Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қате аударма: Неге "мерекеңмен" деп құттықтамау керек

Жарияланған күні:

Қате аударма
Қате аударма. Иллюстрация: NUR.KZ

Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.

Қате: "Мерекеңмен"

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көп кездестіретін сөз – "мерекеңмен" деген құттықтау. "Мерекеңмен" деп құттықтау орыс тіліндегі "поздравляю с праздником" деген дәстүрлі тіркестің ауызекі сөзде "поздравляю" сөзін түсіріп айтудың жолы.

Алайда қазақ тілінде және қазақ дүниетанымында құттықтамаймыз. "Құтты болсын" дейміз. Бұл өзге тілдің ықпалымен, бірақ қазақ тілінде қате құттықтаудың мысалы ғана.

"Сөзтүзер" қате қолданыстар сөздігінде де бұл орыс тілі үлгісі (С праздником!) бойынша жасалып, кең тарап кеткен қолданыс екені айтылған.

Дұрыс нұсқасы – "Құтты болсын!"

Қате: "Оқиға орын алды"

Бұл қатені әдетте баспасөз релиздерінен кездестіріп жатамыз. Жазарман қауым да бұл тіркесті қаймықпай ала беретін болған. Алайда орыс тіліндегі "имело место" тіркесінің тікелей аудармасы тілдің шұбарлануына әкеп соқты.

Қатені табудың жолы оңай. Елестетейік, әрбір сөз бен сөз тіркесінің қисынын ойлап көруіміз керек: оқиға әлдеқайда болып, кейін біз айтып отырған орынға келіп, сол орынды алып алғандай көрініс миға қонымды ма? Әлбетте, қонымсыз. Демек, оқиға біз айтып отырған орында болады десек, "оқиға орын алды" емес, "оқиға болды" деп жазудың қисынын табамыз.

"Сөзтүзер" қате қолданыстар сөздігінде де бұл тіркес қате екені айтылған.

"Осы сәтсіз жасалған калька, көшірме тіркес жиі қолданылып, кең тарап барады. Қазақ тілінде "орын алу" тіркесі екі мағынада қолданылады: бірі – белгілі бір тұратын, тұрақтайтын нысанды алу, екіншісі қандай да бір жеңісті я жеңіліс жағдайында болатын жүлде дәрежесі немесе реттік мөлшер, реттік қатарда орналасуды білдіреді. Ал қатеміз сол – өткінші құбылыстарға "орын алғызып" қоямыз: егер ондай жағдай орын алса, ол өтпейді, сол жерде тұрақтайды деген мағына береді. Дұрысы: орын алудың" орнына -бол(ды), -өт(ті) сияқты етістіктерді пайдалану", - делінген сөздікте.

Дұрыс нұсқасы – "оқиға болды".

Қате: "Ағымдағы жыл"

Жыл да, күн де, уақыт та қазақ тілінде "бұл жыл" деп айтылып, жазылады. Орыс тіліндегі "Текущний год" аудармада өзге тілдің түсінігіне жұтылмауға тиіс. Бұл контекстіде мәтінде қай жыл екенін ғана анықтап беруіміз керек.

Демек, "бұл жыл" деуіміз орынды. Ал "бұл жылдың" бірізділікке түскен нұсқасы – "биыл". Осылайша өзге тіл ықпалындағы "ағымдағы жыл" нұсқасынан гөрі "биыл" деп жазсақ, тіл стилистикасы мен грамматикасын аяқасты етпейміз.

Қате аударма мен дұрыс нұсқасы
Қате аударма мен дұрыс нұсқасы берілген кесте. Кесте: NUR.KZ

"Сөзтүзер" қате қолданыстар сөздігінде бұл кальканы қолданысқа енгізудің ешқандай қажеттілігі жоқ екені айтылған.

"Өйткені қазақ тілінде дәл осы ұғымды білдіретін атау бар. Тіркес "биыл, осы жыл" деген мәнді білдіреді, алайда қазақтың танымында ағымдағы сөзі осы, биыл деген мәнді бере алмайды. Сондықтан жасандылығы көзге ұрып тұрған калька тіркес "ағымдағы жылдан" гөрі төл сөзіміз биыл, осы жылы" нұсқаларының бірін қолданған дұрыс", - делінген сөздікте.

Дұрыс нұсқасы: "биыл", "осы жыл".

Қате: "Артықшылығы қандай"

Бұл қате көзге ұрып тұр десек те болады. "В чем преимущество?" тіркесін дәлме-дәл аударып, "артықшылығы қандай" десек, логикалық қатеге ұшыраймыз. Неге?

Себебі мағыналық реңкінде біз артықшылық қандай екенін сұрағымыз келмейді, оның орнына сол артықшылығының өзі не екенін меңзеп отырмыз. Қисын бойынша, артықшылық бар я жоқ болса, біз оның қандай екенін анықтайтын екінші сатыға көшпеуіміз керек. Демек, "қандай артықшылығы бар?" деген нұсқаның қисыны бар.

"Сөзтүзер" сөздігінде бұл қолданыстың орнына "қандай пайдасы бар", "қандай әсері бар?" нұсқасын қолдану ұсынылған.

Дұрыс нұсқасы: "қандай пайдасы бар", "қандай әсері бар?"

Қате: "балғын", "балауса"

Бірден ескертейік. Бұл сөздерді жазуға болады және қатесі жоқ. Мәселе қолдануда. Мысалы "свежее молоко" деген тіркесті аударуыңыз керек болса, сөзбе-сөз "балғын сүт" дегеніміз қате болады. Себебі қазақ тілінде, қазақ тілді жазарманның дүниетанымында "жаңа сауылған сүт" деген түсінік бар. Бұл тілдің өзіне ғана тән тіл бірлігінің эмоциялық, бағамды немесе стилистикалық реңі.

"Сөзтүзер" сөздігіне сүйенсек, орыс тілінде жеміске де, басқаға да "свежий" деген бір-ақ сөз қолданылса, қазақ тілінде де бәріне қатысты бір-ақ сөз болуы керек деген заңдылық жоқ.

"Қазақша жаңа піскен, жаңа сауылған, су жаңа, жап-жаңа, шыт жаңа деген сияқты, анықталатын сөзге қатысты өзгеріп келе береді", - делінген сөздікте.

Дұрыс нұсқалары: "жаңа піскен нан", "жаңа сауылған сүт"

Құрметті оқырман, айдарымызды жалғастыра отырайық. Келесі кезекте қай сөз тіркестерін талдауды ұсынасыз, пікіріңізді жаза отырыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2106069-qate-audarma-nege-merekengmen-dep-quttyqtamau-kerek/