Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жасөспірім қыздар білуге тиіс етеккір туралы 10 ақпарат

Жарияланған күні:

Түймедақ алқабы
Түймедақ гүлдерінің арасында отырған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Болмысы нәзік қыз баланың тәлім-тәрбиесімен қатар, денсаулығына да ерекше мән берілу керек. Қыз бала болашақта ана атанып, ұрпақ өрбітеді. Бұл жазбамызда әйел затына тән етеккір мерзімі туралы дәрігерлер айтқан кеңестерді ұсынамыз.

Етеккір дегеніміз не?

Етеккір дегеніміз – әйел жатырындағы эндометрий қабатының жаңару үдерісі. Қыз баланың ағзасы жетілген кезде кезде етеккір келе басталады. WebMD мәліметінше етеккір әдетте 11-14 жас аралығында басталады, кей қыздарда одан кешірек болуы да мүмкін. Бірінші етеккір кезеңі "менархе" деп аталады.

Етеккір мерзімі деп етеккірдің бірінші күнінен келесі етеккір басталған уақыт аралығын айтады.

Қалыпты етеккір мерзімі қандай болу керек?

  • Қалыпты етеккір мерзімінде овуляцияға дейінгі және кейінгі екі фаза болады. Оның біріншісі – фолликулиндік фаза, екіншісі – лютеиндік фаза.
  • Әдетте етеккірдің келу уақыты 3 күннен 7 күнге дейін.
  • Етеккір циклінің ұзақтығы 21-ден 35 күнге дейінгі аралықты қамтиды.
  • Етеккір келген кездегі қан мөлшері 150 мл-ден аспайды.
  • Ауырсыну болмау керек.

Етеккір жайлы кез келген қыз білуге тиіс 10 ақпарат қандай?

Медицина ғылымдарының докторы Моник Рейнфорд қыз баланың етеккір жайлы мынадай ақпараттарды білгені жөн дейді:

  1. Әр адамның ағзасы әр түрлі. Етеккір келген кезде кейбір қыздардың іші, белі ауыруы мүмкін. Ал кейбірінде ешқандай ауырсынулар болмайды.
  2. Орташа етеккір циклі 28 күнге созылады. Дегенмен, қалыпты цикл 21-ден 35 күнге дейін өзгеруі мүмкін.
  3. Етеккір циклі кезінде аналық безден жұмыртқа шығарылады. Жұмыртқа фаллопиялық түтіктер арқылы жатырға қарай жылжыған кезде онда қосымша қан мен ұлпалардан тұратын шырышты қабат пайда болады. Жатырдың шырышты қабаты қалыңдайды, ал егер жүктілік пайда болса, шырышты қабықтағы қан тамырлары өсіп келе жатқан ұрықты қоректендіру үшін ұлғаяды.
  4. Көптеген қызда етеккірдің бірінші, екінші күні қан мөлшері аз-аздан келеді, содан кейінгі күндерде көбейе түседі. Ал кейбір қыздарда бірінші күні-ақ қатты келуі мүмкін.
  5. Алғашқы етеккір келерден бұрын жасөспірім қыздың кеудесі ұлғаяды, жамбас тұсы өседі.
  6. Етеккір келген кезде қыз баланың терісі майланып, безеулер пайда болуы мүмкін.
  7. Етеккір келетін кезде көңіл-күйде өзгеріс болып жатады. Бұл эстроген, прогестерон секілді гормондардың әсерінен болады. Медицинада мұны "Етеккір алдындағы синдром" деп атайды.
  8. Етеккірдің түсі қою қызыл болады, ал қатты қоңыр болғаны дұрыс деп саналмайды.
  9. Кей кездері етеккір кесек-кесек болып келеді. Дәрігерлер мұның себебін қанның көп мөлшерімен байланыстырады. Сондықтан дәрігерге қаралып, қанның ұю жүйесін тексертіп алған абзал.
  10. Қыздарда етеккір алғаш рет келген кездерде өзгерістер болып жатады. Етеккірдің келу уақыты жасөспірім қыздарда 2 жылға дейін өзгеріп отыруы мүмкін.
Қыз балалардың аяқтары
Орындықта отырған қыз балалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жасөспірім қыздың анасы етеккір тақырыбында қалай сөйлесу керек?

Жасөспірім қыздардың аналары әлемде қазір ерте жыныстық жетілу жағдайы көп екенін есте ұстағаны жөн, сондықтан қыздың физиологиясы мен ағзасындағы өзгерістер туралы айтуды 7-8 жастан бастағаны дұрыс.

Омырау өсе бастағанда қышу немесе аздап ауырсыну болуы мүмкін екенін, сонымен қатар қолтықта, аяқ және қуық айналасында түк пайда болатыны жайлы жеткізіңіз.

Етеккір туралы ақпарат беріңіз, бәрін ашық сөйлесіңіз. Әйел затына неліктен етеккір келетінін және ондай жағдайда не істеу керегін айтыңыз. Жеке гигиена құралдарын қалай қолданатынын көрсетіңіз. Қажет заттардың қолжетімді жерде болғаны дұрыс. Өсіп келе жатқан қыз бала етеккір алғаш келген сәтте қорықпай, өз бетінше күтім жасай алуы керек.

Егер анасы баланың өте тез дамып жатқанын байқаса, қызына етеккір 11 жасқа дейін келсе, не болмаса, 14 жасқа дейін әлі келмегені байқалса, гинекологтың кеңесіне жүгінген абзал. Дәрігер, гинеколог-эндокринолог Наталья Силина қыз баланы 7-8 жастан бастап гинекологқа профилактикалық мақсатта апаруға кеңес береді.

Етеккірдің ерте жаста келуінің себебі неде?

Медицина және философия ғылымдарының докторы Хэ Санг Ли мұны ағзаға әсерін тигізетін бірнеше жағдаймен байланыстырады:

  • Ағзадағы майдың артуы;
  • Дене салмағының артуы;
  • Тәтті, газдалған сусындарды жиі ішу;
  • Генетикалық факторлар мен қоршаған орта себеп болуы мүмкін.

Етеккірдің кешігуіне қандай себептер әсер етеді?

Гинеколог-эндокринолог, маммолог дәрігер Гүлмира Жұмағұлованың айтуынша етеккір мерзімінің кешігуіне мынадай жағдайлар әсер етуі мүмкін:

  • Дене салмағының аз болуы;
  • Стресс;
  • Шамадан тыс физикалық жүктеме;
  • Гормондардың теңгерімсіздігі;
  • Қалқанша безі қызметінің өзгерісі.

Етеккір келген кезде неліктен ауырсынулар болады?

Медицинада етеккір келерден немесе келіп жатқанда кіші жамбастың ауыруын "альгодисменорея" деп атайды. Бұл жөнінде baribar.kz сайтында гинеколог дәрігердің берген жауабында айтылған. Мұндай кезде бас ауырады, жүрек айниды. Ол бірінші және екінші кезең болып бөлінеді. Біріншісіне етеккірдің алғаш келген сәтінен (мысалы, 13 жас) қазіргі уақытқа дейін ауырып келуі жатады. Екіншісіне бертін келе пайда болған ауырсынуды жатады.

Кіші жамбас астауында қабыну процесі болып жатса, етеккір ауыртып келуі мүмкін. Мұндайда ағза белгі береді. Ондай реакция үш кезеңнен тұрады:

  • экссудация;
  • пролиферация;
  • альтерация.

Осы кезеңдер біткен соң медиатор бөлініп, жалпы сегізкөз бел өрімі жүйке тамырларын тітіркендіреді. Содан адамның іші немесе төменгі жағы тартып, сыздап ауырады, бірақ нақты қай жері ауырып тұрғанын білмейді.

Ойланған қыз
Ой үстіндегі бойжеткен. Көрнекі сурет: pixabay.com

Етеккір келген кезде тазалық сақтау өте маңызды. Өзіңізді еркін сезініп, күнделікті қалыппен жүре беруге болады. Ең бастысы қатты ауыр жұмыс істемей, ыстық моншаға бармаған абзал. Қыз бала "етеккір" ұғымын дұрыс түсініп, жақсы қабылдауы керек. Оларға бұл процестің болашақта ана атануына әсер ететінін ұғындырған абзал.

Назар аударыңыз! Мақала ақпараттық сипатта жазылған. Денсаулығыңызға қатысты жағдайды дәрігеріңізбен бөлісіңіз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2032344-zasospirim-qyzdar-biluge-tiis-etekkir-turaly-10-aqparat/