Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мың үй тігіліп, 2 мың қой сойылған": қазақ даласында берілген ең ірі астар тарихын білесіз бе

Жарияланған күні:

Қазақ даласы
Қатар тізілген киіз үйлер. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақтың ас беру дәстүрі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өзгеріске ұшырай бастады. Ас беру мал сойып, елдің басын біріктіру ғана емес, бұл аза тұту мерзімінің аяқталғанын айғақтайтын шара. Зерттеушілер ас берудің негізгі мәнінің өзгеруіне отарлау саясатының ықпалы зор болды деп есептейді. Мақаламызда қазақ тарихындағы ең ірі астар мен тойлар жайлы тарихи деректерді ұсынамыз.

Ас беру дегеніміз не?

Ас беру — өлген кісінің артын күту салтының соңғы, ең үлкен жолын жасап, ауқымды жиын өткізіп, қалың қауымға дастарқан жайып, әр түрлі ойын-сауықтар ұйымдастыру. Аста да тойлардағы секілді түрлі-түрлі жарыстар, ойындар: ат шабыс, ат бәйге, балуан күрес, ат сайыс, ат тартыс, аударыспақ, көмбе алу, теңге алу, көкпар тарту, лақ көкпар, тана көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар, жорға жарыс, атан жарыс, жамбы ату секілді шаралар өтеді.

Жарыстарда берілетін сый-бәйгелердің өз атаулары бар. Солардың бірі тоғыздар. Олар бас тоғыз, орта тоғыз, аяқтоғыз деп, бас тоғыздың бар малы маңдай мал, маңдай малсыз түрі тоқал тоғыз деп аталған.

Көзі тірісінде елге атағы жайылған, соңында қалған ағайын-туысы мол адамдардың асы ұлан-асыр той дәрежесінде өткен. Ондай аста жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылған. Бұған әр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші, жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнайы шақырылып, жүйрік аттар келетін болған.

Қазақ жерінде қандай астар берілген?

А. Жүнісовтің "Бабалар дәстүрі" кітабын негізге алсақ, онда өткен ғасырларда қазақ жерінде берілген астар туралы мынадай мәлімет берілген:

  • 1860 жылы Ерден Сандыбайұлына ас берілгенде 500 үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Ат жарыстың бас бәйгесі 100 жылқы болған. Осылай Ерденге үш рет ас берген. Үшеуіндегі шығын 1860 жылқы, 600 қой, 1000 саба қымыз болған.
  • 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына берілген аста бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе тігілген.
  • 1874 жылы Лабақ Қуат баласының асы болған. Бұл асқа 700 үй тігілген. Мұның сыртында шақырылғандар әруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, біліктілігі сынға түседі.

Ас беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Арғын — Қарауыл — Ноғай Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған. Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болған.

Сағынай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген, 5 тонна шай əкелінген, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған. 10 мың көрпе-жастық төселіп, қонақтарды сыйлауға 500 бұқар шапаны келген. Сібірден 500 аң терісі алынған. 20 мың қой, 1 000 жылқы сойылған. 500 жігіт атпен табақ тартып, 300 қыз қонақтарға дастарқан жайып, қызмет еткен. Бəйгеге 500 тұлпар қатысқан. Ақанның əйгілі Құлагері осы аста мерт болды.

"Адырна" порталы ұсынған деректерге сүйенсек, ұлы асқа тек қазақ рулары ғана емес, көршілес қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, моңғол, тағы басқа халықтардың, Ресей жəне Қытай аристократтарының өкілдері де қатысқан. Мұндай ауқымды аста аса маңызды іргелі мəселелер де шешімін тауып отырды. Мысалы 1781 жылғы Абылай ханның асында Цин елшілігі өкілдерінің жəне қазақ сұлтандардың қатысуымен Уəли ақ киізге көтеріліп, хандыққа сайланды.

Сыпатай батырға баласы Ноғай мырза Меркіде ас бергенде оған қырғыз елінің игі-жақсылары батырға деген риясыз құрметінің белгісі ретінде мол тарту-таралғымен, сəйгүлік, жыршы, балуандарымен келген екен. Тамдының Құлқұдық деген жерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы шамасында өткен Тұрабай деген беделді адамның асына бүкіл кіші жүз руларынан басқа, Бұқар мен Хорезм бекзадалары жəне қарақалпақ халқының белгілі билері мен рубасылары қатысқан.

Атжарыс
Шабандоздар жарысы. Көрнекі сурет: taisoigan.kz

Ас беру дәстүрі қазақ жерінің әр өңірінде өтіп тұрған. Мәселен батыс аймақтарда бірнеше ас берілген.

1750-1850 жылдар аралығында Маңғыстау өңірінен бөлек Үстірт, Жем, Сағыз, Көкжар бойының өзінде теңдесі жоқ тоғыз ас берілгенге ұқсайды. Бұл жөнінде жазушы Өтепберген Әлімгереев "Үстірт пен Үйшік, Азау арасы" кітабында былай жазған:

Олай деп бөле-жара қараудың басты себебі, әлгі астардың әрқайсысында 750-ден 1000-ға дейін үй тігіліп, күллі Кіші жүз өңіріне сауын айтылған. Атап айтқанда Жем бойындағы Ақкиізтоғай түлейінде 1756 жылы Жаңайұлы Қожаназарға арналып берілген асты әлі күнге алдияр қарттар ұмытпайды. Қожаназардың жеті баласы болған екен. Аталмыш асты ортаншы ұлы Таған басқарып, оған Кіші жүз ханы Нұралы да шақырылады. Бір ерекшелігі – хан күймесі тоқтаған жерден ол демалатын үйге дейінгі аралық, киіз үйдің іші-сырты, көлеңкелеріне де ақ киіз төселіп, жабылған. Асқа бір мың ағаш үй тігіліп, 2 мың қой сойылған. Бес жүз ат шапқан аламан бәйгенің бас жүлдесі жүз жылқы болса, оны баласы Шонтының көк биесі иемденіпті. Кейіннен бұл түлей жоғардағыдай мол және бір өңді төсеніштің құрметіне есте қалып, Ақкиізтоғай аталып кеткен.

Екіншісі – Оймауытта Мұңалдың Шоғы – Қарабасқа берілген ас. Ондағы аламан бәйгенің бас жүлдесіне 50 түйе, 250 қой тігіліп, байрақты Табын ағайындар иемденіпті деседі.

Ал Қарақұмның Азнағұл деген жерінде Ақботаұлы Қозыбайға арналып берілген үшінші аста қанша мал сойылып, үй тігілгені, болмаса мүше үлестіріліп, байрақ берілгені дәл айтылмайды. Бірақ халық аузындағы:

"Ауылдың ақсақалы бай Төлеген,

Ауылы ерте көшіп, кеш жөнеген.

Ағасы Қозыбайға ас бергенде,

Қонақты ет пен майға бес бөлеген", - деген өлең жолдарына қарағанда осал болмаған сынды. Ас берген баласы – Аман көрінеді.

Төртінші ас – Байұлына қарасты елдің нақ ортасы деп Мұқырда Сүйінқара Үргешбайұлына арналып беріледі. Онда 900 үй тігіліп, үй басына малдан басқа бір-бір саба қымыз, шұбат үлестіріліп, оны батырдың ұлы Жалаңтөс Көтібар басқарғанға ұқсайды. Бас бәйгеге тігілген үш жүз қойды өз тумаласы Кенбайдың күрең аты алып, ол ошақ басына қалады.

Матай Жамбозұлына арналып Сағыз бойындағы Терістаққанда берілген асқа Әлім мен Табын, Байұлы мен Жетіру баласы түгел шақырылып, шамамен 900 үй тігілген. Хорезмнен күріш пен өрік, басқа да көзі аз дәмдер алдырылып, үй басына бір шелектен үлестірілген, қозы қарын сары май тартылған. Бас бәйгеге бір өңді 50 айыр түйе тігіледі де оны Матайдың кәрі әкесі Боққарамен құда Кете Әжібайдың ала аты иемденеді. Бәйге сый ошақ басында қалады.

Бұл өңірдегі тоғызыншы ас Шаңқалада атақты шешен Сейіт Есенұлына арналып берілген.

Қазақ ауылы
Қазақ жайлауының көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Бүгінгі заманғы ас беру

Бүгінде ас беру дәстүрі үзілмей жалғасып келеді. Мәселен 1991 жылы Торғайдағы Ахмет пен Міржақыптың асы, 1992 жылы Көкшетауда өткен Абылай ханның, Ақмоладағы Бөгенбайдың, Талдықорғандағы Қабанбайдың астары халықтық дәстүрлердің қайта оралуының көрінісі болды.

XVIII-XIX ғасырларда Ресейдің қазақ даласын отарлау кезеңіндегі әр түрлі шараларды іске асыруға бағытталған империялық әскери-азаматтық, дипломатиялық мекемелердің қызметі (әр түрлі мақсаттағы негізінен әскери экспедициялар, әскери-азаматтық басқару органдары) мен жекелеген чиновниктердің қағаз бетіне түсірілген жазбаларының тарихи-деректік құндылығы басым.

Осы кезең зерттеушілерінің өкілдері эмпирикалық мәліметтерді көбірек жинауға ден қойды десек артық айтқандық емес. Осы зерттеушілердің қай-қайысы да қазақ өмірін, тілін жақсы білгендіктен еңбектерін ел арасынан өздері жинаған мәліметтер негізінде жазған. Олардың барлығында қазақтың ас беру дәстүрінің әдеттегі өлген адамды шығарып салуға байланысты орындалатын діни ғұрыптық салттан өзгеше қоғамдық мәні аса жоғары халықтық жиын екеніне назар аударылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2137245-myng-ui-tigilip-2-myng-qoi-soiylgan-qazaq-dalasynda-berilgen-eng-iri-astar-tarihyn-bilesiz-be/