Ауызашарға Ганфан: Клара Мамбетовадан оңай әрі жеңіл рецепт
Жарияланған күні:
Ганфан - ұйғыр халқының ұлттық тағамдарының бірі. Құнарлы әрі тойымды тағамды бүгінде көптеген Орта Азия елдері де әзірлейді. Бүгінгі материалда дәмді тағамның ең оңай әрі жеңіл дайындалатын рецептісімен бөлісетін боламыз.
Ұйғыр халқының ұлттық тағамдарының бірі - ганфанды дайындау жолымен фудблогер Клара Мамбетова таныстыратын болады. Фудблогердің желідегі парақшасында одан басқа да түрлі тағамдардың рецептілерін көре аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Ұйғыр
Санаты: Бас тағам
Дайындалу уақыты: 20 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Сиыр еті - 400 гр
Түрлі-түсті болгар бұрышы - 3 дана
Сарымсақ - 1 тісше
Қызанақ - 1 дана
Жасыл жуа - дәміне қарай
Тұз, бұрыш және соя соусы - дәміне қарай
Дайындалуы
1. Етті маринадтаймыз
Алдымен етті жіңішке етіп тураймыз. Сосын соя соусын қойып, жақсылап араластырып, бетін жауып, кем дегенде жарты сағатқа маринадтау үшін қалдырамыз.
2. Көкөністерді дайындаймыз
Түрлі-түсті болгар бұрышы мен қызанақты жуып аламыз. Сосын ірілеу етіп, кезек-кезек тураймыз.
3. Ет пен көкөністерді қуырамыз
Табаға майды құйып, оған маринадталған етті салып, ет қызарғанша жақсылап қуырамыз. Сосын 1 тісше сарымсақ, көкөністерді салып әрқайсысын 2 минуттай қуырамыз. Аздап су құйып, баяу отта 20 минуттай қайнатамыз. Көкөністерді көп қайнатуға болмайды, себебі олар езіліп кетуі мүмкін.
4. Дайын тағамды дастарханға ұсынамыз
Ганфанға гарнир ретінде күрішті пісіріп аламыз. Ол үшін тазартылып, жуылған күрішті қайнап тұрған майда қуырып алып, үстінен су құйып, жақсылап пісіреміз. Күріш жабыспай, шашыраңқы болып пісуі үшін, оны көп қайнатпаған абзал. Дайын болған күрішті тәрелкеге салып, үстінен құймасын құйып, дастарханға ұсынсаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2068962-auyzasarga-ganfan-klara-mambetovadan-onai-ari-zenil-recept/