Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін": Семей полигоны туралы сіз білмейтін деректер

Жарияланған күні:

Семейдегі ескерткіш
Семей полигонына арналған ескерткіш. Көрнекі сурет: inbusiness.kz

1949 жылдың 29 тамызында Семей өңірінде жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотоннаны құрайтын алғашқы атом бомбасы сынақтан өтті. Таңғы 7-де жасалған бірінші жарылыстан шамамен 900-ге жуық адам зардап шекті. Бұл шамамен 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдағанмен тең еді. Семей ядролық полигонының ауыр зардабы туралы ғылыми зерттеулерді мақаламыздан оқи аласыздар.

Семей полигоны қай аумақтарда жүргізілген?

Семей ядролық сынақ полигоны – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Сынақ кезінде СССР қарулы күштері министрлігінің № 2 оқу полигоны деп аталған.

"Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Ядролық сынақ алаңдарының бүгінгі жағдайы" мақаласындағы деректерді негізге алсақ, Семей полигоны бірнеше аймаққа бөлінген:

  • Курчатов қаласында орналасқан әкімшілік-тұрмыстық аумақ. Ол кезде "М" алаңы немесе "Москва-400" деп аталған көрінеді.
  • Зертхана қалашығы және радиусы 10 шақырымға жететін "Сынақ даласы". Соңғысының "Дегелең", "Балапан", "Телкем" секілді бөлімдері болған. Олардың бірінде жануарларға сынақ жүргізілген.

Семей полигонының зардабы қандай болды?

Тurkystan.kz ұсынған архивтік мәліметтерді негізге алсақ, Семей полигонының зардабы тым ауыр болғанын көреміз:

  • 1963 жылдар аралығында аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдады.
  • Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан 1,5 миллион адам зардап шекті.
  • Бұдан кейінгі 25 жыл жерасты жарылысынан адамдар түрлі ауруға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтыны ғылыми түрде дәлелденді, оның қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін.
  • Полигонға шаруашылық жайылымдар мен егістік жерлер тартып алынып беріліп, соның салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырады.
  • Сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Соның салдарынан халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырады.
  • Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.
  • Семей полигонына жақын аудандарда жетілуінде әртүрлі ауытқу, тәндік және естік кемшіліктер бар сәбилер дүниеге көп келді. Мамандардың айтуынша, соның бәрі нақ қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.
  • Аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Семейдегі ядролық сынақтың салдарынан соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1 624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3 105-тен 4 612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3 692-ге көбейген.
  • Сынақтан адамдар ғана емес, жер де азап шегеді. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әрттүрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңеді.
  • 1970 жылға дейін зарядтар салынған штольнялар мен скважиналардың түптері мен шығар ауызы дұрыстап бетон қақпақтармен жабылмаған. Соның салдарынан улы инертті газдар, ауыр металдар, басқа да радиациялық заттар жер бетіне жайылды. Мұны мамандардың өздері де жоққа шығармайды. Сынақ кезінде бөлініп шыққан зиянды ауыр металл изотоптарының ең қауіптілері – "Стронций-90", "Плутоний-238", "Цезий-137". Стронцийдің ұсақ микробөлшекке айналып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін 56 жыл керек.
Полигонға қарсы азаматтар
Полигонның жабылуына үн қосқан азаматтар. Көрнекі сурет: turkystan.kz

Азат Рыстанбектің forbes.kz сайтында жарияланған "Бейбіт атом: Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл" мақаласында Семейдегі жарылыстардың зияны туралы мынадай деректер берілген:

Мамандардың айтуынша Семей жеріндегі жарылыстардың қуаты Нагасаки мен Хиросимаға түскен бомбалардан 2 жарым мың есе күшті болды. Сынақтардын зардабын Семей полигонына жақын аудандардан бөлек, Павлодар, Қарағанды облыстары да тартты. Аймақта мүгедек, кемтар, жарымжан болып туған балалар көбейді. Ресми деректерде полигон кесірінен 1 миллионнан астам, кейбір деректерде 1,5 миллионға жуық адамның зардап шеккені туралы айтылады. Алайда бұл соңғы статистика емес. Себебі адам бойындағы ауытқулар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

Невада-Семей

1989 жылдың ақпан айында Семейдегі атом полигонын жабуды көздеген "Невада - Семей" қозғалысының алғашқы митингі өтті. Бұл қозғалысты белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылы 6 тамызда Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде ұсыныс айтылып, КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жолданды. Онда былай делінген болатын:

"Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз "Невада - Семей" қозғалысын құрдық".
Олжас Сүлейменов
Олжас Сүлейменов және полигонға қарсы азаматтар. Көрнекі сурет: turkystan.kz

Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір ауыздан "Ядролық қаруға жол жоқ!", "Сынақтар тоқтатылсын" деп қарсылық білдірді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралы айта бастады. Өзге елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдар ашық айта алатын болды. Бұқараның бас көтеруі нәтижесінде Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді.

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде полигон аумағында ешкім тұрмайды, себебі онда тұруға тыйым салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2138226-qasireti-300-zhylga-deiin-sozyluy-mumkin-semei-poligony-turaly-siz-bilmeitin-derekter/