Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асылдың сынығы Мұрат Әуезов: өмірі және елге сіңірген еңбегі

Жарияланған күні:

Мұрат Әуезов
Қоғам қайраткері - Мұрат Әуезов. Көрнекі сурет: gov.kz

Ол қазақтың тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін зерттеді. Алаш арыстарының аманатын арқалап, мазмұнды еңбектер жазды. Еліне жасаған еңбегі арқылы қазақ руханиятына елеулі үлес қосты. Бұл жазбамызда көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы, эссеист, дипломат және ғалым Мұрат Әуезовтің өмірі мен елге сіңірген еңбегі жайлы деректер ұсынамыз.

Өмір жолы, білім жолы

Мұрат Әуезов қай жылы дүниеге келген? Мұрат Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Ол – заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ұлы.

"Үш арысқа муза болған Фатима" мақаласындағы мәліметтерді негізге алсақ, Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Зейноллақызы 1903 жылы көпес отбасында дүниеге келген. Оның әкесі алты айлығында қайтыс болған. Алғашқы білімін анасы Ғайнижамалдан арабша, парсыша алып, 1911 жылы "Хусайня" медресесін тәмәмдайды. Фатима Ғабитова татар ұлтынан болса да, бар ғұмырын қазақ даласында өткізді. Өз заманында жоғары білімімен, асқан мәдениетімен, көз тоймас сұлулығымен ерекшеленген. Ол қазақтың үш арысының жары болды.

Мұрат Әуезов анасы жайлы айтқан естелігінде былай дейді:

Ол хал­қымыздың мемлекет және қоғам қай­раткері, публицист-жазушы Біләл Сү­леевке тұрмысқа шығады, бірақ ол реп­­рессияға ұшырады. Сосын халқы­мыздың құлагер ақыны атанған Ілияс Жансүгіровпен отау құрды. Көп ұзамай, Ілияс аға да тұтқындалып, атылады. Олардан балалар қалды. Әкем Мұхтар сол балаларға қамқорлық танытты. Әке орнына әке болды. Бұл сыйластықтың соңы олардың көңілі жарасып, нәтижесін­де мен дүниеге келіппін. Мен Ілияс Жансү­гіровтің отбасында туып-өстім. Әкелеріміз бөлек болса да біздің арамызда ешқашан түсініспеушілік болған емес.

Ата-анамыз бәрімізді бөле-жармай, жақсы көрді, туыс ретінде өмірлік көзқарасымыздың дұрыс қалыптасып, білім алуымызға бағыт-бағ­дар берді. Ол "халық жауы" деп жалған айып тағылғандарға қол ұшын созбақ түгілі, олармен жа­қын араласудың өзі қиын заман еді. Бірақ менің әкем Біләл аға мен Ілияс ағаның ар­тын­да қалған ба­ла­ларға өз әкеле­ріндей қам­қор болып, қа­на­ты­ның ас­тына ала білді.

"Халық жауы­ның" әйелі ре­тін­де айдауға да түскен анама үл­кен қалаларда тұ­руға рұқсат ет­педі. Сол бір жыл­да­ры ол өзінің қай­рат­ты­лы­ғын көрсетті. Мер­­кіде жеті­жыл­дық мек­теп­­те оқу ісінің мең­ге­ру­шісі болып, мек­тепті 10 жыл­дыққа ай­нал­дыруға ат­салысқан. Мер­кідегі шә­кірттері осы күнге дейін асқан ілти­патпен ұс­таздарын еске алады. Олар­дың анамызды өте құрмет тұта­ты­нын көріп қуа­намын.

Мұрат Әуезов кім болған? Мұрат Мұхтарұлы – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі.

Әдебиет порталында жарияланған "Мұрат Әуезов туралы он дерек" мақаласын негізге алсақ, Мұрат Әуезов 1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын "Қытай филологиясы" мамандығы бойынша бітірген. Оқып жүрген шағында қазақстандық жерлестерімен бірге Алашорда идеясын насихаттау мақсатында "Жас тұлпар" бейресми жастар қозғалысын құрған.

КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі үшін диссертация қорғады.

Қазақстан Журналистика Академиясының 2007 жылы 27 ақпанда өткен жалпы жиналысында академияның толық мүшесі болып сайланды.

Мұрат Әуезов қандай қызметтер атқарды? "Жұлдыздар отбасы" басылымы ұсынған деректерге сүйенсек, Мұрат Әуезов әр жылдары мынадай қызметтер атқарған:

  • 1965-1977 жылдар аралығында КСРО Ғылым академиясы Азия және Африка институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші аға ғылыми қызметкері;
  • 1977-1980 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі;
  • 1980-1982 жылдары Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бөлім меңгерушісі;
  • 1982-1987 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор;
  • 1988-1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасының басшысы;
  • 1988-1990 жылдары халықаралық "Невада-Семей" қозғалысының вице-президенті;
  • 1990-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыстар алқасы бас редакциясының төрағасы;
  • 1992-1995 жылдар аралығында Қазақстанның Қытай халық республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі;
  • 1995-1997 жылдары Мәдени мәселелерді зерттеу ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі;
  • 2003-2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры секілді жоғары қызметтерді атқарды.

Мұрат Әуезовтің ұлтжандылық жайлы жастарға айтқан өсиеті:

Ұлтжандылық деген бұл – ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары "Сегіз қырлы, бір сырлы" болған. Сыры – осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал.

Мұрат Әуезов қандай еңбектер жазды?

Қаламгер көптеген туындыларды жарыққа шығарған, атап айтқанда "Ділім", "Времен связущая нить", "Иппокрена. Хождение к колодцам времен", "Уйти, чтобы вернуть", "Әлемдік мәдениеттану ой-санасы" 10 томдығы мен "Үлкен жол" (Н.Бабошинмен бірге, 1978 жыл), "Гүл іспеттес жол" (1990 жыл), тағы басқа деректі фильмдер мен еңбектердің авторы.

Қаламгердің "Өнегелі өмір" сериясымен жарыққа шыққан кітабында өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар, замандастары мен әріптестерінің естеліктері, сонымен қатар мұрағаттық деректер мен әр жылдағы суреттер көрініс тапқан.

Ақын Мырзан Кенжебай Мұрат Әуезовтің "Ділім" кітабы туралы:

Мұрат Әуезов пен оның "Ділім" кітабы туралы айтқанда оның жүрегі, бүкіл жан әлемі жалынға, күш жігерге толы сонау жылдары Мәскеуде оқып жүргенде Б.Тайжан, М.Сембі сияқты жігіттермен бірлесіп құрған "Жас тұлпар" ұйымы еріксіз еске түседі. Кітапта КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қырына іліккен бұл қозғалысқа аз ғана аялдама жасалады. Кезінде Мұхтар-әкенің "Қилы заманы" өз дәуіріндегі жастардың ұлттық санасына ой салса, "Жас тұлпар" соның ендігі бір жалғасындай еді. Бұл қозғалыс Алаш идеясынан әкесі арқылы нәр алған жас Мұраттың ел тарихында қалар еңбегі болды. Мұрат осы "Ділім" кітабында сол бір өткен заманды еске алып қана қоймай, бұл тақырыпқа, бұл ұлттық мәселеге жаңаша және әбден пісіп жетілген ұлттық санамен келгені көрініп тұр.

Мұрат Мұхтарұлының мәдениет пен әдебиет саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің перзенті ретінде де еліне адал қызмет атқарып өтті. Алайда қоғам қайраткерінің тарихта ерекше атап көрсетуге болатын өнегелі бір ісі бар. Ол – "Жас тұлпар" ұйымы еді. Қазақ тілінің жұтылып кету қаупі жоғары болған замандарда ұлттық сананы көтеруге бағытталған бұл ұйымның қазақ жастары үшін қаншалықты маңызды болғанын көреміз.

Асылдың сынығы, қазақ қоғамына қалтқысыз еңбек еткен тұлға Мұрат Әуезов 2024 жылдың 14 маусымында дүниеден өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2118810-asyldyng-synygy-murat-auezov-omiri-zhane-elge-singirgen-engbegi/