Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аяғынан шалғандар көп болған": ғасыр жұлдызы атанған Күләш Байсейітованың тағдыры мен ұрпақтары

Жарияланған күні:

Күләш Байсейітова
Күләш Байсейітова. Фото: youtube.com/@baysa_muz_shkola9654

Күләш Байсейітова – қазақ операсының асқақ жұлдызы, көрнекті опера әншісі және мәдениет қайраткері. Оның ерекше дауысы мен табиғи таланты қазақ өнерінің биік шыңына көтеріліп, ұлт мәдениетінің мақтанышына айналды. Тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығы, тағдыры мен ұрпақтары қазақ мәдениетінің бай мұрасына үлкен үлес қосты. Мақаламызда оның жарқын бейнесі мен өнері туралы деректерді бермекпіз.

Күләш Жасынқызы Байсейітова 1912 жылы 2 тамызда Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген делінеді. (Алайда қалада туды деген нұсқа Кеңес үкіметінің саяси ықпалымен жазылған дейтін деректер бар. Бұл туралы төменде баяндаймыз).

Ол қазақтың көрнекті опера әншісі, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және КСРО халық әртісі атағына ие болған алғашқы қазақ әйелі. Күләштің өнерге деген қызығушылығы ерте жастан басталған, ал оның ерекше дауысы мен табиғи таланты оны қазақ операсының жұлдызына айналдырды.

Күләш Байсейітова 1930-жылдары Қазақ музыкалық театрының (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ашылуына белсене атсалысты. Ол осы театрдың сахнасында алғаш рет 1934 жылы қойылған "Қыз Жібек" операсында басты рөлде ойнады. Оның орындаушылық шеберлігі мен таланты көрермендерді таңғалдырды, сондықтан ол осы рөлде үлкен табысқа жетті.

Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жариялаған дерек бойынша, қазақ халқының бұлбұлы Күләш Байсейітова Жамбыл ақынға жиі келіп тұрған. Оны қызындай көріп, қызғалдағым деген ақын:

"Қызым келді жаныма қызғалдақтай,

Жүрер ме екен кәрінің сөзі жақпай.

Сені тапқан анаңнан айналайын,

Бір міні жоқ мүсінінде арғымақтай, - деп оған өлең жолдарын да арнаған.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен он күндігіне Мәскеу қаласына қазақтың өнерлі азаматтарының ішінде тоқсанға келген абыз ақын Жамбыл мен қазақтың жезтаңдай бұлбұлы Күләш та аттанған. Қанабек Байсейітов Жамбыл ақын туралы естелігінде былай дейді: "Жәкең Күләшті сұмдық жақсы көретін. Күләш та "аталап" еркелеп тұратын. Жас ерекшеліктеріне қарамай екі талант, екі дарын түйдей құрдастарша түсінетін. Екеуінің әзіл жарастығын көргенде, өмір сүрудің соншалық әдемі екенін сезінетінсің. Көзіңе жас келердей әлдебір ерекше күйге түсінетінсің".

Жамбыл мен Күләш
"Жамбыл мен Күләш" фотосуреті. Фото: Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі

Музей қорындағындағы "Жамбыл мен Күләш" фотосуреті Жамбыл ақынның өмірінің соңғы жылдарында түсірілген. Шамамен 1930-жылдар.

Тағдыры

Күләштің шығармашылық жолы оңай болған жоқ. Оның өнері арқылы қазақ операсы мен мәдениеті әлемге танылды.

Алайда ол өмірінде қуанышымен қатар, қиындықтармен де кездескен. Оның өмірі күрделі және қайғылы оқиғаларға толы еді. 1957 жылы 24 мамырда небәрі 45 жасында Күләш Байсейітова кенеттен қайтыс болды. Оның өлімі қазақ мәдениеті мен өнері үшін зор қайғы болды.

Ұрпақтары

Күләш Байсейітова және оның жолдасы Қанабек Байсейітовтің ұрпақтары да атақты өнер адамдары болды. Олардың балалары мен немерелері де өнерге жақын болып, ата-анасының жолын жалғастырды. Мысалы қызы Қарлығаш Байсейітова – белгілі актриса былтыр, 2023 жылы 83 жасында қайтыс болды, ал немересі Гүлнар Байсейітова – опера әншісі. Күләштің өнері мен мұрасы ұрпақтар арқылы жалғасын тауып келеді.

Тарихшы-өлкетанушы Күләш Сардарбек "Ғасыр бұлбұлы – Күләш" мақаласында тарихи тұлғаның шежіресін толыққанды жазып шыққан.

Автордың айтуынша, қазаққа мақтан болған әнші-актрисаның туған жері, туған күні ел аузында, құжаттарында әртүрлі болып қалғандықтан, жақсыға әркім талас дегендей, қазақтың даласында туса да, кіндік қаны тамған жері ашық бұрмаланған.

"Бұл да кезіндегі саясаттың әсерінен туған жағдай. 24 жасында қазақ деген халықтың даңқын Мәскеу сахнасында көтеріп, оның мәдениетін, дарынын танытқан әнші-актриса қайткенде астанада – Алматыда туып-өскен болуы керек болған. Оның ауылдан шыққанын ол кезде олқы санаған.

Күләш Жасынқызының шыққан тегін ашып айтсақ, оның туған жері де даусыз болады. ХVIII ғасырдан Қараменде би бастап Солтүстік Балқаш өңірін мекен еткен Дадан Тобықтының Манас атасынан тараған Мандардан Қара туады. Қарадан - Айқожа, одан Мәмбет, Бейіс, Уәли. Бейістен: Жасын, Қасымбек, Разбек, Айтбек. Жасыннан: Тұрсын, Күләш, Райхан, Хамза (екінші әйелінен туған)", - деп түсіндіреді Күләш Сардарбек.

Автор Күләш Байсейітованың қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Тоқырауын-Қарасу өзендерін бойлай жайқалған жайлаудағы қыстақта туғаны даусыз екенін жазған.

Өз парақшасында тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды деректерді жинастырып жүрген өнертанушы Әсет Ақмолда Күләш Байсейітованың қызы Қарлығаш Байсейітованың естелігін жариялаған.

Естелікті біз де автордың парақшасынан алып беруді жөн көрдік.

"Көпшiлiк "Күләштiң балалары жоқ" деп жатады. Ол жалған. Күләштан үш қыз бармыз. Кiшкенемiз Қаршыға бес жасында қайтыс болды. Үлкенiмiз Құралай 36 жасында көз жұмды. Үш қыздан қалған жалғыз менмін. Анам қайда барса да, Құралай екеумiздi жанынан бiр елi тастамаушы едi.

Тiптi, гастрольдiк сапарларында да бiрге ертiп жүретiн. Мәскеу, Ленинград болсын, барлық жердi бiрге аралайтынбыз. Екеумiздi бiрдей қып киiндiретiн. Бiрiмiзден бiрiмiз аумай тұратынбыз. Он жетi жасымда соңғы рет анаммен бiрге суретке түстiк. Ұмытпасам, 1956 жыл болуы керек, анам бiзге: "Келiңдер, бiрге суретке түсейiкшi, соңғы рет" дедi. Әлде жүрегi бiрнәрсенi сездi ме, әйтеуiр, "соңғы рет" дедi. Шын мәнiнде, сол бiзбен бiрге түскен суретi – соңғы суретi болды", - делінеді естелікте.

Сондай-ақ естелікте Күләш Байсейітованың өлімі туралы жан-жақты қамтылған.

"Анамның өлiмi туралы неше түрлi әңгiмелер айтылады… Бірақ, оның бәрi өтiрiк. Мәскеуде қайтыс болды. Анаммен ең соңғы рет сөйлескен жан Брусиловскийдiң әйелi болыпты. Аты - Тамара. Анамды аяғынан шалғандар да көп болған екен. Тiптi, Қонаевтың атына анамның үстiнен арыз ұйымдастырыпты. Сол арыз туралы естiген соң, анам қатты қапаланып, Тамараға телефон шалыпты. Әкеме де ренiшiн айтқан екен. Әкем анама: "Оның бәрiн көңiлiңе ала бермесеңшi. Сенiң өнерiңдi ел мойындаса болды емес пе?" деп жұбатыпты.

Анам қайтыс болғанда мен он жетiдемiн. Мектепте емтихан тапсырып жүргем. Анам үйде ән айтып отырғанында, оған елiктеп, менiң де ән айтқым келетiн. Өзiмше тыраштанып, айнаға қарап, ән салатынмын", - дейді Қарлығаш Байсейітова естелігінде.

Күләш Байсейітова – қазақ операсының жарық жұлдызы. Оның өмірі мен тағдыры, шығармашылығы мен еңбегі қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өзінің табиғи таланты, еңбекқорлығы және өнерге деген сүйіспеншілігімен талай ұрпаққа үлгі бола білді. Бүгінде де оның есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталып, қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі болып қала береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2114577-aiagynan-shalgandar-kop-bolgan-gasyr-zhuldyzy-atangan-kulash-baiseiitovanyng-tagdyry-men-urpaqtary/