Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көңілге алмау керек: сыни пікірлерге бой алдырмаудың 8 әдісі

Жарияланған күні:

Сыни пікірді бағалау. Көрнекі сурет
Сыни пікірді бағалау. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазіргі таңда кез келген адам сынның сан түрінің астында қалуы мүмкін. Олардың кейбірі орынды болса, кейбірі "жала жабу" мақсатында айтылуы әбден мүмкін. NUR.KZ cалалық басылымдардың психологтарының пікірін зерттеп, сынды қалай қабылдау керектігін зерттеп көрді.

Мұқият тыңдаңыз

Сын – адамдардың арасында жиі кездесетін табиғи құбылыс. Себебі, адамдар достарымен араласады, жақындарымен қауышып жатады, әлеуметтік желілерде жазбалар қалдырып жатады. Міне, осы аталғандардың барлығына сын айтылуы мүмкін. Десе де, сыни пікірге бой алдырмай, керісінше одан сабақ алудың арнайы әдістері бар. Солардың бірі - айтылған сынға бірден қарсы келмеу. Мәселен, сын айтып жатқан адамның сөзін бөлмеңіз, сондай-ақ ол адаммен сол күйі жауласып кетпеңіз.

Мұндай әрекетке жол бермеген абзал. Себебі, адам ондайда эмоцияға беріліп, дұрыс шешім қабылдай алмауы мүмкін. Керісінше, айтылған сынды мұқият тыңдап, оппонентке қарсы шықпаңыз. Ол үшін, басыңызды изеп, оның сынын толығымен тыңдап шығыңыз. Мұндай кеңесті сертификаты бар лайф-коуч Смит Дас Джайн ұсынып отыр.

Түсіндіріп өтуді сұраңыз

Сыни пікірді тыңдап отырған сәтте, сыншының өз көзқарасын түсінуге тырысыңыз. Бұл туралы NUR.KZ редакциясына ClinicSpots клиникасының психикалық денсаулық сарапшысы, психиатр, психолог және сексолог Кетан Пармар айтты. Маманның пікірінше, егер сіз сынның орынсыз екенін білсеңіз, сын айтып отырған адамнан бұл сынның қаншалықты орынды екенін сұрап, барлығын түсіндіруін өтініңіз. Ол үшін, барлығын ашық айтуға тырысып, қысылмаңыз.

Мұндай қадамға барудың тағы бір тәсілі – қосымша ақпарат сұрау екен. Бұл туралы Бостон университетінің Қобалжу және онымен байланысты ауытқушылық орталығының клиникалық психологы, философия докторы Эллен Хендриксен мәлімдеді. Сол себепті сын айтқан адамнан:

  • Сіздің мұндай сын айтуыңызға не түрткі болды?
  • Осы арқылы сіз нені меңзеп отырсыз?
  • Сізді шын мәнінде не алаңдатып отыр, - деген сынды сауалдарды қойып, анығын білген жөн.

Мәселен, сіз үшін сынның бәрі орынсыз көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде ол адам сізді ренжіткісі келмеуі мүмкін, керісінше, сізді жақсы жаққа қарай өзгерту үшін, осындай пікір айтуы ықтимал. Сондықтан асығыс тұжырым жасауға кеңес берілмейді.

Бір-біріне сын айту. Көрнекі сурет
Бір-біріне сын айту. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жауап беруден бұрын, ойланыңыз

Смита Дас Джайн сыни пікірге жауап берместен бұрын, терең дем алып, өз-өзіңізді қолға алған жөн деген кеңес айтады. Ол мұндайда алдымен ойыңызды жинақтап алған дұрыс дейді. Сарапшының пікірінше, сыни пікірге жауап берместен бұрын, әр ойыңызды әбден сүзгіден өткізу қажет. Мұндай әрекет әсіресе әріптесіңіз немесе бастығыңызбен әңгіме барысында маңызды болып табылады.

Егер сын айтып отырған адам, сіздің жақыныңыз немесе досыңыз болса, онда жауапты бірден айтуға болады. Мәселен, әріптесіңіз сіз жасаған презентацияға қатысты сыни пікір айтса, сіз оған бірден жауап бере аласыз. Себебі, сіз өз еңбегіңіздің бағасын білесіз. Ал, мансапқа қатысты Indeed әдістемелік басылымы мұндайда жауап беруден бас тартып, ойыңызды жинақтап алуға кеңес береді.

Сыннан бойыңызды аулақ ұстаңыз

Сынды қалай қабылдау керек? Егер сынды қабылдау, эмоционалды тұрғыда сізге қиын болса, онда Crestone Wellness психология докторы, лицензиясы бар психолог Каролина Эстевес оны көңілге алмауға кеңес береді. Оның пікірінше, сын сіздің жеке басыңыз емес, керісінше, сіздің қызметіңізге немесе істеген жұмысыңызға айтылуы мүмкін және ол сіздің осы бағытта өзіңізді одан ары жетілдіруіңізді көздейді. Сондықтан, маман осы мүмкіндікті пайдаланып, адамдарға керісінше өз-өздерін дамытуға кеңес береді.

Дәрігер Эллен Хендриксен сынды жүрегіңізге жақын қабылдамау үшін, айтылған сынның әр сөзін экран бетінен көргендей қабылдауға кеңес береді. Мұндай әдіс маманның айтуынша адамдарға сынды жеңіл қабылдауға көмектеседі екен. Тіпті, сыни пікірдің әр сөзін әнге қосып, оқуға болады екен. Сонда мұндай сөз адамның жанын жараламайды, дейді мамандар. Дәрігер Эллен Хендриксенсынның жай ғана сөздер екенін еске салады.

Желідегі сыни пікір. Көрнекі сурет
Желідегі сыни пікір. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сын мен сыншыны ажырата біліңіз

Егер сізге сын айтып отырған адам ұнамаса, онда сіз ол айтқан орынсыз пікірді жүрегіңізге жақын қабылдамауыңыз мүмкін, себебі сіз оған сенбейсіз. Сондықтан сын мен оны айтушы адамды ажыратқан жөн. Сынды айтып отырған адам емес, сынның өзіне мән беріңіз

Егер айтылған сын орынды болса, одан сіз сабақ аласыз. Сол себепті, белгілі лайф-тәлімгер Мишель Шахбазян сынның қаншалықты орынды екеніне көз жеткізу үшін, алдымен сынның қаншалықты жөн айтылғанына мән беру керектігін айтады. Маманның сөзінше, конструктивті сын – нәтижені жақсарту үшін айтылса, деструктивті сын – адамның жанын жаралау үшін айтылады екен.

Сынды қабылдап, алғыс айтыңыз

Егер сынның орынсыз айтылғанына сенімді болсаңыз, онда оны қабылдап, сынды айтқан адамның өз проблемалары бар екенін ұмытпаңыз. Мұндайда сыншы, өз мәселесінің күрмеуінде жүріп, сізге сын айтуы әбден мүмкін. Қандай жағдай болмасын, деструктивті сынды көңілге алмауды үйреніңіз. Мұндай кеңесті "Екі метрлік әлемде төрт метрлік балаларды тәрбиелеу" кітабының авторы Тим Маккарти айтады.

Сынға қалай жауап беру керек? Тим Маккарти мұндайда сын айтқан адамға алғыс айтуға кеңес береді. Егер сіз сынды орынды деп қабылдасаңыз, демек сіз тұлға ретінде өсіп келесіз деген сөз. Ал, егер сын деструктивті сарында айтылса, онда сіз сынға алғыс айту арқылы, өзіңізді өреңіз қаншалықты биік екенін көрсетесіз. Деструктивті сында алғыс айту арқылы сіз, сізге сын айтып отырған адамның сізге ешқандай әсер ептегенін көрсетесіз, дейді тәлімгер-кеңесші Деррик Шевалье.

Сыни хабарлама. Көрнекі сурет
Сыни хабарлама. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сын айтқан адамға, ішкі сезімдеріңізді айтыңыз

Егер сыни пікірлер, сіздің жүрегіңізді жаралайтын болса және ол сынды сіздің жақыныңыз айтса, онда оған осы сөздері үшін, ренжігеніңізді айтыңыз. Лицензиясы бар терапевт Мэтью Белл осы арқылы сіздер өз эмоцияларыңыздың құрсауында қалмайсыз дейді. Бәлкім, сіз оның бұл сөздері сізді ренжіткенін айтсаңыз, ол сізден кешірім сұрауы мүмкін.

Адамдардың психикасы көп жағдайда негативті эмоцияларды ұзақ уақыт санасында сақтайды. Егер осы келеңсіз жайт туралы жақыныңызға айтсаңыз, онда сіздің ішкі өкпеңіз де кетеді, дейді Эллен Хендриксен. Осы арқылы сіз болған жайт туралы тез ұмытасыз, дейді сарапшылар.

Тұрақтылықты сақтай отырып, дамыңыз

Сынды жай ғана қабылдау – жіберіп алған мүмкіндікпен тең. Сондықтан, сын айтқан адаммен конструктивті диалог құрыңыз және осындай келеңсіз жағдай орын алмауы үшін, өзіңізді жетілдіруге тырысыңыз.

Сол сияқты өзіңізге өзіңіз есеп беріп, өз жетістіктеріңізге шынайы қуана біліңіз. Бұл сізге өсуге мүмкіндік береді. Сыни пікірге душар болып, одан кейін қайтадан қалпыңызға келуіңіз үшін, сізге тұрақтылық қажет болады. Ол сізге позитивті көңіл-күймен бірге, өзіңіздің жақсы жақтарыңызды көруге, дамуға мүмкіндік береді.

Сондықтан тұрақты адамдар сынды өсу мүмкіндігі деп қабылдап, одан сабақ алып, ілгері қадам басады. Сынды, ең алдымен, жеке өсу деп қабылдаған жөн. Сынды дұрыс қабылдаған адам, уақыт өте келе оған қалыпты құбылыс ретінде қарайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2148001-kongilge-almau-kerek-syni-pikirlerge-boi-aldyrmaudyng-8-adisi/