Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ даласындағы неке заңдары: әмеңгерлік туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Қазақ қызы
Қазақ қызының бейнесі. Көрнекі сурет: brod.kz

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында көптеген әдет-ғұрып мен салт-дәстүр сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Осындай ерекше дәстүрлердің бірі – әмеңгерлік. Бұл дәстүр ме, тарихы қандай, қазіргі заман салтына қайшы емес пе? Бірге қарастырып көрейік.

Әмеңгерлік – қайтыс болған ағасының немесе бауырының жесірін туған бауыры алуы, яғни оның отбасына қамқорлық жасау, асырап-бағу міндеті.

Әмеңгерліктің басты мақсаты – жесір қалған әйелдің тағдырын қиындатпай, оны өз әулетінде қалдыру арқылы отбасын бұзбай, туыстық байланыстарды сақтау. Бұл дәстүр әлеуметтік және моральдық құндылықтарды нығайтумен қатар, отбасы мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Әмеңгерліктің тарихы мен маңызы

Әмеңгерлік дәстүрі қазақ қоғамында патриархал жүйеге негізделген. Осы дәстүр арқылы жесір әйелдер мен олардың балаларының әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету көзделген. Жесір әйелді басқа отбасына беру оның және балаларының тағдырын белгісіздікке итермелейтіндіктен, туған бауырының қамқорлығында қалдыру тиімді шешім болған делінеді.

Әмеңгерлік қалай жүзеге асырылған?

Қазақ қоғамында әмеңгерлік рәсімі бірнеше кезеңнен тұрған. Жесір қалған әйелдің келісімін алу маңызды болған. Егер әйел келісім берсе, онда ол ағасының немесе қайтыс болған күйеуінің туған бауырына тұрмысқа шыққан. Егер әйел қарсы болса, онда ол басқа шешім қабылдауға құқылы болған. Алайда бұл құқық көп сақтала бермеген.

Сонымен қатар әмеңгерлік тек ағасының жесіріне емес, жалпы туыстық байланыстарға да қатысты болған. Мысалы қайтыс болған ер адамның жесірі болмаса, оның жесір қалған апасына немесе әпкесіне де қатысты болуы мүмкін.

Тарихшы ғалым Халел Арғынбаев былай дейді:

"Жесір әйелге күйеуінің барлық туысы әмеңгер болып есептеледі. Бірақ, олардың құқы туыстық жақындығына байланысты болады. Ең алдымен күйеуінің бірге туған аға, інісі, ағасының баласы, немере, шөбере туысқандары, одан қала берді аталас жақындарының жесірге иелік етуге әмеңгерлік қақы болатын. Мұның өзі қалың мал төленіп алынған әйел тек өзінің күйеуінің ғана емес, онымен бірге барлық туыстарының, тіпті рулы елдің иелігіне көшетінінің анық айғағы".

Профессор Серғазы Қалиев "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" ғылыми еңбегінде "Қазақтың әмеңгерлік салты қара жамылған шаңырақтың өмір талқысының құрбаны болып кетпеуін көздеуден туындағанын дәлелдейді. Әмеңгерлік салты жасы келген, үйлібаранды, балалы-шағалы әйел жесір қалғанда қолданылмайды, тек жас, әлі де бала туа алатын әйелдерге жүреді" деп пікір білдірген.

Кеңес өкіметі әмеңгерлікпен қалай күресті?

Бұл сұрақтың жауабын "ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақ қоғамындағы әйелдер мәселесіндегі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің орны" деп аталған зерттеуден таптық.

Зерттеуде Алаш қайраткері, жазушы әрі журналист Қошмұхамбет Кемеңгерұлының үш томдық шығармалар жинағының 2 томындағы "Әйелдер тұрмысы" деген бөлімінде айтылған мәселелер айтылған. Мәселен, қазақ қоғамындағы әйелдердің бас бостандығының жоқтығы, олардың байларға, немесе кемістігі бар бай балаларына, не шалдарға мал есебінде сатыла беретіндігі жөнінде, ал күйеуі қайтыс болған жағдайда қайынаға не қайнысына "әмеңгерлік" салтымен күйеуге шығатындығын жаза келіп, бұл салт әулеттің малын сыртқа шығармаудың амалынан туындаған деген пікірді айтады.

"Бірақ бұл жерде біз Қ. Кемеңгерұлының "әмеңгерлік" салт әулет малын сыртқа шығармау амалынан деген пікірін толық қолдай алмаймыз, мәселенің екінші жағын айта кету керек – қазақ қоғамында орын алған әмеңгерлік салтының ең бірінші мақсаты жесірді шеттетпей, сыртқа жіберіп жылатпай, жетім балаларын әулеттен алшақтатпай қамқорлыққа алудан туындаған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі міндеттерінің бірі әйел құқығының теңдігін қамтамасыз ету болды. Осыған сәйкес 1920 жылы желтоқсанда ОАК және Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесі (СНК) қалың малды жою туралы декретке, 1922 жылы зорлықпен күйеуге берудің заң жүзіндегі жауапқа тартылатындығы, 1924 жылы екі не одан да көп әйел алуды, 1925 жылы кәмелет жасына толмаған жас қызбен некелесу, құда түсу, әмеңгерлікпен үйлену жазаланатындығы жөнінде заң қабылдайды", - делінген зерттеуде.

Сол еңбек бойынша, әйел теңдігіне қатысты кеңес үкіметінің заңы бойынша әйелдер ерлермен бірдей азаматтық құқықтарының бәріне ие болды. Әйелдер барлық әлеуметтік, мемлекеттік жұмыстарға қатыса алатын, заң бойынша қыз бала 16-ға жеткенше ғана ата-ананың қарауында болып, бұл жасқа жеткеннен кейін ата-анасының рұқсатынсыз, қыз кімге барамын десе де құқылы екендігі нақтылап көрсетеді.

Дегенмен де, қалыңдыққа "қалың мал" беру 1920 жылы жойылғанмен, онымен жоспарлы түрде күрес 1924 жылы басталады. Сондықтан 1924 жылы Қазақстан және Орта Азия республикаларында "қалың малдың жойылу күні" мерекесі енгізіледі.

"Ақиқатында, кеңес өкіметінің әйел теңдігіне қатысты қабылданған заңдары бірден жүзеге аса қойған жоқ, оның үстіне патриархалдық қоғаммен өмір сүрген қазақ халқы оларды бірден қабылдамады, ауылды жерлердегі қазақ әйелдері бұл жеңілдіктерді сезіне алған жоқ. Жоғарыда көрсетілген Кеңес өкіметі қылмыс заңына қалың мал, көп қатын алу туралы баптарды енгізгенмен, қазақ халқының қалыптасқан салт-дәстүр, әдетғұрпын ығыстыра алған жоқ.

Бұл жөнінде Қ. Кемеңгерұлы: "...қазақтың ертеден келе жатқан әдет-ғұрпының күшін бірден жойып жібере алмады,қалың малды көрсетпей алып, көп қатын алғысы келгендер заңды аттап өтпесе де, айналып өтіп жүр, бұрынғы қатынынан ажыраған болып, зәкіске мәлімденеді де, екінші, иә үшінші тоқал алып жүре беретіндігін", мұндай кемшіліктің 4-5 жылда жойылып кетуінің қиындығын, әдет-ғұрыптардан туған бұл қылмыстарды жою үшін көзі ашық көсем әйелдер билер, қосшы билер, қорғаушылар көбірек болмай реті келмейтіндігін жазған (Кемеңгерұлы, 2005: 236), онымен қазақ арасында отбасын құрауда қызға үйлену қалың малмен есептеу, кәмелетке толмаған қыздарды малға сату, екінші не үшінші тоқалдыққа беру, еріксіз әмеңгерлік жолымен неке қию, т.с.с. қазақтың тұрмыс салтындағы ғұрыптар ХХ ғ. 30 жылдарына дейін (кей аймақтарда жасырын 50 жылдарға дейін) жалғасты", - делінген үш автордың бірлескен зерттеуінде.

Әмеңгерлік пен қазіргі заман

Бүгінгі таңда әмеңгерлік дәстүрі қазақ қоғамында сирек кездеседі. Қоғамның дамуы мен өзгеруіне байланысты, қазіргі заманның талаптары мен құндылықтары дәстүрлі әдет-ғұрыптарға әсер етіп жатыр. Әмеңгерлік дәстүрінің орнына қазіргі уақытта әйелдердің өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндігі бар, яғни өз еркімен өмірлік серігін таңдай алады.

Дегенмен әмеңгерлік – қазақ халқының мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде тарихта сақталып, зерттеушілердің назарында. Бұл дәстүр арқылы қазақ халқының отбасы мен қоғамдағы жауапкершілік, қамқорлық және туыстық байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысы анық көрінеді.

Қорытындылай келе, әмеңгерлік – қазақ халқының ерекше дәстүрлерінің бірі, ол өз кезегінде қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды элементі саналады. Бұл дәстүр арқылы қазақ халқының адамгершілік құндылықтары мен туыстық қарым-қатынастарының маңызы айқындала түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2124150-qazaq-dalasyndagy-neke-zangdary-amenggerlik-turaly-ne-bilesiz/