8 наурызда бөлмені қалай безендіруге болады: идеялар топтамасы
Жарияланған күні:
8 наурыз - көктемнің келгенін сезіндіретін ерекше мереке. Күн шуағы төгілген бұл күні арулардың құшағы гүлге толып, құлпыра түседі. Мерекені жақсы көңіл-күймен өткізу үшін үй ішін безендірудің де маңызы бар. Себебі түрлі-түсті бұйымдар қай кезде де қуаныш сыйлайды. Бұл жазбамызда 8 наурызда бөлмені қалай безендіруге болатынын айтамыз.
Қабырғаға, терезе жиегіне ілінетін гирлянда
Көлденең және тігінен ілінетін гирляндалар әдетте қалың қағаздан немесе киіз матадан (фетра) жасалады. Гирлянданы гүл, жұлдыз, күн пішінінде қиып, тігін мәшинесінің көмегімен бір-екі сантиметр қашықтықта тігуге болады. Ұзындығы мен жасайтын бұйымның саны терезенің немесе қабырғаның көлеміне байланысты шығады. Әдетте он шақтысы жетіп артылады.
Түрлі-түсті қағаздан жасалған гүлдерді жіпке тізіп, қабырғаға, төбеге, кітап сөрелеріне ілуге болады. Кішкентай көлемдегі гирлянданы мерекелік үстелді безендіру үшін қолданады.
Түрлі-түсті шарлар
Кез келген мерекенің көркін шармен келтіруге болады. 8 наурыз мейрамында бөлмеңізді ашық, бояуы қанық шарлармен безендіре аласыз. Кәдімгі шарларға ерекшелік қосқыңыз келсе, сыртына сурет салуға немесе әдемілеп жазу жазуға болады.
Фотожиек
repairstyling.com сайтында жарияланған "50 ideas of gifts on March 8 do it yourself" жазбасында фотожиектер бөлменің сәнін кіргізетіні жайлы жазылған. Оны өз қолыңызбен ағаштан немесе картон қағаздан жасауға да болады. Ал үйде ескі фотожиектер болса, оны жаңалай аласыз. Ол үшін жасанды гүлдердің күлтесін бөліп алып, тапанша желім арқылы фотожиектің жиегіне жапсырып шығыңыз. Гүлдердің арасы ашық болмағаны дұрыс. Тығыз жапсырылса, фотожиектің ескі екені көрінбейді.
Балауыз шамдар да бөлменің көркін ашады. Әсіресе кешкі ас ішкен кезде романтикалық әсер қалдырады. Көктем мерекесінде үстел үстіне майшам қойылса, артық етпейді. Балауыз шамдарды жуынатын бөлмеге қоюға да болады.
Бөлме гүлдері
Бөлме гүлдері тек мейрамда ғана емес, кез келген уақытта үйдің сәнін кіргізеді. Әсіресе түрлі-түсті пластик шелектердегі гүлдер терезенің алдына сән береді әрі қараған кезде көңіл-күйді көтереді. Ыдыстағы гүлдерді түрлі-түсті қағаздан, моншақтардан жасауға болады. albertolamaphotography.com сайтындағы "Decor for march 8 - create a festive mood" жазбасында ерекше эксцентрлік композициялар жасау әдістерін ұсынылған. Ол үшін жапырақтары алынған гүлдің сабағы керек. Алдымен гүлдің сабағын жақсылап жуып алып, үстіне лак жағыңыз. Қағаздан, қатты матадан гүлдердің, көбелектердің пішінін қиып, гүлдің сабағына жапсырыңыз. Оны әдемі құмыраға салып, терезенің алдына немесе үстелдің үстіне қойсаңыз болады.
8 наурызға қандай қолөнер бұйымдарын жасауға болады?
Үйде жасалған бұйымдар басқа заттарға қарағанда ерекше шығады. Себебі мұны өз қолыңызбен жасап шығасыз. "8 наурызға арналған әдемі қолөнер" жазбасының авторы Arianna Cook қағаздан арман-тілек картасын, гүл шоғын немесе жұмсақ ойыншық үлгілерін ұсынады. Егер көктем мерекесіне алдын-ала қамдансаңыз, онда керемет сыйлықтар мен бұйымдар дайын тұрады, - дейді автор.
Оригами
Көлемді боп келетін декоративтік элементтер өте әдемі көрінеді. Соның бірі ретінде оригами немесе квиллинг техникасы арқылы жасалған гүлдерді айтуға болады. Оригами техникасымен тек бөлмені безендіріп қана қоймайды, сыйлық ретінде гүл шоғын да дайындайды. Түрлі-түсті немесе гофрленген қағаздан қалауыңыз бойынша әр түрлі гүл жасай аласыз. Дайын гүлдерді себетке, құмыраға немесе қолдан сәндеп жасалған пластик шыныаяққа салып қоюға болады.
Баудан (лента) жасалған бұйымдар
Баудан жасалған гүлдердің көлемі шағын болады, бірақ көзге әдемі көрінеді. Бау арқылы 8 наурызға арнап қызғалдақ, раушан, түймедақ гүлдерін жасауға болады. Мұндай гүлдерді сыйлық қораптарының бетіне де жапсырады.
Баумен картон қағаздың бетін безендіруге болады. Мұндай бұйымды канзаши техникасы арқылы гүл тәрізді жасай аласыз. Бұл техникамен жұмыс істеу кезінде баудың ұшын оттықпен күйдіру керек, сондықтан өте мұқият болған жөн. Бастысы қауіпсіздік шаралары сақталуға тиіс.
Жіптен жасалған бұйымдар
8 наурызда бөлмеңізді қандай бұйымдармен безендіруге болады? 8 наурызда түрлі-түсті жіптен гүлдердің пішінін жасауға болады. Ол үшін тоқымашы болу міндетті емес. Сізге бар болғаны картон қағаз бен түрлі-түсті жіп қажет.
Алдымен картонды тіктөртбұрыш етіп қиып алу керек. Оның үстіне молдау етіп желім жағыңыз. Желім құрғай бастаған кезде картонның бүйірін кішкене кесіңіз. Жіптен жасаған гүл мен жапырақтарды бетіне жапсырып, біріктіріп шығыңыз.
Иірілген жіппен жұмыс жасаудың тағы бір қарапайым әдісі - ілмекпен тоқу. Картонның бетіне ілмекпен тоқылған күн, гүл шоғы пішінін тігуге болады. Бұл техниканы үйрену өте оңай. Тоқыма өнерімен жақын адамдарыңызды таң қалдыра аласыз. Тоқыма арқылы жұмсақ ойыншық немесе майлық жасау көп уақытты алады, бірақ мұндай бұйымдар өте бағалы саналады.
Киіз матадан (фетра) жасалған бұйымдар
Киіз матадан бұйым жасау өте оңай, себебі мата қатты боп келеді. Бұл матадан қандай да бір қолөнер туындысын дайындайтын кезде арнайы үлгілерді қолдануға да болады. Мысалы халықаралық әйелдер күніне орай киіз матадан 8 санын негіз етіп кесіп алып, оны гүлдермен безендіреді.
Киізден жасалған қолөнер бұйымдары әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы мұндай матадан ойыншықтар, себет, әмиян, сөмке секілді түрлі зат жасалады. Сондай-ақ қалың дәптерлердің сыртын қаптап, әдемілеп қоюға да болады. Үйдің ішін кез келген кішкентай затпен сәндеуге болады. Ең бастысы мерекелік көңіл-күйде жүру маңызды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2063104-8-nauryzda-bolmeni-qalai-bezendiruge-bolady-ideyalar-toptamasy/