Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қате аударма: аптап пен ыстықты неге қатар қолданудың қисыны жоқ

Жарияланған күні:

Қате аударма
Қате аударма: NUR.KZ

Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.

Қате: аптап ыстық

"Аптап ыстық" тіркесі – "Аптаптың ыстығы" деген сирек қолданылатын контекстіден ауытқудан шыққан қате. Аптап – "Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігіне" қарасақ, "күннің ыстығы" деген сөз. Оның синонимі – "ыстық". Егер көп басылымда жазылып жүргендей "аптап ыстық" десек, қисынын таппаймыз, себебі екі сөздің де лексикалық функциясы бір. "Қазақ әдеби тілінің сөздігінде" "күн көзі, сәулесі" деп анықтама берілген.

Бұл сөздің мағынасына және этимологиясын да іздеп көрдік. "Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігінде" парсы тіліндегі "күн" деген мағынаны беретін сөз екен. Демек бұл мағынасында аптаптың ыстығы деп қолдануға болатындай. Бірақ "аптап ыстық" тіркесінде логикалық қате бар деп ойлаймыз.

Дұрыс нұсқа: аптап немесе ыстықты бөлек қолдану

Қате: бағасы қымбаттады

Бұл тіркес – орыс тіліндегі "рост цен" деген тіркестен тікелей аударудың салдарынан шыққан қате. "Сөзтүзер" сөздігіне сүйенсек, қазақ тілінде баға жоғары не төмен болады, ал сатылатын заттың өзі қымбат немесе арзан болады. Өйткені баға – тауар емес. Баға көтеріледі немесе өседі, төмендейді немесе түседі.

Дұрыс нұсқа: (Сатылатын зат) қымбаттады

Қате: Тілегім келеді

Баспасөздегі мәтінде де, ауызекі тілек білдіру мен құттықтауда да тілекті тілеп тұрып, сол тілекті келер шақта айту әдетке айналған. Мысалы "Сізге зор денсаулық пен қажымас қайрат тілегім келеді".

"Сөзтүзер" сөздігіне сүйенсек, бұл қолданыс нормаға қайшы.

"Мұның барлығы орыс тілінен калькаланған, ұлттық сөйлеу дағдысына түбірімен жат. Орыс тілінен калька аудару арқылы туындаған арқылы туындаған стильдік қате", - дейді тіл мамандары.

Дұрыс нұсқа: "Сізге зор денсаулық пен қажымас қайрат тілеймін"

Қате: Су беру тоқтатылады

"Прекратится подача воды" деп келетін орыс тіліндегі тіркесті сол күйі аудара салудан туындаған қателік. Қазақ тілінің қолданысында "ағып жатқан су тоқтайды" деген мағынаны біздің жағдайда "су тоқтайды" деуге әбден болады және мағынасын "беру" деген артық анықтама сөзден арыламыз.

"Сөзтүзер" сөздігінің авторлары да осы мысалды талдағанда бұл орыс тіліндегі тіркесті калька тәсілімен аудару арқылы қалыптасқан қате қолданыс екенін жазған.

Дұрыс нұсқасы: Ыстық я суық су тоқтайды

Қате: "Тәжірибе көрсеткендей,"

Бұл орыс тіліндегі "как показывает практика" деп басталатын сөйлемді сол күйі калька тәсілімен аударудан туындаған қателік. Қате қолданыс тілімізге әбден сіңіп кеткені соншалық, бұл тәсілмен ауызекі қолданыста да сөйлейтін болдық.

Ал қазақ тілінің стильдік нормасымен сөйлем құрар болсақ, "әлденені тәжірибе көрсетіп отыр" деп айтуға, жазуға кедергі жоқ.

Дұрыс нұсқасы: сөйлемді басқаша құрау.

Құрметті оқырман, айдарымызды жалғастыра отырайық. Келесі кезекте қай сөз тіркестерін талдауды ұсынасыз, пікіріңізді жаза отырыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2120781-qate-audarma-aptap-pen-ystyqty-nege-qatar-qoldanudyng-qisyny-zhoq/