Жігіттерге кеңес: Бойжеткендерді өзіңізге қалай ғашық етуге болады
Жарияланған күні:
Көптеген жігіт өздері ұнатқан қызға барып, онымен танысып, одан әрі өмір бойына жанына серік еткісі келеді. Алайда көшеде немесе басқа жерде бейтаныс қызды бір көргеннен ұнатып қалған ер-азаматтар нәзік жандылардың жанына барып, танысуға я болмаса телефон номерін алуға батылы жетпей жатады. Осы орайда бүгінгі мақалада жігіттерге қызды өзіне ғашық ететін ақыл-кеңестерді бөліспекпіз.
Қыздың көңілінен қалай шығуға болады?
Бойжеткендерге ұнау өте қиын. Ол үшін көп жағдайда ер-азаматтарға уақыт, сабыр мен төзімділік керек. Жас жігіттің көпшілігі қызға өз сезімін ерте білдіріп қояды да, онысы аруларға ұнамай жатады. Бойжеткенге шын ғашық болған жігіт, кездескісі келетін қызды шошытып алмауы тиіс.
Нәзік жандылардың жүрегін өзіңіздің жақсы тұстарыңызды көрсетіп, баурап алуға болады. Десе де төмендегі кеңестерге құлақ түрсеңіз, ұнаған қызыңыздың жүрегін жаулап алу мүмкіндігі арта түседі:
1. Қадамды бірінші болып жасаудан қорықпаңыз, тағдыр тек табанды адамдарды ұнататынын ұмытпаңыз. Онымен танысқыңыз келетініңізді білдіріп, бірінші болып сөз айтыңыз.
2. Қыздар өздеріне жылы сөз айтқанды, мақтағанды жақсы көреді. Сол себепті комплимент айтудан жалықпаңыз.
3. Оған көз қырыңызды салып, танысқыңыз келетініңізді ишарамен білдіріңіз. Осындай әрекетіңізбен сіз онымен жақын танысқыңыз келетінін, егер ол қарсы болмаса кездескіңіз келетінін білдіре аласыз.
4. Нәзік жандылардың назарын аударудың ең тиімді тәсілі – оған жақындап қол тигізу арқылы, сезіміңіздің бар екенін білдіру болып саналады.
5. Киімдеріңіз таза, ұқыпты, өзіңізден әтірдің хош иісі шығып тұру қажет екенін ұмытпаңыз. Ғалымдардың айтуынша, адамдар өзінің өмірлік серігін дәл осы иісі арқылы таниды екен.
6. Сыпайы әрі ибалы болыңыз.
7. Ешқашан өтірік айтпаңыз: арулар ерлердің жалған сөйлеп тұрғанын бірден сезіп қояды.
Келесі кезең – кездесу. Алғашқы кездесуде мейрамханаға немесе тағы да басқа қымбат жерге бару міндетті емес. Өзіңізге ұнаған аруды киноға немесе саябаққа қыдыруға шақырсаңыз болады. Бойжеткенді кездесуге шақырған сәтте, ол одан бас тарта алмайтындай шақыру керек екенін ұмытпаңыз.
Қыздың жүрегін қалай жаулап алуға болады
Баяғы заманда бойжеткеннің жүрегін жаулап алу үшін түрлі сайыстар өткізетін еді. Мәселен орта ғасырлардағыдай өз махаббатыңызды дәлелдеу үшін, садақ атып, қарсыласыңыздан өзіңіздің күшті екеніңізді дәлелдейтін заман баяғыда қалған. Бүгінде бойжеткендер өзіне адал болуды, өзін ортада жақсы ұстайтын, сыйлайтын жігіттерді ұнатады.
Алғашқы кездесуде өзіңізді қалай ұстау керектігі туралы кеңестер:
1. Телефоныңыз әрдайым қосулы болсын. Қыздар сүйіктісіне хабарласып, күнінің қалай өткенін айтуды ұнатады. Сіздің басты мақсатыңыз – оны тыңдай білу.
2. Сенімді жігіт болыңыз. Қолыңыздан келмейтін істі жасауға уәде бермеңіз, керісінше қиын сәттерде жанынан табылатын, барынша қолдайтын "супер жігіт" атануға тырысыңыз.
3. Романтик болудан қысылмаңыз. Түрлі тәттілер, гүл сатып әперіп – сүйген қызыңыздың жүрегін жаулап алуға тырысыңыз.
4. Қыңыр мінез көрсетпеңіз, бүгінде қыздар азаматтардың бойынан әзіл, орынды қалжың айта алатын қасиеттерді іздеп, таңдау кезінде тез тіл табысып кететін жігіттерге басымдық береді.
5. Оны бақылауға тырыспаңыз. Сүйіктіңіздің құрбылармен уақыт өткізу, достарымен кездесу сынды шараларға құрметпен қараңыз. Жарты сағат сайын хабарлама жіберіп, оны бақылауда ұстауға тырыспаңыз.
6. Бұрынғы қыздарыңызды еске алмаңыз және сүйіктіңізді орынсыз сынға алмаңыз.
7. Оны құшағыңызға алып, жақсы сүйісе біліңіз.
Қыздарға хабарламаны қалай жазу керек?
Ғаламтор қарыштап дамыған заманда, бұрынғыдай хат жазу – өткеннің ісі. Сол себепті ерлердің көпшілігі аруларды хабарлама жазып-ақ өзіне ғашық етемін деп сенеді. Ендеше төменде осыған қатысты кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз:
1. Күнделікті айтылатын тақырыптарды қозғай бермеңіз. Керісінше әдемі сөздер айтып, өзіңіздің романтик екеніңізді көрсетіңіз.
2. Одан тез арада жауап күтпеңіз. Бойжеткендер әдемі жауап жазу үшін, көп жағдайда ойын жинақтап, оны сараптап алады.
3. Анайы, әдепсіз сөздер жазып, сүйіктіңізді ыңғайсыз жағдайға қалдырмаңыз.
4. Сауатты жазыңыз. Қате көп кетсе, қыздар мұндай жігітпен араласқысы келмей қалады.
5. Хабарламаңызды барынша қызықты етіп жазуға тырысыңыз. Кейде әзіл-қалжыңы аралас хабарлама да жазып тұрыңыз.
Онымен хабарлама, телефон арқылы қаншалықты ұзақ сөйлесіп жүргеніңізге мән беріңіз. Бәлкім, кездесуге шақыратын уақыт та таяп қалған шығар.
Әлеуметтік желіде бойжеткендерді қалай сөзге тартуға болады?
Бүгінде әлеуметтік желілердің өмірімізге мықтап енгені соншалық, оларсыз күнделікті өмірімізді елестету мүмкін емес жағдайға жеттік. Сол себепті назарларыңызға жігіттерге әлеуметтік желі арқылы қыздармен сөйлескенде, өздерін қалай ұстау керектігі әрі өзіңізге ұнаған қызбен, желі арқылы қалай танысу қажеттігі туралы кеңестерді ұсынамыз:
1. Өзіңізге ұнаған суретке лайк басыңыз. Алайда оның барлық суреттеріне лайк баспағаныңыз жөн, мұндай қылық қыздарға көп жағдайда ұнай бермейді.
2. Желі арқылы танысқан соң, оған жылы сөз айтуды ұмытпаңыз.
3. Бойжеткенмен әңгімені жеңіл түрде жалғастырыңыз, себебі қыздар ауыр тақырыптарға әңгіме қозғауды көп ұната бермейді.
4. Оның қызығушылықтары мен нені ұнататынын сұрауды ұмытпаңыз. Қыздардың көпшілігі өзі жайлы әңгімелегенді ұнатады.
Егер бейтаныс қызды көріп, ол сізге ұнап қалып, онымен әлі таныса алмай жүрсеңіз, жоғарыдағы кеңестерге сүйеніп, танысу үшін алғашқы қадамыңызды жасай берсеңіз болады.
Бастысы сүйіктіңізбен, бәлкім болашақ жарыңызбен танысуды кейінге қалдырмасаңыз болғаны. Өмір қас-қағым сәт, сол себепті барлық мүмкіндікті қалт жібермей, пайдаланған абзал!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1966819-zigitterge-kenes-boizetkenderdi-ozinizge-qalai-gasyq-etuge-bolady/