Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жезтырнақ, жалмауыз кемпір, дәу: қазақ мифологиясындағы атаулардың мән-мағынасы қандай

Жарияланған күні:

Иллюстрация
Иллюстрация: adyrna.kz

Жезтырнақ, жалмауыз кемпір, жалғыз көзді дәу сияқты кейіпкерлер бәрімізге бала күнімізден таныс. Бұл кейіпкерлер қазақ мифологиясында ғана емес, әлем елдерінің аңыз-әңгімелерінде де ұшырасады. Ендеше ертегі, аңыздардағы кейіпкер атаулары қайдан шыққан? Не мағынаны білдіреді? Бұл материалымызда зерттеуші ғалымдар еңбегіне сүйене отырып, осы сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік.

Қазақ мифологиясында қандай кейіпкерлер бар?

Миф (грек. mythos – баян, аңыз, мысал) – өте ертеден қалыптасқан ең көне жанрлардың бірі. Әбдуәли Қайдар миф ұғымына "көне дәуірдегі адамдардың дүниенің пайда болуы, табиғат құбылыстары, құдайлар мен ғажайып батырлар туралы шығарған аңыздары" деп анықтама береді.

Мифтік кейіпкер – алғашқы қоғам өкілдерінің қоршаған ортаны қабылдауындағы кез-келген заттың жаны бар, иесі бар деген таным-түсінігінің негізінде пайда болған кейіпкерлер.

Сая Итеғұлованың құрастыруымен жарық көрген "Қазақтың мифтік кейіпкерлері" деген жинақта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлер алты топқа жіктелген:

  • тотемдік кейіпкерлер: Көк бөрі, Көк өгіз;
  • шамандық кейіпкерлер: Самұрық, Бәйтерек, Бақсы;
  • демонологиялық кейіпкерлер: Албасты, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, Мыстан кемпір, Пері, Жын, Шайтан, Дию;
  • хтоникалық кейіпкерлер: дәулер (Дәу, Қара дәу, Жалғыз көзді дәу. Шойынқұлақ, Үш дәу (Үлкен, ортаншы, кіші), Аю дәу), алыптар (Алаңғасар мен Арсалаң, Толағай, Ерсары, Ұлтанқұл), ергежейлілер (Ергежейлі, Жартықұлақ, Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс);
  • ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (Таусоғар, Көлтауысар, Саққұлақ, Желаяқ, Епті), пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата).
  • трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.

Албасты

Албасты – қазақтың тұрмыстық мифологиясындағы зұлым демонның образы.

Серікбол Қондыбай мифологияға арналған еңбектерінде аңыз-әңгімелерде жиі кездесетін албасты деген атау қайдан шыққанын тәпіштеп түсіндіреді.

"Албасты – айналғыр-оборотень, ол кез келген нәрсе мен мақұлыққа айналып кете алады. Олар жас босанатын әйелдер мен жас балаларға зиян салады, ауру мен түнгі үрей әкеледі; адамның өкпесін, жүрегін, бөтекесін ұрлап әкетіп суға салғанда ол адам өледі. Бұл әрекеті оны ертегідегі өкпеге айналып, суда қалқып жүретін мыстан кемпірге ұқсас етеді. Албастылар жылқы малына үйір, олардың жалын өріп қойып, түнде мініп жүреді.

Түркі халықтарының тіліндегі оның аталу нұсқалары – албассы, албарысты, албаслы, хал, хал анасы, албаслы қатын, алмасты, ал-ана, ал, ал-қары, ал-құзы, албыс. Бұл атаулар дағыстан, чеченингуш, моңғол, тәжіктер түсінігінде бар. Міне, осы этно-мифогеографиялық ареалға қарап "албасты" сөзінің түркілігін анық көруге болады. Өйткені айтылып жүрген "ал" және "бас" сияқты иран сөздерінег-н құралған деген пайымдау бар екендігін айтуымыз керек. Албасты сөзінің этимологиясы "ал" түбірімен байланысты. Ежелгі мифтік Ал-Ана — мифтік ру, қоғам мен отбасының қамқоршысы болған ру-ана, тайпа рухы және аңшылардың қамқоршысы", деп жазады Серікбол Қондыбай.

Көптеген хикаяда албасты жалбыраған сары шашты, тісі ақсиған, кейде құс аяқты немесе өкшесі теріс қарап тұрған, үстін жүн басқан немесе керісінше, арқа жағы жоқ жалаңаш деп сипатталады.

Албасты
Албасты. Көрнекі сурет: adebiportal.kz

Сейіт Қасқабасов ел арасында тараған албасты туралы хикаяларды үш сюжет бойынша топтаған:

Бірінші сюжет мынадай: бір адам жолда келе жатып аузында адамның өкпесі бар итті (немесе ешкіні, т.б. хайуанды) көреді. Оның албасты екенін біліп, әлгі адам албастыны сабап, өкпені алған жерге қайта қуып келеді. Келсе, жаңа босанып жатқан әйел не талып, не өліп жатады. Үйге келген адам албастыны ұрып, өкпені орнына қойдырады. Сол кезде әйелге жан бітіп, көзін ашады.

Екінші сюжет бойынша, албасты түнде ешкімге көрінбей келіп, үйдегі әйелді, немесе қызды тұншықтырып жүреді. Осы үйге қонаққа келген "киелі" біреу албастыны көріп, оны сабап, үйден қуып жібереді, сөйтіп ауру адам науқасынан мүлде айығады.

Хикаялардың үшінші сюжеті былай деп баяндалады: бір адам албастыға жолығып, соған үйленеді де, біраз уақыт бірге тұрады. Соңында әр түрлі себептерге байланысты адам одан қол үзеді, бірақ албасты оған зияндық істейді. Адам оны ұрып қуады, немесе атып өлтіреді.

Осы үш сюжетте де албасты адамға зиян келтіретін кейіпкер ретінде көрсетіледі.

Исламға дейінгі діни сенімде албасты әйел бақытын қорушы, жүкті әйелдерді жебеуші құдай дәрежесіндегі персонаж болғанын айта кеткен жөн.

АйдаҺар

Ертегі-аңыздардағы тағы бір кейіпкер – айдаҺар. Оның "аждаһа" түріндегі синонимі де бар. Айдаһар өте көнеден келе жатқан персонаж болғандықтан мифте, ертегіде және эпостар мен жырларда басты кейіпкердің негізгі жауының бірі ретінде сипатталады.

"Айдаһар" сөзі ежелгі ирандық-авесталық мифтік кейіпкер Дахакадан бастау алады", деп жазады мифологияны зерттеуші ғалым Серікбол Қондыбай.

Оның пайымдауынша, бүгінгі фольклорлық айдаһар образы ортағасырлық араб-парсы ертегілік және эпикалық дәстүрінің толық ықпалына түскен, яғни солардың сипатына сай қалыптасқан. Олар бір, үш, жеті басты құбыжық бейнесінде суреттеледі, үңгірлерде, құдықтарда тұрады. Ертегілерде ең жиі таралған сюжеті – су көздерін басып алып, елдің адамдарын (көбіне қыздарын) алып, жеп тұратыны.

АйдаҺар
АйдаҺар. Көрнекі сурет: el.kz

"Айдаһар (аждаһа) сөзінің дей-түркілік этимологиясы: мұндағы "ажи" сөзі "жылан" "жылан-баба, әже" дегенді білдірсе, "даһ" сөзі (tang праформасынан өрбіген) "бастапқы тіршілік көзі, тіршілік иесі, тірі пенде" немесе "тіршілік, өмір беруші" дегенді білдіреді, яғни Айдаһар – "Барлық жанды жаратушы, тудырушы баба, әже, "жылан-баба" дегенді білдіретін сөз. Бұл тұрғыдан қарағанда, дей-түркілік "Айдаһар" (Аждаһа, Ажи-Даһ, Ажи-Дан) – тіршілікті жаратушы, тәңіриелер мен адамдардың, жалпы тірі мақлұқтардың арғы, түпкі бабасы, "Ұлы Ана" категориясына кіретін мифтік тұрпат", - деп түсіндіреді мифологияны зерттеуші ғалым.

Дию

Қазақ ертегісіндегі негізгі кейіпкерлерінің бірі – дәулер. Дәулер – қара күштің иесі. Кей сюжеттерде адамға көмектесетін жағымды кейіпте, кейде адамдарға қарсы келетін күш ретінде көрінеді.

Дию – бірде дәу, бірде дию түрінде аталып, фольклорлық шығармаларда басты қаһарманға кедергі болатын жағымсыз кейіпкер.

"Дәу – парсы поэзиясы арқылы енген термин, ол жалпы үндіевропалық "диос", "дайва", "дэв" – "жарық аспан" сөзінен өрбіген", деп жазады Серікбол Қондыбай.

Қазақ ертегілерінде Жалғыз көзді дәу, Төбекөз дәу, үш дәу, аю дәу, қара дәу деген кейіпкерлер кездеседі.

Дию
Дию. Көрнекі сурет: adebiportal.kz

Бижомарт Қапалбек диюдің мынадай басты ерекшеліктерін атап көрсетеді:

  • Диюлар қазақ фольклорына шығыс әдебиетінен енген бейне;
  • Диюлар сиқырлы күш иелері. Олар кей жағдайда өзінің сиқырын бас қаһарманды мұратына жеткізу үшін жұмсайды;
  • Диюлар жер бетінде емес, аспан мен жер аралығындағы тылсым әлемде қауымдасып өмір сүреді;
  • Диюлар адамдармен қоректенбейді. Перілер тәрізді олар да адамдар әлемінен аулақта күн кешеді;
  • Шығыстық сарындағы ертегілерде диюлар сұлу әйелдерді ұрлап әкетіп, солармен некелесіп өмір сүреді.

Зерттеуші Р.Абилхамитқызы қазақ фольклорындағы дәу мен дию бейнесіне сипаттама жасай келіп: "Кейін адам санасы дами бастаған уақытта, табиғаттың тылсым күшін ұғынып, өз-өзін тани бастағаннан кейін, сол ескі сенімдегі дәулер енді өз қуатын жоя бастаған. Ескі түркі мифологиясында тау мен тасты көтеріп жүрген дәулер батырға көмекке келсе, одан кейінгі мифологияда батыр дәумен алысып, оны жеңіп мұратына жеткен. Бертін келе қоғам дамығаннан бастап қалыптасқан мифологиясында, дәу Қаңбақ шалдан жеңіліп жүрген ақымақ, жарым ес кейпіне түсіп, тек қара күшінен басқа ештеңесі жоқ бейшара ретінде алынып, ажуа мен күлкіге қалады", - деп бұл бейненің эволюциялық өзгеру барысын түсіндіреді.

Жезтырнақ

Жезтырнақ – қазақ мифтерінде сұлу әйел бейнесінде келетін жез мұрынды және жез тырнақты мифтік кейіпкер.

Жезтырнақ әдетте ол жолға шыққан аңшыны я болмаса батырды аңдып, күн батқанда күміс шолпысын сылдырлатып қасына келеді. Адамның жүрегін жез тырнағымен қарс айыратын зұлым күш иесі көбіне әйел рөлінде бейнеленсе де, Шоқан Уәлиханов оның еркек түрі де барын атап кеткен. Еркек жезтырнақ сирек кездеседі, оны тек өз балтасымен өлтіруге болады деген сенім бар.

Жезтырнақ туралы мифтер қырғыз халқында да джез тырмак немесе джез тумшук деген атаумен жиі кездеседі. Ұқсас оброздар түмендіктерде (шулбус) және буряттарда (му-шубун) бар.

Ш.Уәлиханов: "Жезтырнақ – әйел кейпіндегі жын (дух). Ол орманда өмір сүреді. Жезтырнақ туралы аңыздар көп" деп жазады.

Ал профессор С.Қасқабасов: "Жезтырнақтың әу бастағы түпкі мифологиялық қызметі қамысты даланың, ну орманның қожайыны (рух-иесі) болуы ықтимал. Кейіннен әлемдік дін ығыстырғанда оның бейнесі хикая жанрына ауысып, өзгеріске ұшырап, енді зияндас кейіпкерге айналып кеткен" деген пікір айтқан.

Ғалым С. Қондыбай "жезтырнақ – тұрақты сюжеті бар келіншек сипатындағы мифтік бейне. Оның атрибуты – алтыны бар шилан, күміс шашбау. Үңгірлерінде мол қазынасы бар жезтырнақ – ежелгі аңшылардың пірі, аңдардың қамқоршысы болған "Арғы Әженің" эволюцияға ұшыраған параллелі" деп түсіндіреді.

Үббе

"Әдебиет порталында" жарық көрген "Қазақ демонологиясы" мақаласында үббе не үбі деп аталатын мифтік кейіпкер кеңінен сипатталады.

Үббе немесе үбі – қазақ нанымында судың ішінде болатын құбыжық. Үббе өзен-көлге шомылып суға түсіп жүрген адамдардың сирағынан ұстап батырып өлтіреді. Ертеде адамдар суда жүргенде қорқыныш сезсе, "Үббе, маған тиіспе!" деп айғайлайтын болған.

Зерттеуші ғалымдар "үббе" деген атаудың өзі "үптеу" (жоқ қылу) деген етістікпен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.

Қазақ демонологиясында "үбіжәй", "бүжәй" дейтін кейіпкер бар. Көбіне Үбіжайды айтып, кішкентай балаларды қорқытады. Әр өңірде қолына қорқынышты бірдеңені ұстап алып "Үбіжәй келе жатыр! Жыласаң, үбіжәй алып кетеді!" деп баланы тәртіпке салып жатады. Мұны айтқан адам "үбі", "үбіжәй", "бөжей", "бөжек", "үбіжік" дейтін осы құбыжықты меңзеп тұр.

"Үббе мен үбіжәй негізі бір ұғым деуге болады", деп жазады мақала авторы.

Қандай мифтік кейіпкерді алып қарасақ та, замандар ағысымен о бастағы сипатынан айырылып, мүлде қарама-қайшы образға айналғанын байқауға болады. Қалай десек те, әр кейіпкер – ауыз әдебиетіміздің асыл қазынасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2124534-zheztyrnaq-zhalmauyz-kempir-dau-qazaq-mifologiiasyndagy-ataulardyng-man-magynasy-qandai/