Көкөністерден дайындалған жазғы салат: Адельден ең жеңіл рецепт
Жарияланған күні:
Әр түрлі көкөністің қолжетімді болуы - жаз мезгілінің басты артықшылықтарының бірі. Үйіңізден табылатын өнімдерге хош иісті дәмдеуіш қосып жеңіл салат дайындаңыз. Бұл жазбада оңай салат түрі мен дәмі тіл үйіретін тұздықты қалай жасау керегін көрсетеміз.
Тағам рецептерін YouTube арнасынан таба аласыз. Күнделікті асқа және мерекелік дастарқанға арналған дәмді тағам идеяларын жіберіп алмаңыз. Арнада қолжетімді өнімдерден дәмді әрі пайдалы тағамдарды қалай дайындау керегі жайлы айтылады.
Салат жасауды ежелгі римдіктер ойлап тапқан деседі. Ертедегі тойларда көкөністер мен шөптерге сірке суы, бал және тұз қосып жасалған тағамдар ұсынылған. Мұндай тағамның атауы "salato" деген итальян сөзінен шыққан. Бұл "дәмдеуіш қосылған тағам" дегенді білдіреді. Тағамның басты артықшылығы әр түрлі ингредиенттерді үйлесімді түрде араластыруымен байланысты. Көкөністерге бал және қыша дәмдеуіші қосып жасалған маусымдық пайдалы салатты сіз де дайындап көріңіз.
Сипаттамасы
Асханасы: Еуропалық
Санаты: Тіскебасар
Дайындау уақыты: 5 минут
Дайын болатын уақыты: 15 минут
Мөлшерлік калориясы: 112 ккал
Ингредиенттер
- Аскөк - дәміне қарай.
- Лимон шырыны - 3 ас қасық.
- Сүйегі жоқ жасыл түсті зәйтүн - 60 г.
- Қияр - 250 г.
- Сәбіз - 150 г.
- Бал - 1 ас қасық.
- Өсімдік майы - 4 ас қасық.
- Ақбас қырыққабат - 500 г.
- Тұз - дәміне қарай.
- Қыша - 1 ас қасық.
1. Қырыққабатты тураңыз
Салат дайындау үшін жақсы піскен қырыққабатты таңдап алыңыз. Сыртқы қабаттарын тазалап, пышақпен кесіп, ыдысқа салыңыз. Туралған қырыққабатқа дәміне қарай тұз салып араластырыңыз.
2. Қияр мен сәбізді дайындап алыңыз
Қияр мен сәбізді жақсылап жуыңыз. Қиярды ортасынан кесіп алып, содан кейін әрбір жартысын жұқа тілім етіп тураңыз. Туралған қиярды шұңғыл ыдысқа салыңыз. Содан кейін сәбізді аршып, қияр салынған ыдыстың үстіне жұқа үккішпен өткізіңіз.
3. Аскөк қосыңыз
Аскөкті жуып, қағаз майлықпен құрғатып алыңыз. Әдетте аскөктің түп жағын кесіп тастаған дұрыс. Көк шөпті пышақпен майдалап тураңыз. Бұл салатқа шамамен төрт аскөк бұтақшасы қажет. Осы ингредиенттерге алма қосуға да болады, бірақ, жемістің қышқыл болғаны жөн.
4. Ингредиенттерді араластырыңыз
Тұздалған қырыққабатты қолмен жақсылап араластырыңыз. Қырыққабаттан бөлінетін шырынды төгіп тастамаңыз. Көкөністердің қалған бөлігі тұрған ыдысқа қырыққабатты салыңыз.
5. Зәйтүн қосыңыз
Қара немесе жасыл түсті зәйтүнді жұқа сақина пішінінде тураңыз. Зәйтүннің орнына корнишон қиярларын салуға да болады. Ал зәйтүн қосылса, дәмі ерекше шығады.
6. Салатқа дәмдеуіш қосыңыз
Ыдысқа күнбағыс майын (зәйтүн майын қолдануға да болады) құйыңыз. Лимон шырынын, дәнді қыша және бал қосыңыз. Тұздық ингредиенттерін салаттың үстіне құйып, жақсылап араластырыңыз. Содан кейін бір-екі минутқа қалдырып, дәмін көріңіз. Қажет болса, тұз қосыңыз. Дайын салатты дастарқанға ұсыныңыз.
Рецепт видеосы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2031326-kokonisterden-daiyndalgan-zazgy-salat-adelden-en-zenil-recept/