Босанатын кезде не істеу керек?
Жарияланған күні:
Болашақ ананы босану кезінде және одан кейінгі уақытта қандай жаңалықтар күтіп тұр? Бұл сұраққа облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров жауап берді деп жазады "Ақ Жайық".
Өз киімің болғаны жақсы
Біздің аналарымыз бен әжелеріміз перзентханаға түскен бойда санитарлық залалсыздандырудан өтетін: босанатын әйелдерді жуындырып, клизма қоятын, жатыр қуысын қырып, аурухананың киімін кигізіп, бастарына орамал тағатын.
Қазір бағдарламаға сәйкес босану барынша үйдегідей жағдайда өту керек, сондықтан анасы мен сәбиіне арналған киім үйінен әкелінуі тиіс және хлорланбаған болу керек. Не үшін? Себебі, онда міндетті түрде микробтар болады, ол микробтар жаңа туған сәбидің анасының микробтарына қарсы тұрақты иммунитетін қалыптастырады.
Егер белгілі бір себептермен үйден киім әкеле алмаған болсаңыз және жөргектер қолыңызда болмаса, уайымдамаңыз, перзентханада сізге бәрін де береді. Тек қайтаруыңыз керек.
Қырыну мен клизмаға келер болсақ, біріншісі терінің зақымдануына әкеліп соқтыруы мүмкін, оның салдарынан ауру тудырғыш бактериялардың пайда болып, көбеюіне алып келеді. Ал екіншісі дәрігерлердің айтуынша, түрлі инфекциялардың алдын алу үшін қолданылмайды.
Алайда дәрігерлер манипуляциялық әрекеттерді қолдануды азайтуға тырысқанмен, босанушылар тазалау клизмасын жасауды өтінсе, оны жасайды, себебі, болашақ ананың уайымдағанын қаламайды және оның босануға деген көңіл-күйін қалпына келтіру үшін ғана.
Шыдау керек
Босанудың бірінші кезеңі - толғақ. 15 жыл бұрын толғақ кезінде босанушы анаға жүруге, тұруға болмайтын, ол тек жатуы тиіс еді. Қазір бұл кезеңнің өтуі мүлде басқаша. Біріншіден, босанатын әйел жеке палатада жатады, сол жерде босанады. Қазіргі уақытта жүкті әйелге жатуға болмайды, керісінше, оның көп қозғалғаны дұрыс.
Босанған әйелдердің айтуынша, бұрын көп қолданылған толғақ шақыру және босануды қоздыру қазіргі кезде тек белгілі бір көрсетілімдер болған жағдайда қолданылады. Ауыруды басу әрекеттері де солай. Егер әйелдің денсаулығы жақсы және іштегі сәбидің жағдайы қанағаттанарлық болса, онда ауыру орынды, оған шыдау керек.
Ал ауыруды сәл де болса азайту үшін Атырау перзентханаларының дәрігерлері дәрі-дәрмексіз әдістерді ұсынады: егер қаласаңыз, душқа немесе ваннаға апарып, суға түсіреді, музыка қосып, массаж жасап береді, дұрыс тыныс алуды үйретіп, егер әйел қаласа, күйеуін, туысын немесе құрбысын шақыра алады.
Жақын жерде міндетті түрде акушер болады, ол сізге көмекке келеді, сабырға шақырып, ауыруды басу үшін не істеу керектігін көрсетіп, түсіндіріп береді. Ол қан қысымыңызды өлшеп, іштегі сәбидің жүрегін тыңдап, уақыты келгенде сізді босандырып алады. Орташа алғанда, табиғи босанудың ұзақтығы 6 сағаттан 16 сағатқа созылады. Бұл уақытта акушер сіздің қасыңызда болуы тиіс.
Әкесі де көмекке келеді
Босанудың екінші кезеңі болып баланың дүниеге келуі табылады. Босануға арналған арнайы орындық қазір көп пайдаланылмайды. Босану кезінде, соның ішінде «қуып шығу кезеңінде» («изгнание плода») әйел адам өзіне ыңғайлы позицияны таңдай алады.
Жаныңмен жатуға болады, тұрып немесе тізерлеп отыруға да болады. Босану залдары қазір де бар. Олар қиын босанатындар үшін керек; мәселен, егіз туғанда немесе босану асқынған кезде. Егер босану әрекеті ұзаққа созылып, сәбиге зақым келе бастаса, әйелді жеке палатадағы кереуеттен босану залына апарады. Тағы бір жаңалық – босанған соң ішке мұз басудың алынып тасталуы.
"Дәлелденген медицина бойынша ішке мұз басу жатырды кішірейтпейді. Қазір жатырға массаж жасалады, жаңа туылған сәбиді бірден омырауға салу қолданылады. Бұның бәрі әйел ағзасында жатырдың кішіреюіне қажетті окситоциннің бөлінуіне әкеледі. Күрделі жағдайларда, мәселен, босану кесар тілігінің көмегімен жүзеге асса, окситоцинді қолмен әйелдің бұлшықетіне егеді", - дейді Жұмыров.
Егер босану жағдайлары еш қиындықсыз, табиғи жағдайда 37-42 аптада жүзеге асса, былай болады: дүниеге келгеннен кейінгі бір минуттың ішінде шарананың кіндігін қыстырғышпен қысады. Тамыр соғуы басылғанда кіндігін кесіп, шарананы анасының ішіне екі сағатқа жатқызып қояды.
Босанудан кейінгі бірінші сағаттың соңында баланың көзін тазалап, жуады, ал екінші сағат аяқталған соң кіндігін тазалап, салмағын өлшейді. Баланы анасының ішіне не үшін жатқызады? Дәрігерлерде «жылу тізбегін сақтау» деген түсінік бар.
Бұл балаға салқын тиюдің алдын алу үшін және ананың «микробтары» баласына жұғу үшін жасалады, себебі, баланың осы микробтарға қарсы иммунитеті пайда болады. Егер босану күрделі болса, сәби үшін маңызды болып саналатын осы істермен оның әкесі де айналыса алады. Әкесінің ішіне жатқызу және терінің теріге жанасуы сияқты әрекеттер Атырау облысында кең қолданылады екен.
Кесар тілігі туралы
- Кесір тілігі арқылы дүниеге сәби әкелген аналардың көпшілігі келесі босанарда дәрігерлердің осы әдісті ұсынарына сенімді. Босанушылардың пікірінше, дәрігерлер асқынулардан қорқады және оларға бәрін тез бітірген ыңғайлы.
- Табиғи босану мәселесі бұрын кесар тілігімен босанған әрбір жүкті әйелмен жеке шешіледі.
- Ең ауырсындырмайтын және тез арада босанудың әдісі ретінде көп әйелге ұнайтын эпидуральды анестизияны (дәрі омыртқаның эпидуральды кеңістігіне салынады) қолданудан соң ұзақ уақыт бас ауыру немесе арқада ауырсынулар болатыны рас па?
- Кез-келген анестезия барысында жанама әсерлер болуы мүмкін.
- Жаңа туған сәбидің кіндігіне «зеленка» жағуды неліктен алып тастады?
- Кіндіктің қалдығына ештеңе жағудың қажеті жоқ, ол өздігінен түсіп қалуы тиіс. Ал егер күдікті белгілер немесе симптомдар болып жатса, дәрігерге қаралған жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1120496-bosanatyn-kezde-ne-isteu-kerek/