Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әбдіжәміл Нұрпейісов: өмірі, шығармашылығы және тағдыры

Жарияланған күні:

Әбдіжәміл Нұрпейісов
Қаламгер - Әбдіжәміл Нұрпейісов. Көрнекі сурет: malim.kz

Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған қаламгер. Жазушының қаламынан шыққан "Қан мен тер" романы бірнеше тілге аударылған. Шоқтығы биік туындыны әлем жазушылары өте жоғары бағалады. Қазақтың жазба әдебиетін көркем шығармалармен толтырған классик жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынамыз.

Өмір жолы, соғыстағы жылдар

Әбдіжәміл Нұрпейісов қай жылы, қай өңірде дүниеге келген? Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері.

Жазушы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, ол Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбіндегі миномёт ротасында саяси қызметкер болған, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

Әдебиет порталы ұсынған мәліметке сүйенсек, жазушының ата-бабасы ертеден Арал маңын қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі және Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардың ішінде аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсаңында балық колхозында жұмыс істеген. 1944 жылдың 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.

Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қар­сылық білдірген қаламгер қарапайым тіл­мен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияз­дығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушы­лары­ның бірі дәрежесіне көтерілген. Жан Монтальбетти (Франция)
Қаламгерлер
Қазақ қаламгерлері. Көрнекі сурет: stan.kz

Шығармашылық шыңы

  • Әбдіжәміл Нұрпейісов 1946 жылы армия қатарында жүріп "Курляндия" романын жазуға кіріскен. Шығарманы аяқтап, баспаға берген соң бір жыл Қазақ  мемлекеттік университетінде оқыды.
  • 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітірген. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың  иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті.
  • 1962-1964 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы да болып қызмет істеді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды.
  • 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық "ПЕН" клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды.
  • 2000 жылдан бастап "ПЕН" клубы жанынан "Таң-Шолпан" журналын шығарады. Көп жыл бойы осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы болды.
Сенің романыңа арқау болған ("Соңғы парыз") проблемалар — әлемдік маңызы бар проблемалар. Леонгард Кошут (Германия)

Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытты. Атап айтсақ, Француз Луи Арагон, ресейлік  Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық  Шыңғыс Айтматов, башқұрттық  Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф  Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, ол туралы тебірене жазды.

Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбді­жәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре ала­мыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұр­пейісовті атап өткім келеді. Иә, Қа­зақ­стан мақтана беруіне болады. Револ­ю­ция ша­пағымен бірге азаттық пен әділет­тік жолында өз халқының қасіреті мен ұлы­лығын паш еткен нағыз жауһар — шедеврлер бере білген жазу­шыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты. Жорж Буйон (Бельгия)

"Қан мен тер" романы бойынша жасалған қойылым 1974 жылдан бері М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты сахналанады, сондай-ақ, фильм түсірілді.

"Соңғы парыз" роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді.

Таңдамалы әдеби-сын мақалалары 1972 жылы "Толғау", кейіннен "Жүрегі толы жыр еді" деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты.

1985 жылы "Ақбидай туралы аңыз" атты очерктер жинағы жарық көрді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Жазушы - Әбдіжәміл Нұрпейісов
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бейнесі. Көрнекі сурет: adebiportal.kz
"Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушы­лары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – "Қан мен тер" трило­гия­сы мен "Соңғы парыз" дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебие­тіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды". Герольд Бельгер
  • 1974 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовке КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген.
  • 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың "За честь и достоинство" марапатын иеленген.
  • 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды.

Жазушы Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі", "Халықтар достығы" (1984), "Отан" (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған.

1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылы 5 ақпанда дүниеден озды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2115024-abdizhamil-nurpeiisov-omiri-shygarmashylygy-zhane-tagdyry/