Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тәуелсіз Қазақстан: еліміздің тұңғыш министрлері кім

Жарияланған күні:

Бұрынғы үкімет үйі. Алматы
Бұрынғы үкімет үйі. Алматы. Көрнекі сурет: ҚБТУ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылдың 16 желтоқсанында, мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін беретін саяси жүйе қалыптасты. Осы кезеңде елдің тұңғыш министрлері мен үкімет басшылары маңызды рөл атқарды. Олар елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, сыртқы саясатты дамытуда ауқымды жұмыс атқарды. Мақаламызда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы министрлері туралы мағлұмат ұсынуды ұйғардық.

Тұңғыш премьер-министр – Сергей Терещенко

Қазіргі үкімет басшысы Тәуелсіз Қазақстан тарихында 11-ші премьер. Ал алғашқы үкімет басшысы Сергей Терещенко.

Сергей Терещенко тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 1991 жылдың 16 қазанынан 1994 жылдың 12 қазанына дейін атқарды. Оның үкіметі Қазақстанның нарықтық экономикаға өтуіне және мемлекеттік құрылымдардың реформасына елеулі үлес қосты. Терещенконың басшылығымен Қазақстанда көптеген жаңа заңдар қабылданып, ел экономикасы шетелдік инвестициялар үшін ашық бола бастады.

Ол бұл қызметке келген кезде Қазақстан экономикалық апат жағдайында тәуелсіз мемлекетке айналғанын және барлық экономикалық проблема министрлер кабинетіне артылғанын еске алған. Қазақстан премьер-министрі лауазымына Сергей Терещенко Қазақ КСР премьер-министрі қызметінен ауысқан.

1994 жылдың қазан айынан бастап өмірінің соңына дейін Сергей Терещенко "Интеграция" халықаралық қорының басқарма төрағасы болды, ол геоинтеграциялық процестерге ғылыми-практикалық жәрдемдесумен және Қазақстанның қазіргі әлемнің біртұтас экономикалық, саяси және мәдени кеңістігіне тең құқылы кіруімен айналысты.

Ол сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстанның сақтандыру нарығына қатысушылар қауымдастығының президенті лауазымдарын атқарды, ірі кәсіпорындардағы үлестерге ие болды және Forbes Kazakhstan, 2020 нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің тізіміне енді.

Сергей Терещенко
Сергей Терещенко. Фото: almaty.tv

2023 жылғы 10 ақпанда Қазақстанның бірінші премьер-министрі қайтыс болды. 2 ақпанда Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Тәуелсіздігін қалыптастырудағы басты тұлға Сергей Терещенконың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

Тұңғыш сыртқы істер министрі – Төлеутай Сүлейменов

Егемендік алған кезде сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова болып тұрған еді. Ол 1989 жылдың қарашасынан 1991 жылдың желтоқсанына дейін қызмет атқарды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін оның орнына Қазақстан Республикасының бірінші сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов келді.

Төлеутай Сүлейменов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі ретінде 1991 жылдың желтоқсанында тағайындалды. Ол бұл қызметті 1994 жылға дейін атқарды. Сүлейменовтің басшылығымен Қазақстан әлемдік аренада өзіндік орнын табуға, халықаралық ұйымдарға мүше болуға және көптеген елдермен дипломатиялық қатынастар орнатуға мүмкіндік алды. Оның қызметі арқасында Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық саясаты қалыптасты.

Қазір Сүлейменов 82 жаста. Ол 1994 жылға дейін министр болып қызмет етті, кейін Қазақстанның АҚШ, Венгрия, Польша, Болгария, Чехия, Словакия, Румыния, Бельгия, Люксембург және Нидерландыдағы елшісі болды.

Тұңғыш қаржы министрі – Төлеубек Әбдіқадыров

1990 жылдан бастап Қазақ КСР қаржы министрі Төлеубек Әбдіқадыров болды. 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстанның бірінші қаржы министрі болды. Ол бұл қызметтен 1992 жылдың қарашасында кетіп, Алматы қалалық қаржы басқармасының бастығы болды. Содан кейін оның орнына 1994 жылдың қазан айына дейін министр болып қызмет еткен Еркешбай Дербісов келген.

Тұңғыш қаржы министріне бұл Мәскеуден тәуелсіз жаңа қаржы жүйесін құруға тура келген қиын кезең болды. Әбдіқадыров туралы ақпарат аз, оның экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі болғаны белгілі.

Әбдіқадыров 1940 жылдың 8 ақпанында Тәжікстанның Ленинабад облысы, Гиссар ауданы, Канака ауылында дүниеге келген.

1941 жылы әке-шешесі Жамбыл облысының Сарысу ауданына көшіп келген. 1961 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетін бітіріп, экономист-қаржыгер мамандығын алған.

1961-73 жылдары Жамбыл облысында қаржы мекемелерінде тексеруші-бақылаушы, Қаратау қаласында және Меркі ауданында қаржы бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облыстық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1973-1997 жылдары Алматы қалалық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1990-1992 жылдары егемен Қазақстан Республикасының алғашқы қаржы министрі болып қызмет етті. 1997-2001 жылдары Алматы облыстық қаржы басқармасының бастығы болды.

2009 жылдың 8 қазанында Алматыда дүниеден өткен.

Тұңғыш білім министрі – Шайсұлтан Шаяхметов

Шайсұлтан Шаяхметов – Қазақстанның тұңғыш білім министрі қызметінде Қазақ КСР-дан Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне өткізген тұлға. 1987 жылы Шайсұлтан Шаяхметовке республиканың жоғары және орта арнаулы білім министрі лауазымы сеніп тапсырылды. Ал 1988 жылы – Қазақстанның халық білім беру министрі. Яғни білім саласындағы басшылық қызметі 1987 жылдан 1993 жылға дейін болды.

КСРО-ның күйреуі және жас тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының қиын жылдары көші-қон толқынының көтерілуіне, тәжірибелі мұғалімдердің мектептерден кетуіне, оқу орындарының материалдық-техникалық базасының кедейлігіне әкеп соқты. Осыған қарамастан, Шаяхметов жаңа егемен мемлекеттің білім беру жүйесін сақтап қана қоймай, реформалай бастады.

Оның басшылығымен білім беру саласында көптеген реформа жүзеге асырылды. Жаңа оқу бағдарламалары енгізіліп, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Шаяхметовтің еңбегі арқасында Қазақстанда қазіргі заманғы білім беру жүйесі қалыптасты.

Шайсұлтан Шаяхметов
Шайсұлтан Шаяхметов. Фото: "Шайсұлтан Шаяхметов" киноновелласынан кадр

Шайсұлтан Шаяхметов 1939 жылы 7 қаңтарда Қостанай облысы Науырзым ауданы Науырзым ауылында колхоз қызметкері Самен Шаяхметовтің отбасында дүниеге келген. 1946 жылы ол туған ауылының жеті жылдық мектебінде оқи бастады, кейін Қостанай облысы Семиозерный ауданының (қазіргі Әулиекөл ауданы) № 1 қазақ орта мектебіне ауысты, ол бүгінде Шайсұлтан Шаяхметовтің есімімен аталады.

Оқу үздігінің алтын медалі талантты бозбалаға 1957 жылы Ломоносов атындағы ММУ химия факультетіне емтихансыз түсуге мүмкіндік берді. Бұл кеңестік елдің жетекші университеті саналды. Мұнда ол тек оқумен айналысқан жоқ. Студенттің жеке есебінде – самбодан КСРО спорт шебері атағы, университет пен Мәскеу қаласының чемпионы атақтары бар.

Университетті бітіргеннен кейін Шаяхметов Алматыға оралып, Киров атындағы ҚазМУ Органикалық химия кафедрасында дәл аспаптар бойынша шебер болып жұмысқа орналасты, кейін кіші ғылыми қызметкер, инженер-ассистент, аға оқытушы болды. Бірақ бірнеше жылдан кейін жас ғалым аспирантурада оқуын жалғастыру үшін ММУ-ге қайта барды. 1970 жылы Шайсұлтан КСРО Ғылым академиясының органикалық қосылыстар институтында кандидаттық диссертациясын қорғады.

Табысты қорғаудан кейін химия ғылымдарының кандидаты, кейінірек доцент Шаяхметов өзінің барлық күш-жігерін, білімін, тәжірибесін ҚазМУ химия факультетінде оқытуға және ғылыми-зерттеу қызметіне бағыттады. Зерттеуші республикалық және шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған 30-дан астам ғылыми мақалалар, соның ішінде АҚШ, университеттерге арналған үш оқу құралы және химия бойынша екі орыс-қазақ оқу сөздігі жазды.

Қызметте өскен оған 1987 жылы Шайсұлтан Шаяхметовке республиканың жоғары және орта арнаулы білім министрі лауазымы сеніп тапсырылды. Ал 1988 жылы Қазақстанның халық білім беру министрі болды. Ал Тәуелсіздік алған жылдан бастап, 1991 жылдан бастап Қазақстанның білім министрі қызметін атқарды.

Министрлік басшылығында білім туралы жаңа заң құруға қатысты, эксперименттік мектептер құрды, сондай-ақ жаңа үлгідегі оқу орындарын-гимназияларды, колледждерді, лицейлерді, оның ішінде жеке мектептерді ашуға ықпал етті. Жоғары оқу орындарын техникалық жабдықтау және студенттер үшін қаржылық жеңілдіктер мәселелеріне назар аударды. Оның жанында шетелдіктердің қатысуымен алғашқы оқу орындары ашылды.

Кейін бір жылға жуық Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарған. 1994 жылғы сәуірден 1995 жылғы наурызға дейін-Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары болды. 1995 жылғы тамыздан 1997 жылғы наурызға дейін-Қазақстанның ұлттық саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Қазақстанның тұңғыш білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов 2000 жылы қайтыс болды.

Тұңғыш қорғаныс министрі – Сағадат Нұрмағамбетов

Бірінші "Халық Қаһарманы" атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы бұрынғы Трудовое, қазіргі Еңбек ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен жетім қалған оны және әпкелерін Сағит ағасы асырап, әке-шешесінің орнын басты. Соғыс жылдары алғашқылармен майданға аттанған ағасы көп ұзамай Псков қаласындағы шайқаста қаза табады.

Ол Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіріп, 1943 жылдың сәуірінен 1945 жылдың мамырына дейін 5-ші соққы беруші армияның Берлин атқыштар дивизиясы II дәрежелі 301-ші Донецк Суворов ордені 1052-ші атқыштар полкінің құрамында пулемет взводының, ротаның, атқыштар батальонының командирі ретінде майданда соғысқан. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты.

Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылға да қатысқан. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар маңызды объектілерді күзету міндеттерін орындады. 20 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, "Алтын жұлдыз" табыс етілді.

1945 жылы сәуірде жасаған ерлігі мен батылдығы үшін ол екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын, алайда майор Нұрмағамбетов Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Сағадат Нұрмағамбетов
Сағадат Нұрмағамбетов. Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің сайты

1991 жылғы қазанда Одақтың ыдырауы кезіндегі жауынгерлік және практикалық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан президентінің жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы президенттің жарлығымен оған "Алтын Жұлдыз" табыс етіліп, "Халық Қаһарманы" атағы берілді.

Сағадат Нұрмағамбетов ержүрек жауынгер ғана емес, шығармашылық адам болған. Оның қаламынан туындаған "Лицом к огню", "Мой передний край", "От огненных лет до суверенной армии", "А в памяти нет тишины" деген естелік кітаптары бар.

Бүгінде оның есімі Қазақстан қалаларының көшелеріне және әскери оқу орындарына берілген, батырдың құрметіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатылып, мұражайлар ашылды. Сағадат Қожахметұлының бюсті Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының Орталық музейі Қасіретке тағзымға қойылған.

Ол жайлы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" "Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат" атты фильм түсірген болатын. Бұл фильм 2016 жылы Севастопольде өткен ХІІ Халықаралық деректі фильмдер мен телебағдарламалар кинофестивалінде үздік портреттік очерк сыйлығын жеңіп алған.

Тұңғыш сыртқы экономикалық байланыстар министрі – Сыздық Әбішев

Қазақстан Республикасының тұңғыш сыртқы экономикалық байланыстар министрі 1990 жылғы желтоқсаннан бастап Кеңес Одағы кезінде министр қызметін атқарған Сыздық Әбішев болды. Ол министр қызметті 1994 жылдың маусымына дейін премьер-министрдің орынбасары қызметімен қатар атқарған.

Содан кейін Әбішев Республиканың Майндағы Франкфурттағы (Германия) бас консулы болды, 1996 жылы зейнетке шықты. 1998 жылы қайтыс болды.

Тұңғыш сауда министрі – Октябрь Желтиков

Сауда министрлігін Октябрь Желтиков 1990 жылдың маусымынан 1994 жылдың маусымына дейін басқарды. Кейінірек ол Ресейге қоныс аударды, онда көптеген жыл бойы Пенза облысындағы ТМД елдерімен байланыс комитетінде жұмыс істеді. 2017 жылы Желтиков Қазақстанға көшуіне байланысты қызметінен кетті.

Тұңғыш байланыс министрі – Игорь Ульянов

Тәуелсіздік жарияланған кезде байланыс министрлігінің басшысы Игорь Ульянов болды. Ол 1987 жылдың наурызынан 1994 жылдың маусымына дейін қызмет атқарды. Ашық дереккөздердің мәліметінше, ол кейінірек "Қазақтелекомды" басқарып, 1996 жылы Ресейге қоныс аударып, "Ростелеком" жүйесінде жұмыс істеген.

Тұңғыш көлік министрі – Нығматжан Исингарин

Қазақстан Республикасының тұңғыш көлік министрі 1991 жылғы ақпаннан 1994 жылғы маусымға дейін министр қызметін атқарған Нығматжан Исингарин болды. Ол сондай-ақ Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

1996 жылдан 2001 жылға дейін Исингарин ТМД Кеден одағының Интеграциялық комитетінің төрағасы болды, кейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында жұмыс істеді.

Тұңғыш дене шынықтыру және спорт министрі – Қаратай Тұрысов

Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігі кейінірек таратылды, бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оны 1993 жылдың соңына дейін Қаратай Тұрысов басқарды. Отставкаға кеткеннен кейін ол Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болды, содан кейін Мәжілістің қаржы және бюджет комитетін басқарды. 2004 жылы 70 жасында қайтыс болды.

Тұңғыш баспасөз және ақпарат министрі – Қуаныш Сұлтанов

Қуаныш Сұлтанов 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстанның баспасөз және ақпарат министрі болды. Министрлер кабинетінен шыққаннан кейін Сұлтанов Қазақстанның Қытайдағы, КХДР-дағы және Вьетнамдағы елшісі болып жұмыс істеді, кейін Сенат, содан кейін Мәжіліс депутаты болды.

Қуаныш Сұлтанов 1945 жылы 12 мамырда Талдықорған облысы Панфилов ауданының Еңбекші ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша; КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Саяси ғылымдардың докторы.

Тұңғыш денсаулық сақтау министрі – Ақсұлтан Аманбаев

Қазақстан тәуелсіздік алған кезде денсаулық сақтау министрі Ақсұлтан Аманбаев болды. Ол 1992 жылдың сәуіріне дейін министрлер кабинетінде қызмет етті, оның орнына Василий Девятко келді.

Аманбаев 1940 жылы 23 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдер ауылында дүниеге келген.

1962 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. 1974 жылы Қазақстан Республикасы ҰҒА клиникалық және эксперименттік хирургия ҒЗИ аспирантурасын бітірді, медицина ғылымдарының кандидаты. 1962-1966 жылдары Түркістан темір жолында, 1966-1969 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында, 1969-1984 жылдары Қазақ клиникалық және эксперименттік зерттеулер ғылыми — зерттеу институтында дәрігер болып жұмыс істеді.

1984 жылдан бастап Ақсұлтан Аманбайұлы Аманбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесі істер басқармасы ағарту және денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Денсаулық сақтау және білім басқармасы бастығының орынбасары болды. 1987-1990 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1990-1992 жылдары Қазақ КСР және одан кейін – Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі болды.

Отставкадан кейін ол мемлекеттік қызметтен кетіп, балабақша директоры болып жұмыс істеді, бизнеспен айналысты. 1998 жылдан бері зейнетте.

Тұңғыш еңбек министрі – Саят Бейсенов

Еңбек министрлігін 1991 жылдың наурызынан 1993 жылдың қазанына дейін Саят Бейсенов басқарды. 90-жылдардың басында ол жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ауқымды жұмыстардың бастамашысы болды. Бейсенов парламентке еңбек заңнамасы бойынша заңдардың алғашқы жобаларын енгізді.

Бейсенов еліміздегі алғашқы Еңбек кодексін әзірлеуге қатысты. Кейін ол президент жанындағы Бас бақылау инспекциясының басшысы, Қазақстанның Балтық елдеріндегі елшісі, ұлттық өнімділік орталығының бас директоры болды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы министрлері еліміздің дамуына зор үлес қосты. Олар елдің экономикасын, әлеуметтік және саяси жүйесін нығайтуда, сыртқы саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Олардың еңбегі мен көшбасшылығының арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдарында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік аренада өзіндік орнын тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2115339-tauelsiz-qazaqstan-elimizding-tunggysh-ministrleri-kim/