Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазығұрттың киесі: ел арасында киелі атанған әйгілі өлкенің тарихын білесіз бе

Жарияланған күні:

Қазығұрт мекені
Қасиетті Қазығұрт жері. Көрнекі сурет: el.kz

Қазығұрт өлкесі туралы айтқанда ең алдымен ойға Нұх пайғамбардың кемесі түседі. Ел ішінде бұл аңызды білмейтін адам кемде-кем. Көпшілік бұл өлкені адамзаттың тал бесігі санап, киелі жер ретінде бағалайды. Қазығұрт жеріне қатысты тарихи деректер мен аңыздарды осы жазбмыздан оқи аласыздар.

Қазығұрт тауы жайлы

"Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?!", - деген өлең жолдары ел арасында жиі айтылады. Мұның сыры ондағы кемемен байланысты болса керек. Ал Қазығұрттың басындағы кеменің астарында қандай тарих жатыр? Алдымен Қазығұрт тауы туралы мәлімет ұсынсақ.

Қазығұрт тауы қай маңда орналасқан? Қазығұрт тауы Қазақстанның оңтүстігінде, Талас Алатауының оңтүстік-батыс сілеміндегі Өгем тау қыраттарының батысын ала оқшаулау орналасқан. Шымкент қаласынан 35 км оңтүстікте. Шығыстан батысқа қарай 20 км созылып жатыр, ені 8-10 км. Абсолютті биіктігі 1768 м. Кемеқалған шыңы. Тау шығыстан батысқа қарай бірте-бірте аласарады, сыртынан қарағанда керісінше батыс жағы биіктеу көрінеді. Беткейінде бетеге, боз, аңғарында арша, долана ағаштары өседі. Тау маңайында қасиетті саналатын орындар аса мол.

Ежелгі жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда "Қазығұрт" атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – "қаңғұқ-урт" болған деседі. Мұндағы "Қаңғұқ" (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі "бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана" дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікірде "Қазығұрт" атауы "Қазық" сөзіне "йурт" (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың "Қазық жұрты" дегенді білдіреді.

Кемеқалған шыңы жайлы не білеміз?

Жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар кемесін әр елдер өздерінің қасиетті тауларына, ал қазақтар Қазығұрт тауында қайырлатады. Қазығұрт асуынан динозавр сүйегінің табылуы – өзге де жаратылыстарды зерттеген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Қазығұрт, Қаратау, Қаржан, Өгем таулары аралығы тіршілік ерте пайда болып, адамзат баласы осы маңда тіршілік еткенін мақтанышпен айтуға болады.

Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің. Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен. Жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен. Асан Қайғы

Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімі туризм секторының мәліметтері негізінде жарияланған "Қазығұрт тауы" мақаласын негізге алсақ, алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені елестетін Қазығұрттың төбесі ойпаң, жазық боп келеді. Мұнда "Адам ата шоқысы", "Пайғамбар тоқтаған", "Пайғамбар саусағы", "Пайғамбар атының су ішкен жері", "Ғайып-Ерен қырық шілтен", "Маңсары әулие" сияқты аңыз жетегіндегі орындар бар.

Әйгілі "Оғызнама" және араб тілінде жазылған шығармаларда Қазығұрт тауының атауы ерекше аталатын көрінеді. Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел болса керек дейді "Қазығұрт - ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан туристік аймақ" мақаласының авторы Саламат Айбар.

Қазғұрттағы кеме
Қазығұрт жеріндегі кеме. Көрнекі сурет: el.kz

Қазығұрт аңызы

Журналист Жазира Берғалиеваның el.kz сайтында жарияланған "Адамзаттың тал бесігі – Қазығұрт тауы" мақаласында жер жүзін топан судың басуына байланысты аңыздың сан түрлі нұсқасы бар екені айтылады. Соның ішінде бізге белгілісі осы:

Нұх пайғамбар апат басталған кезде кемесіне мініп жеті ай, жеті күн, жеті сағат жүріп Қазығұрт тауының басына келіп тоқтайды. Пайғамбар кемесіне балалары мен жақын туыстарын және түрлі аң-құстарды отырғызған. Кеме таудың басына келіп аялдаған кезде адамдар тіршілік белгісі бар ма, жоқ па білу үшін ең бірінші құстарды жіберген екен. Сол сәтте босатылған құстардың барлығы ұшып кетіп, қайта оралмапты. Тек қарлығаш қана бұтақтың жасыл жапырағын тістеген күйі ұшып келген екен. Міне осы кезеңнен бастап, қарлығаш қазақ халқы үшін адалдық пен молшылықтың, бірлік-берекенің символы болып қалған. Сондықтан да халқымыз қарлығаштың ұясын бұзбайды және бұл құс ұя салған жерге бақ қонады деп білген. Міне осылайша, Қазығұрт тауында адамдар жаңа өмір бастап, ұрпақ таратқан.

Аңыз бойынша кемеге мінген халықтың ішінен тек Нұх пайғамбардың үш ұлы мен үш келіні ғана аман қалған екен. Бүгінгі адамзат солардан таралады. Бар әлемді топан су басқаннан кейінгі өмірдің бесігіне айналған тауға әділдікті ту еткен қасқырдың есімі берілген деседі. Ежелгі аңыз бойынша топан судан кейін аштық кезеңі болады. Міне осы тұста "тірі жандыны өлтіруге болмайды" деген тиымға қарамастан қасқырдың ұрғашысы жыртқыштығына басады. Бұған ашуланған қасқырдың еркегі оны жазалайды. Бұл оқиғадан кейін тау тұрғындары оны "әділ қасқыр", яғни "Қазығұрт" деп атап кеткен екен.

Қазығұрт тауы
Қазығұрт тауының көрінісі. Көрнекі сурет: el.kz

Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы Қазығұрт жайлы былай дейді: "Орыс ғалымдары Тәжікстанның теңіз деңгейінен 300 метр биігінен акуланың сүйегін тапты. Яғни, 12 мың 680 жыл бұрын Орта Азия топан су тұтқынында болған делінетін ғылыми дерек Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған деген аңызды тірілте түседі".

"Адырна" сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы 1970 жылы Мәскеудің Ленин атындағы кітапханасынан төте жазумен жазылған "Наурыз" деп аталатын ұзақ жырдың қолжазбасын тапқан. Бұл жырда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні екені, осы күні үлкен той жасалғаны, сол ұлы мерекеге адам мен жан-жануарлар түгел қатысып, Нұх ғ.с. олардың бәріне өзінің жақсы көретін нәрсесінен мол шашу шашқандығы, осылайша бұл күн жаңа жылдың басы ретінде тойланатын болғаны айтылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2128248-qazygurttyng-kiesi-el-arasynda-kieli-atangan-aigili-olkening-tarihyn-bilesiz-be/