Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баланы аллергиядан қалай сақтауға болады?

Жарияланған күні:

Соңғы кезде аллергияға шалдыққан балалардың саны айтарлықтай артып кетті. Оның негізгі себептері – экологияның нашарлауы мен салауатты өмір салтының бұзылуы деп жазады comode.kz.

Аллергия – адам ағзасының белгілі бір антигенге кері реакциясы. Ағза адамның ішіне енген антигенге қарсы түрлі қорғаныс шараларын ұйымдастыра бастайды. Салдарынан көздің қызаруы, қышыну, денеге бөртпелер шығу секілді жағымсыз әсерлер пайда болады. Антигенді жеке алатын болсақ, ол әдетте денсаулыққа зиянсыз нәрселерден тұрады. Сол себептен кейбір балаларда кері реакция тудырмайды.

Аллергияның негізгі себептері:

Терімен әрекеттесетін сыртқы аллерген (жануарлардың жүні, шаң, өсімдік ұрықтары, химиялық заттар, косметикалық бояулар, т.б.);

Азық-түлікпен бірге ас қорыту жүйесіне түсетін ішкі аллерген (дәрілер, сусындар, тағам қоспалары, т.б.).

Аллергияның факторлары мен түрлері:

Егер баланың иммунитеті мықты болса, оған ешқандай антигендер қауіп тигізбеді. Ал дұрыс тамақтанбай, дене шықтырумен айналыспайтын баланың иммунитеті төмен болады. Дұрыс тамақтану деген тамақты көп жеу емес. Бұл - құрамында дәрумендер және қажетті элементтері толыққанды сақталған, уақытылы тамақ ішу. Дүкенде сатылатын “пайдалы” йогурттардың көбісі ондай тағамға жатпайды. Олардың құрамында химялық қоспалардың бары ешкімге құпия емес.

Балаларда жиі кездесетін аллергия түрлері:

1. Сиыр сүтінің ақуызына

Сүттің құрамындағы казеин ақуызынан болатын аллергия бала ағзасына айтарлықтай қауіп туғызуы мүмкін. Оның көлемі тым үлкен болғандықтан, кішкентай балалардың ағзасы оны тарқата алмай, ол қанның құрамына тұтастай түседі. Сол себептен ағза оны жат дене ретінде қабылдайды. Оның салдары келесідей болады:

- жиі кекіру;

- іш өту;

- құсу;

- іштің қабынуы;

- зәрдің қан аралас болуы;

- дерматит;

- Квинке ісігі.

Казеин ақуызына бай сүт өнімдеріне сиыр сүті, сары май, ірімшік, балмұздақ секілді азық-түлік түрлері жатады. Аллергияның бұл түрінен сақтану үшін сиыр сүтін және оның өнімдерін балаға бермеген жөн.

2. Маусым аллергиясы

Маусым аллергиясы жылдың белгілі бір кезеңінде ғана пайда болуымен белгілі. Оны туғызатын нәрсе – көктеп тұрған гүл ұрығы.  Аллергияның бұл түрін емдеу мүмкін емес, бірақ оған алдын ала дайындалуға болады. Ол үшін бірнеше ай бұрын дәрігерге қаралып, тиісті дәрілерді қабылдау керек.

3. Азық-түлік аллергиясы

Ең қауіпті азық-түлік аллергендеріне сүт, жұмыртқа, жаңғақтар, соя, бал және бидай жатады. Бала аталмыш азық-түліктерді қабылдамаса, уақыт өте осы аллергиядан емделіп кетуі мүмкін. Алайда, сол уақытта аллергендердің құрамындағы қажетті дәрумендер мен минералдардың орнын басатын ас мәзірін ойластырған жөн.  Мәселен, сүттің құрамындағы ағзаға қажетті кальцийді інжір, жасыл түсті көкөністер, балық, қара өріктен алуға болады.

Жұмыртқаны ас мәзірінен мүлдем алып тастаған жөн. Оның орнына балық, ет, ас бұршақты қолдануға болады.

Жаңғақтың барлық түрлері өте қауіпті аллерген болып табылады. Сол себепті, жаңғақпен аса мұқият болу керек. Себебі жаңғақ көптеген азық-түлік құрамында жасырын түрде кездеседі: шоколад, балмұздақ, кәмпит, тағысын тағылар.

4. Гүлдеу кезеңіне

Бұл аллергия балалар мен ересек адамдарда кездеседі. Аллергия өсімдіктің өзінен емес, тек оның ұрықтарынан ғана пайда болады. Жиі аллергияны туғызатын өсімдіктерге ойраншөп, жусан, жаңғақ ағашы, қайың, жайлау шөптері жатады.

Қай өсімдіктің гүлдеуі аллергия туғызатынын анықтау үшін арнайы анализ тапсыру керек.

Аллергияны емдеудің бірнеше түрлері бар. Олар арнайы дәрі-дәрмек қабылдаудан бастап, гормоналды препараттарға дейін. Оларды өз бетінше қолданбаған абзал. Аллерголог дәрігерге жолығып, нақты себебін анықтағаннан кейін ғана емдеу курсынан өту керек.

Алайда, кез-келген ауруды емдегеннен оның алдын алған жөн. Ол үшін келесі қарапайым шараларды сақтаса болады:

1. Баланың бөлмесін күн сайын жинау керек. Перделер, кілемдер, жұмсақ жиғазды тазалауды ұмытпаңыз. Төсек-орын тыстарын және ойыншықтарды аптасына бір рет 60-90 градуспен жуу керек;

2. Үй жануарларымен қарым-қатынасты азайту. Егер баланың жануарлардың жүніне аллергиясы болса, ол анафилаксиялық шокқа әкеп соғуы мүкін;

3. Үйдің ауа ылғалдылығын сақтау. Үйдің ауасы тым құрғақ болса, ол мұрынның шырышты қабығын құрғатып жіберіп, жиі түшкірудің себебі болады;

4. Жылына бірнеше рет үйді жәндіктерден және түрлі микроағзалардан қорғайтын арнайы препараттармен өңдеген дұрыс;

5. Шаң жинайтын тұрмыстық нәрселерден құтылыңыз. Олар тек шаң жинап қоймай, кенелердің пайда болуына қолайлы орта жасайды;

6. Баланы шамадан тыс тамақтандырмаңыз. Бала ағзасы тым үлкен тағам мөлшерін қорыта алмағандықтан, асқазан оны жат дене деп қабылдауы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1107623-balany-allergiyadan-qalay-saqtaugha-bo/