Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үзеңгі жолдас": 74-ке қараған шағында өмірден өткен Жұмабай Шаштайұлының өмірі мен шығармашылығы

Жарияланған күні:

Жұмабай Шаштайұлы
Жұмабай Шаштайұлы. Фото: qalamger.kz

Биылғы наурызда жазушы Жұмабай Шаштайұлы 74-ке қараған шағында қайтыс болды. Бұл мақаламызда жазушының өмірі мен шығармашылығы және ол туралы естеліктерді жинауды ұйғардық.

Жұмабай Шаштайұлы – 1950 жылы 10 қазанда Алматы облысындағы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Өз сұхбатында жазушы бала күні үй шаруасына пысық болғанын, қой бағып, сиыр сауған кездерін де еске алыпты.

Үкіметтің өтірігін әшкерелеген повесть-роман

Шығармашылық жолына бала кезінде сырқаттанып қалған уақытында көп кітап оқыған соң келгенін де айтып берген. Жасөспірім шағында оқуға түсе алмай қалып, қой баққанын, осыдан соң қиын күндерді бастан өткергенін баяндаған. Осы күндері көрген үкіметтің жалған саясатынан қырылған малды өз көзімен көріп, бұл оқиғаны кейінірек "Қызыл қар" атты туындысында баяндаған. Бұл сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға іліккен туынды еді.

Ол 1980-1987 жылдары "Коммунизм жолы" газетінде, содан кейін "Лениншіл жас" және "Социалистік Қазақстан" газеттерінде еңбек еткен. Кейін аталып отырған газетте істеп жүрген шағында журналист повесін жариялаған.

Малшының баласы Жұмабай Шаштайұлы бұл туындысында сол кезеңдегі шопанның өмірін шынайы суреттеген. Өтірік есеп беретін райком басшылығын әшкерелеген. Бұл кезде ерте көктемде райкомның нұсқауымен төлдегелі тұрған қорадағы қой жайылымға шығарылып, көп шығын болған. Сол малдың обалына қалған үкіметтің қылмысын автор повесть атауын да "Қанды қар" деп атауының өзін замандастары ерлік деп бағалаған.

1984 жылы повесть болып шыққан бұл туынды кейін ғана, 2020 жылы роман болып қайта басылып шыққан. Бұл роман кезінде қандай қиындыққа әкеп соққанын Шаштайұлы былай деп баяндаған:

"Сол шыққан бетте 2 айдан кейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті бір үлкен журналистердің жиынында әкесін танытып тұрып сынады. Осындай мал шаруашылығының қырылғанын өте жаман көрсеткен шығарма деп. Содан кейін ол "Правдаға" шықты. "Правдаға" шығу деген үкім кесілгенмен бірдей. Сонда ешкімің жоқ, қамалып қалған біреу сезінеді екенсің".

Автордың айтуынша, бұл сын бір айтылып қоятын емес, қайта-қайта аталып, "қолайсыз кітап шықты" деген желеумен 1984, 1985, 1986 жылдары жазушылар съездерінде "малшылар өмірінің шындығын бұрмалаған" деп әбден сынға қалған роман болған.

Әдебиетші-ғалым Бекен Ыбрайым бұл қуғындау туралы сұхбатында айтып өткен екен:

"Бір кезде бұл шығарма қуғынға түсті. Мемлекеттің бірінші басшысы Қонаевтың өзі үлкен мінберден сынаған еді. Бүгін міне араға отыз жылдан аса уақыт салып романға айналып жарық көрді. Тұсау кесер жиынға билік өкілдерінен де адамдар келіп отыр. Бұл бір биліктің отыз жыл  бұрынғысы үшін кешірім сұрағандай әсер қалдырып отыр".

Шаштайұлы 1987-1990 жылдары "Жалын" журналында жұмыс істеді, ал 1990-1992 жылдары "Қазақ тілі" қоғамының Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары болды.

1992-1996 жылдары ол "Жас Алаш" және "Қазақ әдебиеті" газеттерінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1996-2002 жылдары халықаралық "Заман-Қазақстан" газетінің бас редакторы лауазымында жұмыс істеді. 2002 жылдан бастап Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды, ал 2007 жылдан бері "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болған.

Жазушының үздік шығармалары:

  • "Жала мен нала";
  • "Жыр жолбарыс";
  • "Біздің заманның Аяз биі";
  • "Жаңғырық" романы;
  • Таңдамалы 2 томдық жинағы;
  • "Аяз би" романы "Жазушы" баспасында қайта басылып шығарылды.

Көптің есінде қалған "Үзеңгі жолдас" бағдарламасы

Жұмабай Шаштайұлының "Үзеңгі жолдас" бағдарламасы – қазақ халқының тарихи мұрасын, ұлттық құндылықтарын насихаттауға арналған телебағдарлама. Бұл бағдарлама ұлттық мәдениет пен тарихқа деген қызығушылықты ояту мақсатында құрылған және көптеген көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленген. "Үзеңгі жолдас" бағдарламасының негізгі мақсаты – қазақ халқының өткенін, оның тарихи тұлғаларын, салт-дәстүрлері мен мәдениетін кеңінен таныстыру. Жұмабай Шаштайұлының жүргізуімен әрбір шығарылым тарихи оқиғаларды, танымал тұлғаларды және олардың өмірлерін көрерменге кең таныстыруды көздеген.

Пойыз вагонындағы купе бөлмесіне ұқсатып жасалған студиядағы сұхбаттар көптің есінде қалып, талай тарихи тұлғаны жаңа қырынан аша білген. Qazaqstan арнасының "Алтын қорына" енген сұхбаттар легін арнайы сайтынан тамашалауға болады.

Сұхбатқа Қасым Қайсенов, Шерхан Мұртаза, Әзілхан Нұршайықов, Хабиба Елебекова, Әбілсейіт Айханов, Қажытай Ілиясұлы сияқты тарихи тұлғалар қонақ болған.

"Үзеңгі жолдас" хабары
"Үзеңгі жолдас" хабары. Фото: qazaqstantv кадры

"Мінбер" басылымында шыққан сұхбатында Жұмабай Шаштайұлы бұл бағдарламаның маңызына тоқталған:

"Үзеңгі жолдастың" тоқтағанына көп болса бір жиырма жыл өткен шығар. Жиырма жыл деген аса көп уақыт емес қой. Жалпы сол "Үзеңгі жолдас" эфирге шығып жүргенде  Қазақстан  телеарнасының төрағасы Ғалым Доскен бір отырыста: мен мына бір нәрсені ескермеппін. Басқа хабарларға қатты көңіл бөліппін де, "Үзеңгі жолдасқа" кейінгі кезде жүрдім-бардым қараған сияқтымын,- дегендей сөздер айтты. – Бір сағат, екі сағат "Үзеңгі жолдасқа" келген кісілерді сөйлете беру керек еді, - деді.

Шынында да қазір ойлап қарасам, сол кісілерді көп сөйлете беру керек пе еді деп қалам. Өйткені ол кісілердің айтары көп, тұнып тұрған қазына еді. "Үзеңгі жолдасқа" сұхбатқа келген қасиетті кісілердің көбі қазір бақилық болып кетті. Айтар ойларын, естеліктерінің бәрін неғұрлым көбірек жазып алу керек еді деп ойлаймын".

Естеліктер

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенті:

"Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын".

Мақсат Тілепберген, мәдениет қайраткері:

"Қабылдау бөлмесінің қақ ортасында газеттің бас редакторы, барша қазаққа танымал Жұмабай Шаштайұлы ағамыз бір кісімен сөйлесіп тұр екен. Сол жылдары ағамыз телевидениеде "Үзеңгі жолдас" деген хабар жүргізетін. Белгілі қаламгерлер мен саясаткерлердің қатысуымен өтетін мағыналы хабар болған соң, біршама халық көріп, ағамыздың танымалдығы үстем боп тұрған кез еді.  Сөздерін бөлмейін деп, сәл кідіріп тұра тұрдым. Редактор әлгі кісімен сөзін аяқтап, кабинетіне қарай бұрылғаны сол еді "Ассалаумағалейкум, аға" сәлем бердім. Сәлемімді қабыл алып: "Маған келдің бе?" деп сұрады. Аз-кем сөйлескен соң, кабинетіне шақырды. Келген шаруамды айттым. Бас редактор дереу орынбасарын шақыртып: "Мына жігіттің мақаласы қайда, алып келіңіз" деді. Жалт бұрылып шыға жөнелген орынбасары, көп ұзатпай бір беттік мақаламды қолына ұстатты.

Жұмаға бір шолып шықты да: "Тақырыбын неге олай қойдыңыз? Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтан кем бе дегеніңіз бе?" деді. Менің қойған тақырыбым "Қай қазақтан кем еді?" болатын. "Білмеймін аға, кім қалай түсінеді" дедім. "Тақырыбын өзгертеміз, келісесіз бе?" деп сұраулы жүзбен маған қарады. Мен болсам "Әрине, аға" деп басымды шұлғыдым. Дереу жауапты хатшысын шақыртып, менің көзімше ертең шыққалы тұрған газет санындағы материалдарды бір түгендеп, бір материалдың орнына менің мақаламды салғызды. Айналайын ағатайым сонан соң маған қарап "Алаңдамаңыз, ертең шығады" деп шаруаны тындырып тастады. Мен болсам рахметімді жаудырып, көтеріңкі көңіл-күймен сыртқа беттедім. Расында ертесіне, дәл Ахаңның туған күні "Құрманғазы оркестрін жаратушы" деген атпен мақалам жарқ ете қалды. Осы күнге дейін Жұмабай ағама деген ризашылығым шексіз".

"Ақиқат" басылымындағы мақаласынан

Ақын Ертай Ашықбаев:

"Жұма-ағаң басқа қызметтерін қоя тұрғанда, мысалы, «Қазақ әдебиеті», «Заман Қазақстан» газеттерінде, Қазақ радиосында басшылық қызмет атқарған тұстарында ұжымның әр мүшесінің озық һәм осал жақтарын сезіп отырғаны даусыз. Оны алыста жатып, мына біз де аңғарып отыратынбыз. Әсіресе Жұма-ағам «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болған тұста әдебиетке қатысты мәселелерде біржақты әңгімелер өріс алып кетпеуін қатты бақылады. Арагідік сұрақ-жауаптар ұйымдастырғызып, әрқилы жанрларға қатысты әркімнің жеке ойын ортаға салғызатын. Және сұхбат алушылар шын мәнінде әдебиет туралы тиянақты ой, пікір айта алатындарды тауып алатын. Тауып алатын деу оңай ғой, дегенмен оның да бізге көрінбейтін көмескі жағында, біздіңше, Шаштайұлы деген редактор тұратын немесе сұхбат берушіні іздеушілер сол бас редактордың талабын түсінгендіктен, әйтеуір шала-жансар сөз құрауға ғана шамасы келетін кім-көрінгенге жүгіре (немесе жүгіне) бермейтін".

"Жас Алаш" газетіндегі мақаласынан

Ырысбек Дәбей, жазушы:

"Жұмағаң, ардақты ұстаз, аяулы ағамыз еді . Марқұм "Қазақ әдебиеті" газетінің редакторы болған жылдары тәрбиесін көріп, пешенемізге төрт жылдай (2010-2014 жылдары) қасында жүру жазылыпты. "Әке, сенің тілің, сөз саптауың тәуір секілді. Былай проза ма бірдеңе жазып көрсеңші" деп аздап жазып-сызуға машықтандырды.

"Әкелеріміз айтатын әңгіме" эссесін жазып, алдына апарғанымда балаша қуанып: "Әке, сен осылай бір кітап жазар болсаң, Расул Ғамзатовтың "Менің Дағыстанымы" секілді дүние болар еді", - деп шабыттандырды... Кейде "Егер мен сол кезде Жұмағаңның алдына бармаған болсам, қазіргі прозаға деген аздаған әуестігім болар ма еді" деп ойлаймын. Жай басшы болу емес, ұстаздық, адамгершілік деген қасиет сол екен. Мен оны Жұмағамнан көрдім. Бірнеше буынға ұстаз бола білді... Жақсы газет шығарды, мықты редактор болды".

Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесу сәті
Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесу сәті. Фото: facebook.com/Ырысбек Дәбей

Жанарбек Әшімжан, мәжіліс депутаты, ақын:

"Бірнеше буынға ұстаз болған, адал һәм тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бір ауыз бөтен сөз ілестірмеген сәби болмысты Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп".

Жұмабай Шаштайұлы – қазақ халқының тарихы мен мәдениетін насихаттаушы әрі дамытушы көрнекті тұлға. Оның еңбегі мен қызметі ұлтымыздың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үлкен үлес қосуда. Жұмабай Шаштайұлының еңбегі әрқашан бағаланып, ұлт мақтанышы ретінде есте сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2133516-uzenggi-zholdas-74-ke-qaragan-shagynda-omirden-otken-zhumabai-shashtaiulynyng-omiri-men-shygarmashylygy/