Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ жеріндегі пирамидалар туралы не білесіз: "Алтынемелдегі" тарихи ескерткіштер

Жарияланған күні:

"Бесшатыр" қорғаны
"Бесшатыр" қорғаны. Фото: qazaqstan3d.kz

Сақ мәдениеті мен сәулетінің жарқын үлгісі саналатын "Бесшатыр" қорымы қазақ жеріндегі пирамидаларға баланады. Оның ерекшелігі – мұнда сақ патшалары дүние мүлкімен қоса жерленген. Бұл қорым тағы несімен ерекшеленеді? Материалымыздан оқыңыз.

"Бесшатыр" қорымы қайда орналасқан?

"Бесшатыр" қорымы Алматы облысы Кербұлақ ауданы, Іле өзенінің оң жағалауында, Шылбыр шатқалының аузында, Шеңгелді ауылынан шығысқа қарай 65 км жерде, "Алтынемел" ұлттық саябағы аумағында орналасқан.

Бұл қорғандар "патша қорғандар" деп аталады. Өйткені бұл обаларда ең беделді, ең даңқты адамдар жерленген.

Қорым үлкенді-кішілі 31 обадан тұрады, оның ішінде 21 оба тастан жабылса, 10 оба қиыршық тас пен топырақтан үйілген. Қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км, батыстан шығысқа қарай 1 км аумақты алып жатыр. Қорым шартты түрде солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінеді. Солтүстік топқа Бесшатыр зиратының ең үлкен екінші және үшінші обалары кіреді. Үлкен обалардың диаметрі 45 м-ден 105 м-ге дейін, биіктігі 6-17 м-ге дейін жетеді. Қорғанның мөлшері адамның қоғамдағы жоғары әлеуметтік жағдайын білдіреді. Әр қорған меңгір тастармен қоршалған.

"Бесшатыр" қорымын кімдер зерттеген?

"Бесшатыр" обалары жайындағы алғашқы дерек тарихшы В. Городецкийдің еңбегінде айтылған, ол В. Парфентьев Іле өзенінің оң жағалауындағы қорғандарға 1924 жылы барғаны туралы айтылады. Осыдан кейін 33 жыл өткен соң, яғни 1957 жылы және 1959-1961 жылдары белгілі археолог, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышев басқарған Жетісу археологиялық экспедиция қорғандарды зерттуге кіріскен. Экспедиция 18 обаға қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттейді. Олардың үшеуі үлкен, қалғандары орташа және кіші обалар.

Алынған ғылыми деректер ежелгі сақтардың әлеуметтік топтарға жіктелуі, шаруашылығы, тұрмыстық салт-дәстүрлері, діни наным-сенімі, архитектуралық жетістіктері, тұтынған қару-жарағы мен құрал-жабдықтары жайлы құнды мәліметтер береді.

"Бесшатыр" қорымы
"Бесшатыр" қорымы. Фото: qazaqstan3d.kz

"Қазақ мәдениеті" энциклопедиялық анықтамалығында келтірілген дерекке сүйенсек, үлкен Бесшатыр обасының маңындағы кейбір қоршаудың плиталарына түрлі таңба іспеттес суреттер де түсірілген. Олардың арасында күн рәмізіне жақын тұрған немесе қазақтың "көз" таңбасына ұқсас дөңгелек бейнелер кездеседі. Мұндай тізбектер қорымның тек жерлеу орны ғана емес, сондай-ақ, діни салт-жоралғылар шерулерін өткізетін ерекше салтанат орны болғанын да көрсетеді.

Ерекше құбылыстардың бірі – үлкен обалардың астынан арнайы қазылған катакомба түріндегі күрделі жер асты жолдары. 6-үлкен оба катакомбасының жалпы ұзындығы – 55 м. Жолдардың биіктігі – 1,68 м, ені 0,8 м. Олар жерлеу, ас беру ғұрпына байланысты діни жоралғылар өткізу мақсатында жасалатын болған. Обалардың сыртқы көлеміне қарай үшке бөлінуі олардың астындағы қабірлердің түрлерімен де сәйкеседі. Кіші обалардың қабірлері қарапайым шұңқыр түрінде, кейде лаһатталған немесе тас жәшікпен толықтырылған. Орташа обалардың қабірлері киіз үй тәрізді. Үлкен обаларға аса ірі ағаш қабірлер тән. Бесшатыр зиратының үлкен обалары көне дәуір архитектурасының сирек кездесетін айрықша ескерткіштері қатарына жатады.

"Бесшатыр" қорымынан не табылған?

"Бесшатыр" қорымынан семсер, қола ұшты жебелер, темір пышақтар, шаш түйрегіштер, ақық моншақтар табылған. Бұл заттар б.з.б.V-IV ғасырға жатады.

"Қазақстандық және ресейлік археологтар 18 қорымды ашып, зерттеді. Қазба жұмыстарын жүргізген кезде адамдардың сүйектері, сақтардың пайдаланған қыш ыдыстары, әшекей бұйымдары, қарулары, қалқандары табылған. Одан басқа қорымды ашқан кезде ағаштан құралған конструкция шыққан. Сол конструкцияның өзі үш бөлімнен яғни, кіреберіс, дәліз, ақымнан тұрады. Және де қорғандардың өзі үлкен, орта, кіші қорған болып үшке бөлінеді. Үлкен қорғанда сақтар өздерінің патшаларын жерлесе, орта қорғанда ру басшылары мен әскер қолбасшыларын жерлеген. Ал кіші қорғанда қарапайым әскери адамдары жерленді", - дейді "Алтынемел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің маманы Жансерік Елубай.

Үлкен обаларға сақтардың рубасылары мен әскери көсемдері, орташа обаларда әскербасылар мен атақты жауынгерлер, ал кіші обаларда қатардағы жауынгерлер мен қарапайым адамдар жерленген. Бұған сол арадан табылған жебе ұштары, қысқа ақинак, қанжарлар, ағаштан жасалған қалқан қалдықтары мен темір айыл дәлел болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2130417-qazaq-zherindegi-piramidalar-turaly-ne-bilesiz-altynemeldegi-tarihi-eskertkishter/