Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым": Абайдың махаббат туралы өлеңдер топтамасы

Жарияланған күні:

Сия ыдысы
Сия және жазу жазылған қағаздар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Хакім Абай саналы ғұмырында махаббат жайлы мазмұнды өлеңдер жазып, әндер шығарып кетті. Абай бұл тақырыпты кең көлемде, терең мағынада, шынайы ғашық жүрегімен аша білді. Себебі махаббат дегеніміз тек сүйген жар арасындағы сезім ғана емес. Абай шығармаларынан әке мен баланың, ана мен сәбидің, дос-жаранның арасындағы махаббатты көруге болады. Бұл жазбамызда Абай Құнанбайұлының махаббат туралы айтқан толғанысты өлеңдер тізбегін ұсынамыз.

Махаббатсыз - дүние бос

Қайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

Абайдың махаббат лирикасы

Абай өлеңдерінде әдеп бар, әдемілік бар. Мұны Мақсат Өсербайұлы abai.kz сайтында жарияланған "Абай өлең - махаббат лирикасы" жазбасында былай суреттеген:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жеңешке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал-қызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Абай сұлу қыздың көркін осындай тамаша суреттеп келеді де:

Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағаналы

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды, -

деп қыз сұлулығының бейнесі ендігі жерде әдеп, сыпайылығын айта кетеді.

Жігітті жұрт жақтаған қыз мақтаған,

Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай

Бойында майдалық пен сыр сақтаған,

Кей жігіт арсыздық пен ұят сынбай,

Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған, - деп жігіт бейнесін де үйлестіріп алып кетіп сұлу қызбен жігіттің де жігіті бар екенін ескертеді.

Әдетте ақын өз басынан кешірген, өз жүрегінен өткізген, өзі сөзініп, өзі тұшынған нәрселерді ғана елжірей егіліп, жан-тәнімен беріліп жырлай алады десек, осы шындықты Абай өлеңінен айқын керуге болады:

Қызарып, сұрланып,

Лүпiлдеп жүрегi.

Өзгеден ұрланып.

Өздi-өзi керегi.

Екi асық құмарлы,

Бiр жолдан қайта алмай,

Жолықса ол зарлы,

Сөз жөндеп айта алмай.

Аяңдап ақырын,

Жүрекпен алысып,

Сыбдырын, тықырын,

Көңiлмен танысып.

Дем алыс iсiнiп,

Саусағы суынып,

Белгiсiз қысылып,

Пiшiнi құбылып.

Иығы тиiсiп,

Төмендеп көздерi.

Үндемей сүйiсiп,

Мас болып өздерi.

Жанында жапырақ,

Үстiнде жұлдыз да,

Елбiреп-қалтырап,

Жiгiт пен ол қызға.

Өзге ойдан тыйылып,

Бiрiмен бiрi әуре,

Жүрекке құйылып,

Жан рахат бiр сәуле.

Жүрегi елжiреп,

Буындар босанып,

Рахатпен әлсiреп,

Көзiне жас алып.

Жүйрiк тiл, терең ой,

Сол күнде қайда едiң.

Ғашыққа мойын қой

Жеңiлдiң, жеңiлдiң!

"Қызарып сұрланып..." өлеңі Александр Сергеевич Пушкин, М. Ю. Лермонтов шығармалары тәрізді мөлдір махаббатты асқан ілтипатпен жырлаған. Оны табиғаттың көркем бесігінде әлдилей білген. Жасырын кеште алғаш көздесіп, сөз таба алмай, тек қана лүпіл қаққан жүрекпен, қабақ пен сыр танытқан қос ерім. Алабұртқан іңкәр сезім тасқынын балауса пәк көңіл сәл тежей бергендей. Енді бір сәт бар әлем ұмыт болып, тулаған жүрек тілегіне ерік беріп, рахат мұнарына шомған екі жас. Бүкіл жан-сезім, ақыл-ес бір біріне арбалып, ажырамасқа ант еткендей. Міне, ақын жүрек дүрсілі құлаққа келіп, ыстық демі бетке тиген махаббаттың жанды суретін осылайша берген. Ақын осындай табиғи күйде, аса бір іңкәр күйде табысқан жүректерді құптап, қостайды.

"Абайдың махаббат жайындағы ең нәзік, ең көркем, терең сөзімдері осы өлеңде", - дейді Мұхтар Әуезов.

Өлең 6-7 буыннан тұратын шалыс ұйқас үлгісімен өрнектелген. 1909 жылы Санкт-Петербургте алғаш рет жарық көрген "Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі" атты жинақта жарияланған.

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рақаты сен болған соң,

Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.

Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,

Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып.

Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,

Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

***

Махаббат, достық қылуға,

Кім де болса тең емес.

Қазір дайын тұруға —

Бес күндік ғашық жөн емес.

Сүйіспек көңілім ойлайды,

Жанның бәрі — қатыбас.

Сүйісу тозбай тұрмайды,

Еңбекке аз күн татымас.

Абай бейнесі
Ақын Абайдың ой үстінде отырған бейнесі. Көрнекі сурет: abaialemi.kz

Ғашықтық тілі – тілсіз тіл...

"Ғашықтық тілі – тілсіз тіл" – Абайдың 1894 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 2 тармақтан, 2 шумақтан тұрады, көлемі – 8 жол. Өлең сүйіспеншілік тақырыбын қозғайды. Ақын махаббатты кез келген пенде түсіне бермейтін, жұмбақ, тылсым дүние ретінде сипаттап, ғашықтық сезімінің терең сырына ой жүгіртеді. Жастардың бірін-бірі сүйіп, ұнатуы – олардың өз ісі, оған илансаң да, күлсең де – мейлің дейді.

Автор одан әрі ғашықтық дертінің өз басында да болғанын, оны шын жүректен ұға білгенін, енді оның алыстап, жырақтап кеткенін, қайта оралмайтынын айта келіп, махаббат "енді ішіме қонбайды" деп түйеді. Өлең 8 буынды қара өлең ұйқасына құрылған. Алғаш рет "Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі" деген атпен 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген жинақта жарияланды.

Өлеңнің 1909 жылғы жинақта берілген алғашқы шумағындағы "Көзбен көр де ішің біл" деген екінші жолы кейін Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп, "Көзбен көр де ішпен біл" деп өзгертілді. Абайдың бұл өлеңіне композитор С. Мұхаметжанов, М. Қойшыбаев жеке-жеке ән жазды. Өлең орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, татар, қырғыз, қарақалпақ, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,

Көзбен көр де ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл.

Ол тілге едік оңтайлы

Қаріпсіз біліп сондайды.

Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,

Енді ішіме қонбайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2138205-senen-artyq-zhan-zhoq-dep-gashyq-boldym-abaidyng-mahabbat-turaly-olengder-toptamasy/