Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баланы ментальді арифметикаға беру керек пе?

Жарияланған күні:

Қазіргі кезде ата-аналар балаларының бос уақытын түрлі үйірмелермен толтырып тастауды жөн көреді. Солардың бірі – ментальді арифметика деп жазады comode.kz.

Оның шынымен де пайдасы бар ма? Әлде, жай ғана оқу жүйесінде сәнге айналған ағын ба?

Кішкентай балалардың күрделі математикалық амалдарды ойда есептеп, жауабын бірден айтып жатқан видеоларды көрген боларсыздар. Өз қалаңызда ментальді арифметиканың жарнамасымен де бірнеше рет кездескен боларсыз. Әлемдік ғаламторға кірсеңіз де, дәл сондай жарнамаға тап боласыз.

Қазақстанда ментальді арифметика мектептері кең етек жаюда. Көптеген орталықтар әлемдегі үздік ментальді арифметика мектептерінің филиалы болып табылады да.

Бірақ, отандастарымыздың пікірі екіге бөлінді: біреулері бұл оқу әдістемесі баланың есте сақтау, креативті ойлауын, шығармашылық ойын дамытуға көмектеседі десе, басқалары механикалық есептеудің жағымсыз жақтарын байқап қалды.  Сонда, шындық қайда?

Ментальді арифметика деген не?

4-16 жастағы балалардың ақыл-ой қабілетін ойда санақ жүргізу арқылы дамытатын әдістеме. Осы әдістеменің көмегімен бала күрделі арифметикалық амалдарды (қосу, азайту, көбейту, бөлу, санның түбірін табу) бірнеше секундта ойда немесе арнайы “абак” деп аталатын шоттың көмегімен есептеп шыға алады.

Біздің миымыз 2 жартышардан құралады: оң жақ және сол жақ. Ұшқыр қиялға мидың оң жақ бөлігі жауап берсе, сол жақ бөлігі логикаға жауапты. Мидың оң жақ бөлігінің потенциалы айтарлықтай жоғары.

Мидың екі жартышарын дамыту үшін ментальді арифметиканы жаңа үйреніп келе жатқан балалар шотпен есептеген кезде екі қолының саусақтарын бірдей пайдаланады. Сөйтіп, арифметикалық амалдарды есептеп үйренеді.

Бұл кезеңнен сәтті өткен бала амалдарды ойда есептеп үйренеді. Ойда әр есеп жүргізген сайын баланың шоттан тәуелсіздігі қалыптасып, біраз уақыттан кейін ол шотты тек ойында елестету арқылы үлкен разрядты сандарды бірнеше секунд ішінде есептейді.

Ментальді арифметиканы үйренуге қанша уақыт кетеді?

Аптасына бір рет екі сағаттан баратын болса, 3-4 жыл қажет. Қажетті 10 деңгейді 3-4 айда немесе ер бала 7 жаста болған жағдайда 12 деңгейді 3-4 айда үйрене алады.

Оқу құны қанша?

16000-нан 24000 теңгеге дейін.

Алмагүл Тұрдалиева, үш баланың анасы (Эльман – 10 жас, Ескендір– 7 жас, Ерік –2 жас):

Екі балам да ментальді арифметикамен айналысып жүр. Үлкенім 3 жыл, екінші балам бір жыл. Екеуіне де ұнайды. Біз де ризамыз.

Бірінші балам ментальді арифметикаға екінші сыныпта оқып жүрген кезде барып бастады. Яғни, қарапайым арифметикалық амалдарды жақсы игерген кезі еді. Бірақ, үйреншікті есептерді жаңа жолмен шығаруға ерекше қызығушылық танытты.

Алғашқы нәтижені 1-1,5 жылдан кейін байқадық. Мектепте өз сыныптастарынан жақсы есептейтін болды. Ментальді арифметикамен бірге мектеп бағдарламасын да жақсы үлгереді.

Шыдамдылық пен зейін дамыды. Басқа пәндерден аса жоғары нәтиже көрсетіп жатыр деп айта алмаймын. Ментальді арифметикаға аптасына бір рет барамыз. Қалған күндері үш беттен тұратын есептер шығарамыз. Күн сайын. Екі балам да ойлау қабілетін жетілдіріп жатыр. Үш баламен күн сайын қалайша бәрін үлгеруге болады дейтіндер де бар. Өз басым, күніне есеп шығаруға 40-60 минут табуға болады деп есептеймін.

Үлкен ұлым жай есептерді тез шығарғанымен, мысал есептерге келгенде қиналып қалады. Ол үшін әдеттегі математиканы да терең оқытамыз деген жоспар бар. Тез есептеудің салдарынан жазуы да нашарлап кетті.

Менің ойымша, физика мен математикаға ерекше мән беру керек. Сол арқылы біз баламыздың болашақта сәтті маман болуын қамтамасыз етеміз. Математикаға деген құштарлығы сөнбесе, арнайы физмат мектебіне аударамыз деген ой бар.

Наталья Мутаева, бастауыш сынып мұғалімі:

Ментальді арифметика балаға санды сезінуге мүмкіндік береді. Ата-аналар балаларын ментальді арифметикаға жиі беретін болды. Оның көмегімен балалардың ойлау қабілеті дамиды. Бірақ, ойда тез санау математиканы жақсы игергеннің көрсеткіші емес.

Практика жүзінде, ментальді арифметиканы оқыған балалар есеп шығарған кезде жиі қателесіп жатады. Бұл тез санаудың салдарынан. Бәрі емес, әрине. Бірақ, менің сыныбымда ондай балалар бар.

Әлемдік ғаламтордағы ата-аналар пікірі:

“...Ментальді арифметика есептерін ұлым бірден шағып тастайтын. Мәселенің барлығы сосын басталды. Балам есептің мәнін түсінбейтін болды. Есептің сұрағын түсінбей бастады, не қосарын, не азайтатынын білмей тұрады. Математиканы оқытатын арнайы репетитор жалдадым. Оның айтуы бойынша, баламның басында түк жоқ. Оған кінәлі – біз, ата-анасы. Енді ойлап қарасам, маған баламның жоғарғы разрядты сандарды ойда есептегені не керек? Ертең алгоритм, тангенс, котангенс, фигураның ауданын табу, т.б. есептерге келгенде абакус көмектеспейді".

"Ментальді арифметиканы оқығанда үзіліс жасауға болмайды. Толық курсты бірден оқып бітіру керек. Ал біз бірінші деңгейден кейін 20 күнге демалысқа кетіп қалдық. Демалыс аяқталған соң балам ментальді арифметика сабағына қайта барғаннан кейін мұғалім ұрсып, үй жұмысын толтырып жіберіпті. Содан кейін баламның бұл әдістемеге қызығушылығы жоғалды".

"Нәтижесі бар. Балаларым ондық, жүздік разрядтағы сандарды ойда есептеп, жауабын бірден айтады. Мен калькуляторсыз оны есептей алмаушы едім. Үлкен ұлым сыныпта математиканың озаты. Жақында өткен математика олимпиадасынан екінші орын алды. Бір ғана қате жіберді. Қате де емес, жазуының түсініксіз болғаны. Екінші ұлым ондай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ әлі. Бірақ, бұл баланың жасына байланысты деп ойлаймын. Ең маңыздысы, бастапқы қызығушылықты сөндіріп алмау".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1100355-balany-mentaldi-arifmetikagha-beru-k/