Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бойжеткендерге кеңес: Ер адам отбасында қандай болуы керек

Жарияланған күні:

Қарым-қатынас
Бойжеткендерге кеңес: Ер адам отбасында қандай болуы керек: Pexels.com

Ер адам отбасында қандай болуы керек? Осы сұраққа көптеген әйелдер жауап таба алмай, дал болып жатады. Ендеше бүгінгі материалда осы мәселені егжей-тегжейлі зерттейтін боламыз.

Нағыз ер-азамат қандай болуы тиіс?

Қазіргі таңда қоғамда адамның жүріс-тұрысы мен оның мінезі, белгілі бір ортада өзін-өзі ұстауына қатысты көптеген пікірлер қалыптасқан. Мәселен кейбір жарнама роликтері армандағы азаматтың немесе әйелдің идеалды образдарын жасап қойған. Сондықтан адамдарды көбінесе ер адамға немесе керісінше нәзік жандыларға тән қасиеттер қандай деген сауал жиі мазалайды.

Десе де уақыт қаншалықты жылдам өтсе де, жылдар бойы нағыз ер-азаматтарға тән игі қасиеттер мен олардың бойындағы құндылықтар да өз маңызын ешқашан жоймайды. Төменде осы қасиеттерге толықтай тоқтайтын боламыз.

  • Еркіндік

Бұл әр ер адамның бойынан табылуы тиіс ең маңызды қасиет болып саналады. Егер сіздің сүйіктіңіздің тұрақты жұмысы, өз баспанасы болмаса және ол әлі де ата-анасына тәуелді болса, онда ғашығыңыз ересек ер адам ретінде қалыптаспады деп есептей беріңіз. Сонымен бірге нағыз еркек өзінің қызығушылықтарынан дер кезінде бас тартып, мәселен компьютерлік ойындар мен есірткі тектес заттарға тыйым сала алуы тиіс.

  • Батылдық

Бұл игі қасиет кез келген ер адамның бойынан табылуға тиіс. Осы орайда нағыз еркек сырт келбеті әдемі, өзін кез келген адамға қол көтеріп, дауыс көтеретін азамат деп ойлау – үлкен қателік . Керісінше мұндай ерсі мінез оны сүйкімсіз етіп, еркекке тән барлық асыл қасиетінен жұрдай қылады. Батыл ер адам ол – тағдырдың тауқыметін мойымастан көтере білетін, кез келген мәселені айқай-шусыз, сабырмен шеше алатын, ержүрек азамат.

  • Табысты болу

Әрбір еркек өзінің жаратылысына сәйкес, үйдің, отбасының асыраушысы. Сол себепті олардың бойындағы табыс табуға деген қасиетті ашып, ел алдында абыройлы болуына күш салу керек. Себебі табысты еркек қашан да өз-өзіне сенімді болады.

  • Тұрақтылық

Бұл қасиет те кез келген ер адамның бойынан табыла білуі керек. Егер еркектер сөзінде тұратын, тұрақты азамат болса, онда оны жеке өмірде де, отбасында да, жұмысында да құрметтеп, қастерлейді. Ал егер ер адам керісінше айтқан сөзінде тұрмай, сөзінен тайқып кетсе, онда оның қадір-қасиеті қалмай, ел алдында абыройынан жұрдай болады.

қарым-қатынас
Ер адам отбасында қандай болуы керек: Pexels.com
  • Тәуекелге бел буу

Тәуекел – адамнан ақыл мен жылдам шешімді қажет ететін ерекше қасиет. Тәуекелге тек өзіне сенімді, айтқанынан қайтпайтын еркектер бара алады. Әрине тәуекелге бел буу мен ақыл-ойға қонымсыз шешімді шатастыруға болмайды. Алайда орайы келіп, тәуекел арқылы, табысын еселей түсудің мүмкіндігі туса, онда мұндай мүмкіндікті жібермеген абзал. Мәселен ол жұмысты ауыстыру немесе қызмет ету саласын өзгерту және т.б. болуы мүмкін.

  • Өзіне-өзі сыни көзқараспен қарай білу

Нағыз ер-азамат өзінің құнын біледі әрі өзін бағалайды. Ол өзінің күшті әрі әлсіз тұстарын да жақсы біледі. Десе де өзіне деген сынды дұрыс қабылдап, одан ой қорытып, сәті түссе мұндай қадамға екінші рет бармауға өзіне-өзі серт берсе – мұндай адамды нағыз еркек деп ой қорытыңыз.

  • Табандылық пен бастаған істі соңына дейін жеткізе білу

Нағыз еркектер бастаған істі соңына дейін апара білуі тиіс. Бұл ұстаным жеке өміріне де, қызметі мен бизнесіне де қатысты болуы тиіс. Ол үшін ер адам бар күш-жігерін салып, табандылық көрсетуі керек.

Сонымен бірге нағыз еркек сыпайы әрі тәрбиелі болуы қажет. Мұндай қасиетті ұл балалардың бойына кішкентай кезінен сіңіре білу керек. Мәселен табысты әрі батыл жігіт қарапайым "рахмет" деген сөзді айта білмесе немесе өзін қоғамда қалай ұстау білу керек екенін білмесе, мұндай адам мансап пен жеке өмірде қалай абыройлы болмақ? Ондай жігіттерге тіпті көп жағдайда қыздар да қарамай жатады.

Ер адам отбасында қандай болуы керек

Нағыз еркектің бойында тек кәсіби қасиеттер ғана емес, сонымен қатар адами қасиеттері де болуы керек. Сол себепті сүйіктіңіздің отбасы, әйел мен балаларға қатысты қарым-қатынасын біліп алғаныңыз дұрыс.

Жеке қарым-қатынас – адам өміріндегі ең маңызды қатынастардың бірі. Табысты әрі жан-жақты еркекті әйелінсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Сондықтан ендігі кезекте нағыз еркек отбасында қандай болуы керек деген мәселе жайлы баяндайтын боламыз.

  • Мейірімді болу

Мейірімді жандарды көп жағдайда әлсіз адамдармен шатастырып жатады. Алайда жүрегі кең, мейірімді адамдар ғана күшті, өзіне-өзі сенімді әрі табысты адамдар бола алады. Тек рухани тұрғыда жаны жүдеу, адами қасиеттері төмен ер адам ғана әйелдерге қатысты күш көрсете алады. Мейірімді болу, әйеліне жаны ашу, оны қорғай білу сынды асыл қасиеттер ғана еркектерді нағыз ер-азамат етеді.

  • Әйел адамдарға көңіл бөліп, оларды аялай білу

Көп жағдайда бүгінде арулар бай әрі сырт келбеті келбетті жігіттерді іздейді деп жатамыз. Бәлкім ондай жағдайлар қазір аз да емес шығар. Алайда жүрегі мен жаны нәзік арулардың көбі қымбат, бағалы сыйлықтардан гөрі, жанына жақын, көңілін көтере білетін сыйлықтарға балаша қуанып жатады. Сол себепті сүйіктіңіз тосынсый жасап, ерекше романтикалық кештерге шақырса нұр үстіне нұр болатын еді. Себебі мұндай сыйлықтан кез келген бойжеткен бас тарта алмайды.

  • Әділдік пен шынайылық

Әйел адамдар ғашығынан барынша өзімен әділ болғанын, жалған сөйлемегенін, өзімен бірге болашаққа деген жоспарын бөлісуін қалайды. Жалпы нәзік жандылар ешқашан өтірік сөйлегенді кешіре алмайды. Сондықтан жігіттер мұндайда жалған сөйлеуге болмайтынын есте шығармаған абзал.

  • Адал болу

Нағыз махаббат ол – гүл шоқтары мен сыйлық жасап, тәтті сөздер ғана айту емес. Ол бір-біріңізге адал болу. Егер ер адам бір әдемі сұлудан тағы екіншісіне ғашық болып, кейін одан бас тартып, үшіншісін сүйіп қалса, ол тұрақсыздық әрі өзі мен өзгенің сезіміне құрметпен қарамау болып саналады. Омар Хайям айтқандай: "Әйелі бар адамды өзіңе қаратып алуға болады, көңілдесі бар еркекті де өзіңе қарата аласың. Алайда сүйіктісі бар жанды ешкім өзіне қарата алмас" деген қанатты өзі қашан да маңызды екеніне көз жеткізуге болады.

  • Орынды қалжыңдай білу

Орынды қалжың, әзілімен көптің көңілінен шыға білетін адам – нағыз ер адам деп айтуға болады. Әрине шын өмірде онсыз да өмір сүруге болатын еді. Десе де қағытпа қалжың, шынайы әзілі бар адаммен өмір сүру көңілді әрі жеңіл. Мұндай ер адамнан қыздар қашан да бас тартпайды.

Нағыз еркектің бойынан табыла білетін тағы бір қасиет – оның балаларға деген қарым-қатынасы.

Қарым-қатынас
Ер адам отбасында қандай болуы керек: Pexels.com

Ер адамдар да әйелдер сияқты отбасын құрып, бала сүйсем, оған ардақты әке болсам дейді. Нағыз ер-азамат қашан да өзінің сүйіктісінен бала сүйсем деп армандайды. Сондықтан ерлердің балаларға қатысты қасиеттері төмендегідей болуы тиіс:

  • қорғай білу;
  • төзімділік;
  • жауапкершілік;
  • мейірімділік пен нәзіктік;
  • балалары үлгі тұтатын әке болуға ұмтылу, отбасында өз орны бар, құрметтейтін тұлғаға айнала білу.

Отбасындағы ер адам қандай болуы тиіс деген сұраққа жауап іздеместен бұрын, алдымен оның бойында нағыз ер адамға тән қасиеттер бар-жоғына көз жеткізе біліңіз. Егер сүйіктіңіздің бойынан нағыз мұндай қасиеттер табыла білсе, онда ол отбасын құрғанда да қамқор әке, отбасының тірегі әрі ардақты жар бола біледі деп сеніңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/1969622-boizetkenderge-kenes-er-adam-otbasynda-qandai-boluy-kerek/