Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Олимпиада тарихы және ел аузында қалған оқиғалар

Жарияланған күні:

Олимпиада
Олимпиада белгісі. Көрнекі сурет: studfile.net

Төрткүл дүниенің назарын бір арнаға тоғыстыратын Олимпиада ойындарының тарихы тереңде. Себебі Олимпиада - төрт жылда бір рет өтетін әлемдік дода. Тарихы ежелгі грек елінен басталатын Олимпиадаға қатысты аңыз-әңгіме де көп. Бұл мақаламыздан Олимпиада тарихы және ел аузында қалған оқиғалар жайлы оқи аласыздар.

Олимпиада ойындарының шығу тарихы

Олимпиада ойындары қашан пайда болды? Олимпиада ойындарының пайда болуы жайлы қызықты аңыздар бар. Олимпиада отаны – грек елі. Ал тарихы ертеден бастау алады. Алғашқы ойындар б.з.д. 776 жылдан бастап Зевс құдайының құрметіне төрт жылда бір рет Олимпия қаласында өтетін болған. Кейін б.з. 394 жылы Византия императоры Федосий І-нің бұйрығы бойынша жарыстар тоқтатылды. Бұл ойындарда әскери дайындық, дене шынықтыру өнерін көрсету байқаулары, дәстүрге айналған ақындар мен шешендер айтысы, әр түрлі өнер көрмелері ұйымдастырылып тұрды.

Олимпиада сөзі Олимп тауының атауымен байланысты, себебі осы таудың сілемдерінде ең алғашқы жарыстар өткен. Алғашқы Олимпиада ойындарында бір ғана спорт түрі болған көрінеді. Ол кейіннен "марафон" деп аталып, қатысушылар қашықтыққа жүгіру бойынша жарысқан.

Алғашқы ойындардың әділ өтуі үшін қатысушылар жалаңаш күйде жарысқан деседі. Бастапқы кезде атлеттер тек ер адамдардан құралған. Ал әйелдерге спорттық жарыстарға қатысқан ерлердің жалаңаш денесін көруге тыйым салынған. Ойындардың өту барысына қатты қызыққан әйелдір ер адам секілді киініп, амфитеатрларға білдіртпей кіріп кеткен де екен. Көне Олимпиада ойындарында жеңімпаздарға зәйтүн ағашының бұтақтарынан өрілген шеңбер кигізілген.

Олимпиада ойындары кезінде соғыстар тоқтатылып, тыныштық орнайтын дәстүр болған. Осы кезде бір айдан үш айға дейін бүкіл Эллада жерінде қару қолдануға, тіпті ойынды тамашалауға жиналған адамдарға қару-жарақпен келуге тыйым салынған. Ол кезде олимпиада ойындары бес күн өткен. Жарыс бағдарламасына жүгіру, күрес, ат жарысы, қоссайыс, бессайыс сияқты спорт түрлері кірді.

Алғашқы олимпиада
Ежелгі Грекиядағы Олимпиада. Көрнекі сурет: massaget.kz

Ең алғашқы Олимпиада қай жерде өтті?

ХІХ орта тұсында Грекияда Олимпиада ойындарын қайта жандандыру мақсатында біршама іс атқарылды. Осылайша 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары Афина қаласында грек спортшыларының қатысуымен секіру, жүгіру, диск, найза лақтыру, гимнастика сияқты спорт түрлерінен жарыстар өтті. Олимпиада ойындары бүкіл Грекияны біріктіретін, жалпы ұлттық оқиғаға айналды.

1890 жылы Олимпиадалық қозғалыстың белсенді қайраткері Пьер де Кубертен 1500 жыл үзіліп қалған доданы замануи үлгіде ұйымдастыруға септігін тигізеді. Нәтижесінде 1894 жылы Халықаралық Олимпиада Комитеті құрылды. Ал араға екі жыл салып бірінші Олимпиада ойындары Грекияның астанасы Афины қаласында өтті.

1896 жылдың 6 сәуірінде Афины қаласында қазіргі замандағы секілді тұңғыш Олимпия ойындары өтті. Ауқымды шараның ашылу салтанатын ағылшындар ұйымдастырған. Ежелгі Эллада елінде өткен Олим­пиадаға 14 мемлекеттен 241 спортшы қатысты. Додада бақ сынағандардың барлығы да ер адам еді. Афины стадионында өткен спорт сайыстарын 80 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Алғашқы Олимпиадада мына спорт түрлері бойынша жарыстар өтті:

  • ауыр атлетика;
  • велоспорт;
  • гимнастика;
  • жеңіл атлетика;
  • жүзу;
  • күрес;
  • нысана көздеу;
  • семсерлесу;
  • теннис.

Бұл Олимпиадада 43 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) академиялық есу, ат спорты, бокс, желкенді спорт, же-де-пом, крикет, поло және футболды жа­рыс бағ­дарламасына қосу жайында ұсыныс біл­дірді. Алайда бұл ұсынысқа ұйым­дас­тыру­шылар тарапынан қолдау көрсетілген жоқ.

"Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Тұңғыш Олимпиаданың тарихы" мақаласындағы деректерде жаңа дәуірдегі Олимпия ойын­дарының тұңғыш чемпионы ретінде АҚШ-тың жеңіл атлеті Джеймс Брен­дан Беннет Конноллидің есімі тарихта қалғаны жазылған.

1868 жылы Бостонда туып-өскен ол бала кезінен спорттың сан алуан түрін серік етті. Есейе келе Гарвард уни­верситетіне оқуға түсті. Оның спортқа деген құштарлығы соншалық, Гре­кияда Олимпиада өтетінін естіген бетте қарт құрлыққа аттанды. Тіпті университет басшылығы мен оқы­тушылардан сұранбаған да екен. Сол үшін де Джеймс аталған оқу орнынан қуылады. Есесіне оның Афинада бақ жұлдызы жанды. Үш қарғып секіру жаттығуында сынға түскен Коннолли 13,71 метрлік көрсеткішпен бас жүлдені олжалады. Ал бұл жарыс басқа спорт түрлерінен бұрын өткендіктен, америкалық сайыпқыранның есімі тұңғыш Олимпиада чемпионы ре­тінде тарихта қалды. Сондай-ақ осы жарыста Джеймс биіктікке секіруде күміс және ұзындыққа секіруде қола медальдарды иеленді.

Ең алғашқы марафон

Алғаш рет марафон жарысы 1896 жылы өткен ең бірінші Олимпиада ойындарында өткізілген болатын. Марафон ұғымының өзіндік мағынасы бар. 490 жылы Марафон шайқасы кезінде гректерге өз әскерлерінің жеңісі туралы хабарлау үшін Марафоннан Афинаға дейін жүгіріп келген аты аңызға айналған грек жауынгерінің батырлығын еске түсіреді. 40 км астам жолдан жүгіріп келіп, өзіне берілген бұйрықты орындаған жауынгер жерге құлап мерт болған.

Аңызға сүйенсек, Фидиппид деп аталатын грек жауынгері (басқа көздерде - Филиппид) Марафон шайқасынан кейін 490 б.з.д. тоқтамастан Марафоннан Афинаға гректердің жеңіске жеткенін жариялау үшін жүгіріп жеткен. Афинаға жүгіріп жеткен ол:

"Қуаныңдар! Афиндықтар, біз жеңдік!" - деп айқайлап, өзі сол сәтте құлап, қайтыс болған. Бұл аңызға байланысты дереккөздер жоқтың қасы. Геродот деректерінде Фидиппид (Pheidippides) Спарта Афинаға қосымша күш жеткізуін сүрауға хабаршы болып жіберілген, ол кем дегенде екі күн 230 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен. Ол туралы аңыз алғаш бірінші Плутархтың "Жасасын Афина" эссесінде айтылады.

Алғашқы эфир
Берлин Олимпиадасындағы алғашқы тікелей эфир. Көрнекі сурет: massaget.kz

Олимпиада жайлы қызықты деректер

massaget.kz ұсынған деректерге сүйенсек, алғашқы Олимпиадада алтын медаль деген ұғым болмаған. 1896 жылы Афинада өткен алғашқы заманауи Олимпиада ойындарында бірінші орын алған спортшылар лавр жапырағы және күміс медальмен марапатталды. Бір қызығы, екінші орын иегерлері қола медальмен, ал үшінші орын иегерлері ешқандай сыйлықпен марапатталмаған екен.

  • 1900 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында бірінші орын алған спортшыларға алтын медальдардың орнына суреттер берілді. Ол кезде мұндай сыйлық өте құнды деп саналды;
  • 1904 жылы Олимпиада тарихында тұңғыш рет Сент-Луис қаласы бірінші, екінші және үшінші орын алғандарға&нбсп; алтын, күміс және қола медаль табыстады;
  • Олимпиада жалауындағы бес шеңбер бір-біріне достық қатынасты білдіретін бес құрлықты – Африка, Азия, Австралия, Еуропа және Американы бейнелейді.
  • Олимпиада ойындарының таза алтын медалі соңғы рет 1912 жылы Стокгольмде спортшыларға берілді. Осыдан кейін медальға тек аз көлемде алтын қосады.

1936 жылғы Берлин Олимпиадасында ең алғашқы тікелей эфир жасалды. Әлем жұрты бірінші рет тікелей эфирден жарыстарды тамашалай алды. Телевизия саласындағы алғашқы тікелей эфир осы додада жүзеге асырылған болатын.

Ал қысқы Олимпиада ойындарының негізі 1924 жылы қаланды. 1994 жылға дейін Жазғы және қысқы Олимпиада ойындары бір жылда ұйымдастырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2141374-olimpiada-tarihy-zhane-el-auzynda-qalgan-oqigalar/