Гинеколог маманнан бес кеңес: Қыз өсіріп отырған аналар нені ескеруі керек?
Жарияланған күні:
Қыз тәрбиелеп отырған әр ана нені ескеруі керек? Қызы құлпырып бойжету сатыларынан өтетін сәтте оған анасы қандай кеңес бергені дұрыс? Бұл жайында comode.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Арнайы маманның кеңесі арқылы өтпелі жасқа қадам басқан қызыңыздың нені қалайтынын біліп, оның өз-өзіне сенімді азаматша болып өсуіне жағдай жасай аласыз.
Өйткені, қыз баласының бойжету сатысы тек қана есеюмен шектелмейді. Оның дене келбеті мен мүсінінде, ағзасында айтарлықтай өзгерістер орын алады. Етеккірдің келуі, гормон алмасуы мен бетке шығатын безеулер, жаңадан пайда болған кеуде қызыңыздың өз-өзіне сенімсіздігін қалыптастырып, тұйық болып өсуіне әсер етуі мүмкін. Осы сәтте қыз баласы анасының кеңесіне зәру болады.
1) Кемшіліктерімен күресуге көмектесіңіз.
«Толып-жетілу кезеңінде 99% қыздар өздерінің дене мүсіндеріне көңілі толмай, уайымға салынады. Дәл осы сәтте ата – ананың қолдауы мен кеңесі ауадай қажет. Олар қыздарын сабырға шақырып, мұның бәрі өткінші әрі заңдылық екенін түсіндіруі керек. Кейбір қыздардың бірі төсі екіншісінен үлкен болуы мүмкін. Алайда, бұл ешқандай да қорқынышты дүние емес. Дамып – жетілу барысында бәрі де қалыпқа келеді», - дейді гинеколог Гуляра Избосинова.
Етеккір басталған кезде лезде бойы өсіп, ыңғайсыздықты сезінеді. Одан бөлек терісі өзгеріп, бетіне әртүрлі безеулер шығады. Мұның барлығы өтпелі кезеңде жүрген жасөспірім қыз үшін ауыр соққы болмақ.
2) Жеке бас гигиенасы мен өз-өзіне күтім жасауды үйретіңіз.
Қызының дағдылануы үшін анасы көмектесуі керек. Ағзасындағы өзгерістер гормондар қалыптасуы барысында орын алған дүние және ол уақытша. Үлкен күтім мен тазалық қажет. Қыздарыңызды күнделікті сусабын және сабын қолданып шомылуға, арнайы дезодоранттар қолдануға үйретіңіз. Ал, етеккір барысында бірнеше рет тазаланып, арнайы жөргектерін ауыстыруды ескертуді ұмытпаңыз.
3) Жыныстық қатынас жайлы тақырыпта сөз қозғауға ұялмаңыз. Қызыңыздың сырласы болыңыз.
Қызыңыздың жүкті болып қалмасы үшін, ақымақтыққа ерте жасынан жол бермеуі үшін ашық сөйлесіп үйреніңіз. Ең әуелі ерте жыныстық қатынастың зияндары мен қауіптерін түсіндіріңіз. Мысалы, 16 жасқа дейін жүкті болып қалған қыздардың өміріне үлкен қауіп бар. Өйткені, жасөспірімнің ағзасы әлі толық қалыптасып үлгермеді. Егер жүктілікті соңына дейін жетпей, түсік болатын болса денсаулығына зиян келмек.
Көп кезде жас қыздар өздерінің ағзасындағы немесе дене мүсініндегі өзгерістерді түсінбейді. Ал, аналары тым кеш мән береді. Гинекологтарға қаралуға келген кезде қыздардың жұқпалы ауруға тап болғаны немесе жүктіліктің мерзімі анықталып жатады. Кейде ата – анасының қаталдығынан қорыққандықтан, шындықты айтпайды.
4) Денедегі пайда болған түктермен күресу. Мұртшасы пайда болған қыздардың бойына сенімділік ұялатыңыз.
Гормондық өзгеріске байланысты жасөспірім шақта қыздарға мұртшалар пайда болып, сыныптастарының мазағына айналады. Достары оған әзілдегенімен, ол бойжеткеннің сағын сындыруы мүмкін. Қызыңызға бұл ағзадағы өзгеріс әсерінен екенін түсіндіріп, бойына сенімділік ұялатыңыз. Оларды жұлып немесе теріп тастағаннан тиіспген дұрыс. Ағза қалпына келген сәтте, ол түктер де ізім-ғайып жоғалады. Ал егер қызыңыз толық қалыптасқанда да түктерден арыла алмаса, онда эпиляция жайлы сөйлесіңіз.
5) Қыз баласына арналған заманауи бағдарламаларды қолдануды үйретіңіз.
Етекірге арналған, салмағы мен келбетіне арналған түрлі мобильдік қосымшаларды пайдалануды үйретіңіз. Сонда қызыңыз тосын жағдайларға (мысалы: етеккір келуіне) алдын-ала дайын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1733240-ginekolog-mamannan-bes-kees-kyz-sirip-otyrgan-analar-neni-eskerui-kerek/