Табада пісірілетін хачапури: Арианадан ең оңай рецепт
Жарияланған күні:
Грузиннің хачапури деп аталатын наны бүгінде көп адамның сүйікті асына айналып үлгерді. Ал ертеректе мұндай тағамды кедейлер мен шопандар ғана жеген деседі. Хачапури өте құнарлы тағам болып саналады. Егер үй жағдайында пісіргіңіз келсе, біз ұсынған оңай рецепт кәдеңізге жарасын.
Бұл сөз грузин тіліндегі "хача" (жабу) және "пури" (нан) сөзінің бірігуінен шыққан. Бастапқы кездері хачапури лаваштың шетінде дайындалған, оған ірімшік салып, ашық отта пісірген. Грузияда хачапуридің түрі көп. Мысалы, аджар, мегрель, имеретин хачапуриі секілді тағамдардың өзіндік ерекшелігі мен дәмі бар. Ал біз қазақша нұсқа бойынша хачапуриді табада пісіру әдісін көрсетеміз.
Сипаттамасы
Асханасы: грузин
Санаты: бас тағам
Дайындау уақыты: 15 минут
Пісіру уақыты: 10 минут
Мөлшерлік калориясы: 297 ккал
Құрамы
Айран - 300 г
Жұмыртқа - 2 тал
Тұз - 1 шай қасық
Қант - 1 шай қасық
Өсімдік майы - 3 ас қасық
Ұн - 400 г
Қамыр қопсытқышы - 1 шай қасық
Моцарелла ірімшігі немесе кез келген ірімшік - 350 г
Дайындалуы
1. Айранға тұз бен қант қосып араластырыңыз
300 г айранды шұңғыл ыдысқа құйып, үстіне 1 шай қасық тұз қосыңыз. Оның үстіне 1 шай қасық қант салыңыз. Артынша 1 шай қасық қамыр қопсытқышын қосыңыз.
2. Өсімдік майын құйыңыз
Қамыр қоспасына 3 ас қасық сұйық май құйыңыз. Содан соң 1 тал жұмыртқа қосып, барлығын жақсылап араластыру керек.
3. Ұн салыңыз
Сұйық қоспаның үстіне 400 г ұнды аз-аздан қоса отырып араластырыңыз. Алдымен былғауыш қасықпен араластырып, содан соң қолмен қамыр илеңіз. Қамыр жұмсақ оп шығу керек. Қамырдың бетін жауып, 15 минутқа қойыңыз.
4. Ірімшікті үккіштен өткізіңіз
350 г ірімшікті бөлек ыдысқа үккіштен майдалап өткізіп алыңыз. Ірімшіктің үстіне бір шым-шым тұз себіңіз. Оған бір жұмыртқа қосып, араластырыңыз. Ірімшікті төрт бөлікке бөліп, домалақ пішін жасаңыз.
5. Қамырды тең қылып төрт бөлікке бөліңіз
Бөлінген қамырды қолмен қайтарып илеңіз. Содан соң домалақтап қолмен, сосын оқтаумен орташа қалыңдықта жайыңыз.
6. Қамырдың ортасына салмасын салыңыз
Ірімшіктен алдын-ала дайындап алған салманы қамырдың ортасына салыңыз. Содан кейін қамырды ортасына қарай бүктеп жинау керек. Сол кезде қайтадан дөңгелек пішінде шығады, ал салмасы ішінде қалады.
7. Қамырды жайып, пісіріп алыңыз
Қамырды орташа қалыңдықта жайыңыз. Құрғақ табаға салып, екі жағы қызарғанша пісіріп алыңыз. Пісірген кезде табаның қақпағын жауып қою керек.
8. Сары май жағыңыз
Піскен хачапуридің бетіне сары май жағып шығыңыз. Екінші бетіне де сары май жағыңыз. сары май жағатын кезде шанышқыны қолдануға болады. Қамырдың төрт бөлігін де табаға салып пісіріп алыңыз. Піскен кезде әрқайсысына сары май жағуды ұмытпаңыз. Сол кезде жұмсақ әрі дәмді болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2061751-tabada-pisiriletin-xacapuri-arianadan-en-onai-recept/