Қыз сынына арналған тақпақтар пен таныстыру өлеңдері
Жарияланған күні:
Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қыздың ибалы, инабатты болуымен қатар, оның бойындағы табиғи дарынын ашу, ісмерлікке баулып, білімді, жан-жақты болуға үйретудің астарында үлкен мән жатыр. "Қыз сыны" сынды байқаудың мақсаты да қыз баланың тәрбиесіне үлес қосу болса керек. Бұл жазбамызда "Қыз сыны" байқауына арналған өлең жолдарын ұсынамыз.
Жыл сайын мектептерде қыз баланың білімін, өнерін саралау мақсатында "Қыз сыны" байқауы ұйымдастырылады. Әдетте бұл байқаудың қатысушысы ең алдымен өзін таныстыруға тиіс. Байқау шарты бойынша таныстыру кезеңі өлең жолдарымен айтылады. Алайда өлең шығару қабілеті барлық адамға бірдей берілмеген. Осы орайда ғаламторда жарияланған өлеңдерді бір жерге топтастырдық.
Өлең жолдарындағы есімдер мен мектеп, қала атауларын өзіңізге ыңғайлы етіп өзгертіп алуға болады.
Қыз сыны байқауына арналған таныстыру өлеңдері
Басымды иіп сәлем бердім, амансыз ба, ағайын!
Топқа түстім мен бүгін, қамшы шалмай шабайын,
"Мұқанов" мектебінде оқимын мен бүгінде
Қанаттарын қатайтқан шәкірттердің талайын.
Қазақ қызды сыйлаған,
Қазаққа қыз сыйлы адам.
Ұлжан менің есімім!
Абыройын қазақтың жаста болса ойлаған.
Жыр оқуды сүйіп келем жасымнан,
Достарым көп табылатын қасымнан.
Нағыз қазақ қызы міне, қараңыз,
Дұшпан сөзін асырмайтын басынан.
***
Қыз сынына
Авторы: Жібек Искакова
Күлім қаққан жанарыммен үн қатып,
Жүректегі өлеңіммен жырлатып.
Мен келемін, армысыздар, ағайын,
Алдарыңда сәлем беру бір бақыт.
Мен де келдім бүгінгі бұл жарысқа,
Орта жүзден тараған аруың мен.
Жеңу үшін бұл жерге келіп тұрмын,
"Өнер" атты айнымас қаруыммен.
Ардаққызы боламын жүзі жылы,
Салт-дәстүрді ұстанған қыздың бірі.
Салтанаттай анам бар ақ жаулықты,
Тәнті болып қарардай жердің жүзі.
Бұл сайысқа келгенім белді буып,
Жүздескелі сіздердей жандармен.
Ал арулар, тілеймін тек сәттілік,
Кездесейік біз бірге армандармен.
***
Жайма шуақ көңілде жаз орнайды,
Бұл жүрегім лүпілдеп жаймен ғана.
Армысыздар ағайын, сәлем бердім,
Көңілдерге шаттықтың отын жаға.
Мен арумын биязы, жаны нәзік,
Ән-жырымен айналаны тербейтін.
Орта жүздің қызымын мейірімді,
Жел сөзге ешқашанда сенбейтін.
Арманқызы Ақерке мен боламын,
Бұл жарыста өнеріммен толғанамын.
Анашым бар Ақжарқын мейірімді,
Көрсететін қашанда оң қабағын.
Бұл жарысқа бақ сынап келіп тұрмын,
Қобалжымай өзіме сеніп тұрмын.
Алдыңызда иіле сәлем беріп,
Маржан сөзді жүректен теріп тұрмын.
***
Армысыздар ел-жұртым, дара халқым,
Амандасу алдымен ата салтым.
Бұл жарысқа асыға мен де келдім,
Жүрегіммен сезініп сөздің парқын.
Кіші жүздің қызымын гүл жайнаған,
Көктемдей боп құлпырған бар айналам.
Асыл текті қызымын қазағымның,
Айданамын, ел жайын күнде ойланам.
Мақсатқызы боламын жүрегі кең.
Үн қататын шынайы жүрегімен.
Анашым бар Айғаным жаны нәзік,
Жақсылықтың жолдарын біле білген.
Бұл сайысқа келген барша арулар,
Әрбір сәттен қуанышты табыңдар.
Сәттілікті тілеймін мен сіздерге,
Амандықта толған айдай толыңдар!
***
Армысыздар, бармысыздар,
Иіліп сәлем берейін.
Жиылған жұрт, ағайын,
Үстем болсын мерейің.
Есімімді сұрасаң,
Қасымова Арайлым.
Шуағына бөлейтін,
Таңғы шуақ араймын.
Асқарқызы мен болам,
Жаны сұлу әдемі.
Толған айдай толамын,
Қуанар бар әлемі.
Қараңыз, бұл байқауға,
Жеңу үшін келгенмін.
Маржан сөзді жүректен,
Теру үшін келгенмін.
Бар қазақтың үнімін,
Ән мен жырға бөлейтін.
Гүл ананың қызымын,
Арсыздыққа көнбейтін.
Қыз сыны байқауына
Авторы: Әсел Жутаева
Қазақтың қызы, ибасын бойға сақтаған,
Қазақтың қызы, болмысыңменен мақтанам.
Қазақтың қызы, қасиетіңнен айналдым,
Ананың сүтін ана боп жүріп ақтаған.
Ерлігін жимас, ерке даланың елігі
Ақтауға келдім мектебім артқан сенімді,
Талай батыр мен баһадүрлердің отаны,
Қызы боламын Ақтөбе деген өңірдің.
Дәріптеп әркез дәстүрін сүйген қазақтың,
Арқанын тартқан сонау бір кезде азаптың.
Қазақтың қызы, ғаламаттардың ішінде,
Қазақтың қызы болмысы бөлек, ғажап тым.
Мін тақпағын қазақтығым жолында,
Дәлелдейтін уақыт жетті оны да,
Ұлт тағдырын ұлылыққа жетелеу,
Қазақ қызы, сенің ғана қолыңда.
***
Авторы: Марғұлан Ақан
Көрдің бе сен қазақтың шырайлысын,
Қолың жетпей арманда жылайды ішің.
Алдыңдағы қазақтың мен де қызы,
Айдындағы сәулелі бір ай мүсін.
Тарақ батпас асылы бұрымына,
Көне бермес өзгенің ырығына.
Мен Арумын! Көненің көзін көрген,
Салт-дәстүрін сақтаған тұғырына.
Өз басымды ойлайтын қыз емеспін,
Көңілдерді суытқан күз емеспін.
Арулардың басталды аламаны,
Ең нәзігі болармыз біз егестің.
Иә, сондай арумын айдан тамған,
Сәукелелі сәніммен сайран салған.
Таң қалдырып кетемін ортаңды мен,
Сіздер түгіл бабамыз қайран қалған!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2056441-qyz-synyna-arnalgan-taqpaqtar-pen-tanystyru-olenderi/