Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қажымұқан Мұңайтпасов туралы қызық деректер

Жарияланған күні:

Қажымұқан Мұңайтпасов
Күш атасы - Қажымұқан Мұңайтпасов. Көрнекі сурет: novayaepoxa.com

Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой палуан, орасан күштің иесі әрі күрестің бірнеше түрін меңгерген әлем чемпионы. Ол француз күресі бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қазақ. Атағы әлемді шарлаған палуанның алып күші мен елін сүйген кең жүрегі жайлы жазылған туынды да аз емес. Бұл мақаламызда күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов туралы қызықты деректер ұсынамыз.

Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы қандай деректер білеміз?

Тарихи деректерге сүйенсек, Қажымұқан Мұңайтпасов 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Кей жерлерде палуанның 1886 жылы дүниеге келгені айтылады. Ол Қыпшақ тайпасының Ұзын ішіндегі Алтыбас руынан шыққан. Жарының есімі Надежда Чиповская. Ол исламды қабылдағаннан кейін Бәтима атанған.

Қажымұқан Мұңайтпасов 1901 жылы Омбыда өткен палуандар додасында белгілі атлет И.Злобинмен кездескен. Ол Қажымұқанның алып күшін байқап, белгілі палуан И.В. Лебедевпен жолығуға кеңес береді. Осылайша Қажымұқан 1904-1907 жылдары И.И. Лебедев мектебінде классикалық күрес және цирк өнерін үйренеді.

Қажымұқан Мұңайтпасов қанша медаль алған? gov.kz ұсынған мәліметке сүйенсек, әйгілі палуан 48 медаль олжалаған. Ал bugin.kz сайтына жарияланған "Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы қызықты деректер" мақаласындағы ақпаратта қазақ палуаны дүние жүзінің 28 мемлекетін аралап, сол жерлердің саңлақтарымен белдесіп, 56 медаль алғаны жазылған. Олардың 4-еуі ғана бүгінге дейін сақталған көрінеді.

Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Деректерде Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағаны айтылады. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу нағыз ерлік болатын.

Атандым Қажымұқан бала жастан, Ішінде империяның болдым асқан, Кешегі Омскінің қаласында Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан.

Қажымұқан Мұңайтпасов қандай жетістікке жетті?

  • 1895 жылы Киевте өткен балуандар күресінде Қажымұқан Мұңайтпасов алғаш рет дүние жүзінің чемпионы атағын алды.
  • 1905 жылы Қытайдың Харбин қаласында жапон чемпионы Саракикиді жеңді.
  • 1906 жылы Германия астанасы Берлин қаласында өткен додада неміс балуаны Фон Кенигті жеңген.
  • Қажымұқан 1909 жылы өткен халықаралық балуандар жарысында "Қара Мұстафа" деген атпен шыққан. Осылайша бүкіл әлемге Қажымұқанның неше түрлі лақап аты тарай бастады.
  • 1910 жылы Еуропа және Ресей балуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да бар еді. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы болатын. Қазақ балуаны сол жылы әлем чемпионы Ганс-Каванды жеңіп, алтын медальмен марапатталды.
  • 1911 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов Стамбулға барды. Сол кезеңде әлемде түрік палуандарынан мықтысы жоқ сияқты көрінетіні сонша, ол жаққа орыс палуандары аяқ баспайтын еді. Осы ретте намысқой Қажымұқан Мұңайтпасов өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буды.
  • 1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты. Олардың, кейбірінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді.
  • 1913-1916 жылдары Парижде дүние жүзіне белгілі чемпион Стурментті жықты.
  • 1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста негізгі қарсыласы Вестергард Шмидтті жеңді.
  • Қажымұқан Мұңайтпасов азамат соғысынан кейін күресті дамытуға кірісті. Ол Қазақстан аумағында түрлі чемпионат ұйымдастырды.
  • Қажымұқан джиу-джитсудан Америкада чемпион атанған.

Қажымұқан Мұңайтпасов сайыстарда неліктен лақап атпен шығып жүрді?

Жауырыны жерге тимеген Қажымұқан орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан ретінде аса ұнай қоймады. Сол үшін Қажымұқан Мұңайтпасов орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Осылайша оған неше түрлі лақап ат қойылды. Сол кездегі саясат бойынша тек орыстар ғана емес, жапондар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды "Ямагата Мухунури" деген лақап атпен де күрестірген. Палуанның бұдан басқа Мухан, "Иван Чёрный" сияқты есімдері де болған.

Мұқан Мұңайтпасов қалай Қажымұқан атанды?

Түркия елінде өткен жарыста Қажымұқан Нұрлы есімді палуанды жеңеді. Қазақ палуанының күш-қуатына тәнті болған Ыстамбұл қаласының әкімі Чағыр паша оны өзімен бірге қажылыққа аттануға шақырады. Осылайша Мұқан Мұңайтпасов қасиетті Меккеден Қажымұқан болып оралған еді.

Қажымұқан туралы кітаптар
Қажымұқан Мұңайтпасов туралы кітаптар. Көрнекі сурет: massaget.kz

Жылы жазбалар

"Қазақ балуандары" кітабының авторы Қыдырбек Рысбекұлы:

Қажымұқан туралы қалам тербеген алаш қаламгерлерін түгендеп шығу да оңай емес. Сəкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Əзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Əбділда Тəжібаев, Дихан Əбілев, Сапарғали Бегалин, Сəбит Мұқанов, Əуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мəуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Əбдіқадыров, Сəуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Əди Шəріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Əлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Əбдірашев, Бекен Əбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Əділғазы Қайырбеков, Əсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков... Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов... Аттары аталған бір-бір бəйтеректей ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдай едіңіз.

Қажымұқан жайлы Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов естеліктер жазған, өлең-жырлар арнаған. Ақын-жазушылар күш атасының палуандық қырын ғана емес, Отанын сүйген үлкен жүректің иесі ретінде суреттеген. Сондай-ақ күш атасы жайлы көптеген естелік, көркем фильм, хроникалық киноленталар бар.

Қажымұқан жайлы кітаптар:

  • Ғазизбек Тәшімбаев – "Күш атасы" естелік жинағы.
  • Ян Дымов – "Воля батыра" қазақ палуандары жайлы жинағы.
  • Әлімқұл Бүркітбаев – "Қажымұқан" романы және басқа да шығармалар жарыққа шыққан.

Заңғар таулар жотасын

Мен өзіңе ұқсатам.

Танымайтын атасын

Сəлем саған, күш-атам!

Төлеген Айбергенов

Тау көтерсең – қарың сенің талмапты,

Сондай күшпен ата-бабаң мал бақты.

Саған арнап құйған шойын ескерткіш

Болмас сенен салмақты!

Қадыр Мырза Әли

Қажымұқан палуан
Қажымұқан Мұңайтпасовтың бейнесі. Көрнекі сурет: massaget.kz

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында

1937 жылы Мұңайтпасовтың ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп, қудалады. Сол себепті ол отбасын тастап, Түркістан өңірі мен Өзбекстанда бас сауғалады.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың соғыс жылдарында жасаған еңбегі туралы да жиі айтылады. Ол Ұлы Отан соғысы басталған тұста екі жылға жуық цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тапқан әрі оны майданға жіберген.

1944 жылы Ленинград аспанында Қажымұқанның ақшасына жасалған ұшақ пайда болған. Ұшақтың бүйіріне "Ленин үшін, Отан үшін" деген ұрандар жазылмады. Ұшақтың бір жағында қазақ батыры Амангелді Имановтың, екінші жағында Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдері жазылған болатын.

Аты әлемге танылған палуан Қажымұқан Мұңайтпасов 1948 жылы Түркістан облысы, Бөген ауданы, сол кездегі Ленин туы колхозында қайтыс болды. 1980 жылы Арыс ауданы, Темірлан ауылында мемориалдық музей ашылды, сол ауылда күш атасына арнап ескерткіш орнатылды.

1986 жылдан бастап классикалық күрес бойынша Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы халықаралық турнирлер өтіп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2125191-qazhymuqan-mungaitpasov-turaly-qyzyq-derekter/