Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Саксафон және Батырхан: халықтың сүйікті әншісі Батырхан Шүкеновтің отбасы, өмірі, шығармашылығы

Жарияланған күні:

Батырхан Шүкенов
Әнші - Батырхан Шүкенов. Көрнекі сурет: almaty.tv

Батырхан Шүкенов – Қазақстан және Ресей эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен талант иесі. Саксафонымен әрі әншілік, композиторлық қырымен танылған музыкант кейінгі жастарға көркем болмысымен де үлгі бола білді. Бұл жазбамыздан Батырхан Шүкенов жайлы мәліметтерді оқи аласыздар.

Батырханның балалық шағы

Батырхан Шүкенов 1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әкесінің есімі — Қамал, анасының аты – Дилара.

Қамал Шүкенов 1970 жылдан 1998 жылға дейін Қызылорда облысының қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Батырхан үйінің ортаншысы болды, оның екі ағасы мен қарындасы бар.

Батырхан Шүкенов 1979 жылы Қызылорда қаласындағы Островский атындағы № 233 орта мектепті бітірді. Мектепте жүрген кезінде музыка үйірмесіне қатысқан.

Әншінің өнердегі жолы

sputnik.kz сайтында жарияланған "Үнемі күліп жүретін": танымал әнші Батырхан Шүкенов туралы не білеміз?" мақаласындағы мәліметтерді негізге алсақ, әнші мектеп бітірген соң Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербор қаласы) Надежда Крупская атындағы мәдениет институтына оқуға түседі. Бұл оқу орнында саксофонның оркестрлік бөлімінде екі жыл білім алған. Батырханға саксофонда ойнауды әлемге әйгілі музыканттар Геннадий Гольштейн және Владимир Рабик үйреткен.

1981 жылы Батырхан Шүкенов Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға ауысады. Ол отандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға алғысын білдірген болатын:

"Менің ата-анам мен Бибігүл Төлегенованың арасындағы достық бұрыннан бар. Бала кезімнен жақсы білемін, Бибігүл Төлегенова гастрольмен Қызылордаға келгенде қонақүйге емес, біздің үйге түсетін. Оның еріксіз өзіне баурап алатын дауысын да бала кезімнен жақсы білемін. Ол кісінің өміріме әсері өте үлкен. Бибігүл Төлегенова Алматыдағы консерваторияның жанынан саксофон сыныбын ашты. Мен соның алғашқы түлегі болдым".

1982 жылы Батырхан Шүкенов Байғали Серкебаев, Владимир Миклошич және Болат Сыздыков сынды музыканттармен танысады. Бұл музыканттар Шүкеновті өздерінің музыкалық тобына саксофоншы болуға шақырады.

  • Әнші 1982 жылы "Арай" тобында саксофоншы болып, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаевамен бірге өнер көрсетеді. Батырхан топ құрамында джаз композицияларын орындады, сонымен қатар өзін альт және тенор-саксофон виртуозы ретінде көрсетті.
  • Батырхан Шүкенов 1983 жылы бүкілодақтық эстрада әртістері байқауының лауреаты атанды.
  • 1985 жылы әнші Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдады.
  • Ол 1985-1986 жылдары кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеді.
  • 1987 жылы Батырхан "Арай" тобынан шығып, "Алма-Ата" деп аталатын музыкалық топ құрады. Әнші осылайша өзінің жеке шығармашылық жолын бастаған еді.

Әйгілі A-Studio

Көпшіліктің жүрегін жаулаған танымал A-Studio тобы қалай құрылды? Батырхан Шүкенов құрған "Алма-Ата" тобы "Мелодия" фирмасында "Путь без остановок" деген атаумен топтың алғашқы альбомын шығарады. Топтың орындауында барлығы 8 ән болды, оның екеуі қазақ тілінде болатын.

  • 1988 жылы топтың атауы "Алма-Ата Студио" деп өзгереді. Ал хан Шүкенов бұл топтың фронтмені болады. Содан кейін топтың аты A-Studio болып өзгерген еді.
  • 1989 жылы музыканттар алғашқы бүкілодақтық "Джулия" хитын шығарады. Алла Пугачева бірден топпен танысып, оларды Мәскеуге жұмыс істеуге шақырады. Олар "Рождественские встречи" бағдарламасына қатысқан соң A-Studio тобы бүкіл одаққа танымал болады.
  • 1989-1994 жылдар аралығында топ музыканттары Алла Пугачевамен бірге жұмыс істеді.
  • 2000 жылдың күзінде Батырхан Шүкенов A-Studio тобынан кетіп, жеке шығармашылықпен айналысады.
  • 2002 жылы Батырхан Шүкеновтің "Отан Ана" деп аталатын алғашқы жеке альбомы жарыққа шықты.

Батырхан Шүкеновтің шығармашылығы мен қызметі жайлы sputnik.kz мынадай мәліметтер ұсынады:

  • 2005 жылы Батырхан Шүкенов "Твои шаги" әнімен Киевте өткен "Евровидение - 2005" музыкалық сайысына қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша әнші жетінші орынды иеленген болатын.
  • 2007 жылы Алматыдағы Республика сарайында "Батыр LIVE" альбомы жарық көрді.
  • 2007-2015 жылдары Батырхан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласындағы кеңесшісі қызметін атқарды.
  • 2009 жылдың 20 қарашасында Батырхан Шүкенов Қазақстандағы ЮНИСЕФ ұйымының елшісі болды.
  • 2010 жылы әншінің "Осторожно, милая девушка!" деп аталатын төртінші жеке альбомы шықты.
  • 2010 жылдың 7 желтоқсанында Батырхан Шүкеновке "Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері" атағы берілді.
  • 2013 жылы Батырхан Шүкеновтің соңғы "Душа" альбомы жарыққа шықты.
  • Әнші 2013 жылы "Россия-1" телеарнасындағы "Живой звук" телебағдарламасының жеңімпазы атанды.
  • Ал 2015 жылы "Россия-1" телеарнасындағы "Один в один!" музыкалық бағдарламасына қатысты.

Батырхан Шүкенов 2015 жылы 28 сәуірде Мәскеу қаласында дүниеден өтті. Сол жылы 1 мамырда Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония ғимаратында Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі өтті. Әнші Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Халық әншінің өлімін өте ауыр қабылдады. Қазақстанның және ТМД елдерінің көптеген қаласында Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған шаралар өтті. Халықтың көп жиналғаны сонша, қалалардағы алаңдарға сыймады. Батырхан Шүкеновтің жарқын жүзі, жүрек тебірентер әндері елдің есінде мәңгі қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2132088-saksafon-zhane-batyrhan-halyqtyng-suiikti-anshisi-batyrhan-shukenovting-otbasy-omiri-shygarmashylygy/