Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тылсымға толы Таиланд: тай елінің ішіне сыр бүккен көрікті орындары туралы не білесіз (фото, видео)

Жарияланған күні:

Түнгі Бангкок көрінісі
Түнгі Бангкок көрінісі. Фото: pixabay.com

Таиланд – миллиондаған шетелдікті тартатын әлемдегі туристік елдердің бірі. Мұндағы құрылысы ерекше храмдар, сәулеті келіскен заманауи ғимараттар, әсем табиғаты мен экзотикалық жемістер кез келген адамды таңдандырмай қоймайды. Бүгінгі материалымызда біз Таиландтың екі ірі қаласы – Бангкок пен Паттайя туралы ақпарат береміз.

Таиландтағы күн райы

Таиландта шілдеден қыркүйек айына дейін жаңбырлы болады. Ал ақпан мен мамыр аралығында күн ыстық болады. Бұл ретте Таиландқа баруға ең тиімді кезең қараша мен ақпан аралығы саналады. Сол кезде жауын-шашын азайып, ауа температурасы 30 градусқа дейін көтеріледі.

Бангкок көрінісі
Бангкок көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бангкок

Бангкок – "Чаупхаря" өзенінің бойында орналасқан Таиланд астанасы. Мұнда 2022 жылғы санақ бойынша 5 млн 394 мың адам тұрады. Бұл ресми дерек. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, Таиланд астанасында 11 миллионға жуық халық бар.

Айта кетейік, Бангкоктың толық ресми атауы – Крунг Тхеп Маханакхон Амон Раттанакосин Махинтараюттхая Махадилок Пхоп Ноппарат Ратчатхани Буриром Удомратчанивет Махасатан Амон Пиман Аватан Сатит Саккатхаттийя Витсанукам Прасит.

Мағынасы "құдайлар қаласы, ұлы қала, мәңгілік қазына қала, бақытты қала" дегенді білдіреді. Бұл 168 әріптен тұратын ең ұзын атау ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Туристік орындар

Жатқан Будданың храмы

"Ват Пхо" немесе Жатқан Будданың храмы – Бангкоктағы ең ежелгі және ең үлкен храм саналады. Ол Патша сарайының маңында орналасқан. Мұндағы Будда мүсінінің ұзындығы 46 метр болса, биіктігі 15 метрге жетеді. Жалпы, храм аумағында мыңға жуық Будда мүсіні бар.

Жатқан Будда мүсіні
Жатқан Будда мүсіні. Фото: pixabay.com

Сонымен бірге храм аумағында ежелгі тай массажының мектебі бар. Мұнда адамдар әлі күнге дейін келіп, әлем мойындаған тай массажының қыр-сырын үйренеді.

Одан бөлек, бұл жерде ежелгі "Қасиетті жазбалар" сақталған кітапхана да бар. Пальма жапырақтарына жазылған жазбаларды сақтау маңызды болғандықтан, кітапханаға көпшіліктің кіруіне рұқсат берілмейді.

Жатқан Будда мүсіні
Жатқан Будда мүсіні. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ват Арун" храмы

"Ват Арун" — Бангкоктағы сәулеті ерекше храмдардың бірі. "Ват Арун" – Таң храмы, Күн шығу храмы деген мағынаны білдіреді. Храм 1656 жылы салынған. Ол Чаупхаря өзенінің батыс жағалауында орналасқан. Түрлі деректер бойынша храмның биіктігі 66,8 метрден 86 метрге дейін жетеді. Ал ұзындығы 234 метрді құрайды.

Чаупхаря өзенінің қарсы бетінен күннің батуын тамашалауға болады. Кешкі уақытта осынау бір әдемі көріністі өз көзімен көру үшін туристермен қатар жергілікті тұрғындар да көп жиналады.

Ват Арун храмы
Ват Арун храмы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Chinatown

Бангкоктағы бұл ауданда көбіне қытайлық мигранттар тұрады. Олар өзінің салт-дәстүрін ұмытпай, келген туристерге барынша насихаттауға тырысады. Мұнда арзан кәдесыйлар, дәмді көше тағамдарын, түрлі әшекей бұйымдар мен массаж жасайтын орындарды таба аласыз.

Егер саяхат барысында тай асханасынан жалықсаңыз, кварталға келіп, Қытай асханасынан дәм татсаңыз болады.

Кемеде кешкі ас ішу

"Чаупхаря" өзенінде кеме арқылы тұрғындар мен туристер діттеген жеріне жете алады. Сондай-ақ мұнда кемеде 2 сағаттық кешкі ас ішуге де болады. Ол үшін сіз бір адамға 2000 бат (26 мың теңгеге жуық) төлесеңіз болғаны. Кемедегі мейрамханада сізді швед үстелі, жанды дауыста көңіліңізді көтеретін әншілер күтеді. Ең бастысы қаланың ең көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндік аласыз.

Бангкокта "Мишлен" жұлдызын (бұл мейрамханаларға немесе жекелей аспаздарға берілетін марапат) алған мейрамханалар мен асханалар да бар. Қалауыңызға қарай тай асханасымен бірге еуропалық ас әзірлейтін мейрамханаларды таба аласыз.

The Peninsula Bangkok 5 жұлдызды қонақ үйі

"Чаупхаря" өзенінің бойында орналасқан 5 жұлдызды қонақ үйде туриске барлық жағдай жасалған. Әр нөмірде кондиционер, тоңазытқыш, теледидар, шаш кептіргіш, үтік, шағын бар, сейфке дейін қойылған. Тіпті қонақ үйге алғаш кірген кезде туристің есімін жастықтың тысына дейін жазып қояды. Осы арқылы келген әрбір қонаққа ерекше жағдай ықылас білдіреді.

Қонақ үйде мейрамхана, бар, жаттығу залы, сауна, конференц-зал, аспан астындағы бассейн де бар. Одан бөлек, интернетке тегін қосылуға болады.

Қонақ үйдің жеке паромы бар. Оған мініп, "Чаупхаря" өзені бойында орналасқан Банкоктағы ең ірі Iconsiam сауда орталығына бара аласыз. Сауда орталығында әлемдік брендтердің дүкендері жетерлік.

The Peninsula Bangkok
The Peninsula Bangkok қонақ үйінің паромы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Чатучак" базары

Чатучак базары – Таиландтағы ең ірі базарлардың бірі. Базарда өсімдіктер, гүлдер, тұрмыстық техника, косметика, азық-түлік пен сусындар, жемістер, керамика, жиһаз, ұлттық киімдер, тойға арналған қажетті заттар, киім-кешек пен кітапқа дейін сатылады.

"Пак Клонг Талат" базары

Пак Клонг Талат базарында көбіне түрлі гүлдер, жеміс-жидектер мен көкөністер сатылады. Егер өзіңізбен бірге экзотикалық жемістерді әкеткіңіз келсе, осы базардан сатып алуыңызға болады. Айта кетсек, Таиландта әр адамға бір жәшік жеміс-жидек әкетуге рұқсат берілген.

Базар
"Пак Клонг Талат" базары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Паттайя

Паттайя – Таиландтың оңтүстік-шығысында орналасқан курорттық қала. Шаһар Сиам бұғазының шығыс жағалауында орналасқан. Мұнда демалғысы келген туристер жағалау маңында орналасқан қонақ үйлерді таңдап, жылы әрі тұзды теңіз суына шомыла алады.

Паттайя қаласы
Паттайя қаласы. Фото: pixabay.com

"Ақиқат храмы"

Паттайядағы, тіпті Таиландтағы ерекше храмдардың бірі – "Ақиқат храмы". Туристердің сүйікті орнына айналған храм таза ағаштан, бірде бір шегесіз салынған. Ғимараттың биіктігі 105 метр, ал ені 100 метрді құрайды. "Ақиқат храмы" әлемдегі ең биік ағаш ғимарат болып саналады.

Храмға келушілерге арнайы ағылшын, орыс тілдерінде экскурсия жасалады. Сәулеті келіскен ерекше храм аумағында атпен, пілмен, квадроциклмен серуендеуге болады. Тай массажын жасатып, храм маңындағы өзенде қайықпен немесе Сиам бұғазында қайықпен серундеу мүмкіндігі бар.

Walking Street

Бұл әлемдегі ең танымал көшелердің бірі әрі Таиландтағы түнгі ойын-сауық орталығы болып саналады. Walking Street – ағылшын тілінен аударғанда "жаяу жүргіншілер жолы" деген мағынаны береді.

Туристердің сүйікті орнына айналған көшеде дәмді тағамдар, түнгі клубтар, мейрамханалар, массаж орталықтары мен ойын-сауық орындары бар.

Mövenpick Siam Na Jomtien Pattaya

Сиам бұғазының жағасында орналасқан 5 жұлдызды қонақ үйде туристке қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Мұнда еуропалық, халал, вегетариандық, азиялық асханалардың тағамы дайындалады. Одан бөлек, спа, бассейн, балалар алаңы, қонақ үйдің жеке жағажайы бар. Әрбір қонақ тегін интернетпен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, Таиланд ерекше әсер алғысы келетін кез келген адам үшін таптырмас ел. Жоғарыда жазғанымыздай, мұнда белсенді демалысты ұнататындар мен пассивті демалысты құп көретіндерге де бірдей жағдай жасалған. Сол себепті де Азиядағы таңғажайып елді көргісі келетін туристер саны жылдан жылға арта бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2130690-tylsymga-toly-tailand-tai-elining-ishine-syr-bukken-korikti-oryndary-turaly-ne-bilesiz-foto-video/