білім беріп, тағылымын көрсетіп келе жатқан ұстаздар қауымына мың алғыс! Сөзімен де, ісімен де тәуелсіз еліміздің болашағына алаңдайтын, Отанын қорғайтын азаматтардың тәлімгері сіздер боласыздар.

***

Құрметті ұстаздар!

Қазақстан азаматтарын өз елінің патриоты және тәрбиелі әрі жауапты адам етіп тәрбиелеудегі еңбектеріңіз орасан. Бүгін он бір жыл бойы білім берген тағы бір шәкірттеріңіз қанатын қағып, алтын ұя мектебінен ұшқалы тұр. Сіздер берген білім мен тәрбие өмірлік серігі болсын дейміз. Сіздерді шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шығармашылық табыстар, ізгі махаббат пен мейірім тілейміз!

***

Ұрпақ тәрбиесіне ұстаздың үлесі зор. Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Ұстаз — ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол барлық құрметке лайық. Білім көшін алға жылжытқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек. Шәкірттеріңізбен мақтана беріңіздер!

"Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз". Бауыржан Момышұлы
Аспандағы шарлар
Аспанға ұшырылған шарлар. Көрнекі сурет: el.kz

Ұстаздарға арналған өлең жолдары мен тақпақтар

Ұстаздарға қандай әдемі өлең шумақтарын арнауға болады? bilimdiler.kz сайты ұстаздарға арналған бірнеше өлең жолдары мен тақпақтар ұсынады.

Ұстаз болу — жүректің батырлығы

Ұстаз болу — жүректің батырлығы

Ұстаз болу — сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы.

Ғафу Қайырбеков

***

Білімнің кілтіндей

“Әліппе” ұстатқан,

Оқуға іркілмей

Тоқуға ұстартқан.

Қамқоры ұл, қыздың –

Мұғалім – ол біздің.

Қиынға төзуге

Үйреткен қашанда,

Жаманнан безуге,

Жақсылық жасауға.

Қамқоры ұл, қыздың –

Мұғалім – ол біздің.

Атам да сыйлайтын

Атамның тұстасы,

Папам да сыйлайтын

Ауылдың ұстазы.

Қамқоры ұл, қыздың –

Мұғалім – ол біздің

Мұзафар Әлімбаев

***

Білімнің кәусар бұлағын,

Жүресің құйып санама

Біз үшін сенсің, мұғалім,

Ұстаз да, ғалым, дана да.

Қыр - сырын зерттеп заманның,

Ұлылығын айтып бабамның

Өнеге, өріс беретін

Барометрі сенсің адамның.

Сағыныш сазы толқытқан,

Арнамақ сөздің мәйегін.

Шәкірттерің оқытқан

Келіп тұр жолдап сәлемін!

Өмірдің ұғып тереңін,

Өркен жайған қауымым

Қабыл ал жүрек сәлемін,

Құлақта сенің әр үнің!

***

Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,

Жансыздар әлдилеген шуақты арман.

Жатталсын есімдерің жан жүректе,

Адамның аяулы әні сияқталған.

***

Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!

Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.

Жан біткен жанарына нұр сыйлаған

Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2103641-tulekter-keshi-ustazga-aitylatyn-aserli-tilekter-toptamasy/