Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жылаған ата үңгірі: Түркістан маңындағы үңгірді ел неге киелі дейді

Жарияланған күні:

Жылаған ата үңгірі орналасқан тау бөктері
Тау бөктері. Фото: kieli.kz

Қазақ даласында сыры беймәлім, жұмбақ жағдайда пайда болған киелі орындар көп. Солардың бірі – Жылаған ата үңгірі. Үңгірдің қашан, қалай пайда болғанынан бейхабар болса да, еміне шипа іздегендер әлі күнге дейін оған арнайы барады. Бұл үңгірдің пайда болуы жайлы ер арасында түрлі аңыз айтылады. Сонымен бұл үңгірді халық неге киелі санайды? Бұл мақаламызда осы сұраққа жауап іздеп көруге тырысып көрейік.

Жылаған ата үңгірі  Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде, Қаратау жотасы, Абай елдімекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойында орналасқан. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында 10-12 м биіктіктен диаметрі 15-18 см қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады.

"Бұл үңгірдің құдіреті сол, әр 30 минут сайын сарылдап су ағып-тоқтап тұрады екен. Судың неге белгілі уақытта ғана ағатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл үңгірдің алдында адам бейнесіне ұқсас тас бар. Сол тастың көз тұсынан оқтын-оқтын су шығады дейді", - делінген "Жылаған ата үңгірі мен бұлағы" атты мақалада.

Үңір ғылыми тұрғыда зерттелмеген, нақты қай ғасырда, қалай пайда болғаны да белгісіз. Дегенмен ел бұл үңгірді әлі күнге дейін киелі санап, басына түнеп, зиярат етеді. Перзент сұрай барғандар перзентті болған дейтін де деректер айтылады.

Үңгір
Үңгір. Фото: old.archaeology.kz

Аңыз не дейді?

Жылаған ата үңгірі туралы ел арасында әртүрлі аңыз тараған.

Аңыздың бір нұсқасында былай делінеді:

Ертеректе қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен бір кісі жалғыз перзентке зар болыпты. Ертелі-кеш Аллаға дұға қылып, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Аң-таң болған жұбайлар тез арада молда шақыртады. Сонда молда: "Бұл тегіннен тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайың месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін шыдамдылық танытып, түсірмей жүруі абзал" деп өз жөнімен кете береді.

Бірақ қырық күн толғанда тағаты таусылған ана жолдасына қарап: "Қашанғы месті көтеріп жүремін?" деп етегін жазып жібереді. Сайдан сырғи түскен доптай әлгі мес домалап жерге құлап, ортасынан қақ айырылады. Ішінен қолында асатаяғы бар кішкентай бала ытқып шығып: "Ата-анам, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадың ба?", - деп тауға қарай қаша жөнеледі. Артынан ата-анасы да қалыс қалмайды. Бала желаяқтай жеткізер емес. Таудың етегіне жақындай түскенде артына бұрылып қараса, ебіл-дебілі шыққан ата-анасын көреді. "Шөл қысқан болар" деп, аяушылық танытып, шар тәріздес дөңгелек тау тасын асатаяғымен түртіп қалады. Құдіреттің күшін қараңыз! Тастың дәл ортасы шытынап, үгіліп түседі. Сөйтіп бір қауға шелек сыятындай құдық пайда болады. Ішінен мөлдіреп су шығады. Содан бала жалаң аяқ құдықты айналшықтап, асатаяғымен айналасын түртіп, біршама жер қашықтықта қалған ата-анасын күтіп тұрады. Ата-анасы жетуге таяп қалғанда, қайтадан тұра қашады.

Бұл жолы бала таудың биік шыңына қарай өрмелеп, бейтаныс бір үңгірге біржолата еніп кетеді. Жалғыз перзентінен қол үзген ата-анасы егіле жылап қала берді. Міне, содан бері бұл жер (үңгір) "Жылаған ата" деп аталып кеткен.

Мұны аңыз десек те, құдықтың айналасында баланың кішкентай іздері мен асатаяғының орны тасқа таңба басқандай өрнектеліп қалған.

"Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, "Жылаған атадан" су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды. Оның себебін ақсақалдар: "Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал пиғылы жаман қарау адамға ақпайды", - деп түсіндіреді.

Үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны "Жылаған атаның анасының көз жасы" дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер "Мес әулие" деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны – жұмбақ құбылыс", - делінген үңгір туралы мақалада.

Кейбір деректерде Жылаған ата үңгірін зерттеп көруге ниеттенген ғалымдардың талпынысынан еш нәтиже шықпағаны айтылады – зерттеуге арналған құрылғылар жұмбақ жағдайда істен шығып қалған.

"Ауруына ем іздегендер қасиетті үңгірдің зәм-зәм суын ішіп, ауруына шипа тауып жатқандар да бар, Жылаған ата үңгірінің басты қасиеті – осында", - дейді шырақшы Бақыт Құлжабаев.

Халық арасында әртүрлі аңыз айтылса да, бұл мекеннің сыры әлі жұмбақ күйінде қалып отыр. Осы жұмбақтың өзі киелі жерге турист тартуға таптырмас құрал болар еді...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2130420-zhylagan-ata-unggiri-turkistan-mangyndagy-unggirdi-el-nege-kieli-deidi/