Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәмі тіл үйіретін, қамыры езілмейтін ұйғыр мантысы: Анаргүлден ерекше рецепт

Жарияланған күні:

Дайын болған ұйғыр мантысы
Дайын болған ұйғыр мантысы: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Манты - ұйғыр халық асханасының ең танымал тағамдарының бірі. Түркі елдерінің сүйікті тағамына айналған мантының, бүгінде жасалу жолдары да әртүрлі. Назарларыңызға қамыры езілмейтін, дәмді ұйғыр мантысының рецептісін ұсынамыз.

Қамыры езілмейтін ұйғыр мантысының рецептісін Анаргүл Мұхтарқызы ұсынады. Автордың одан басқа да рецептілерімен оның YouTube арнасынан таныс бола аласыздар.

Сипаттамасы

Асхана: Ұйғыр

Санаты: бас тағам

Дайындалу уақыты: 40 минут

Дайын болу уақыты: 35 минут

Құрамы

Ұн - 610 гр

Жұмыртқа - 1 дана

Тұз - 1 шай қасық

Су - 250 гр

Ет - 700 гр

Пияз - 6-7 дана

Қара бұрыш, зірә - дәміне қарай

Дайындалуы

1. Қамыр илейміз

Ұнға су, тұз қосып қамыр илейміз
Ұнға су, тұз қосып қамыр илейміз. Скриншот: YouTube/Anargul Muxtarovna

Ұнды електен өткізіп, тұз, жұмыртқасын қосып, су құямыз. Сосын қамырды біртіндеп илеп, оның қатты әрі жұмыр болуын қадағалаймыз. Яғни, манты бір-біріне жабысып немесе қамыр езіліп кетпес үшін, оны барынша қатты етіп илейміз. Қамыр бір-біріне жабысып, арасында іртік қалмау үшін, оны 3-4 минут бойы, иін қандырып илеу қажет. Сосын целлофанға салып, жарты сағатқа тындырамыз. Жарты сағаттан кейін қамырды иі қанғанша, тағы да илейміз. Кейін тағы да 30 минутқа тындырамыз.

2. Салмасын дайындаймыз

Мантының салмасын дайындау. Скриншот
Мантының салмасын дайындау. Скриншот: YouTube/Anargul Muxtarovna

Пияздың қабығын0 аршып, төртбұрыштап, ұсақтап тураймыз. Сосын етті де дәл осылай шаршы етіп тураймыз. Салманың сөлі көп болуы үшін, іш немесе құйрық майды ұсақтап турап, қоссаңыз болады. Кейін дәміне қарай тұз, қара бұрыш және зірәні қосасыз.

3. Қамырды жаямыз

Қамырды домалақ етіп жаямыз. Скриншот
Қамырды домалақ етіп жаямыз. Скриншот: YouTube/Anargul Muxtarovna

Алдымен қамырды ұзынша етіп бөліктерге бөлеміз, сосын әрқайсысының салмағы шамамен 20 гр болатын дөңгелектер жасаймыз. Дөңгелектер дайын болғанда, целлофанға салып, тындырып қоямыз. Сосын ортасы қалың, шет жақтары жұқа болатындай, бір мантының көлеміндей етіп қамырды жаямыз.

4. Cалмасын саламыз

Қамырға салмасын салып, мантыны түйеміз. Скриншот
Қамырға салмасын салып, мантыны түйеміз. Скриншот: YouTube/Anargul Muxtarovna

Дайын болған домалақ қамырға қолымызбен салманың сөлін сығып, ортасына саламыз. Мантыны шетінен бастап әдемілеп өріп, ортасына келгенде, екінші жағынан өріп бастаймыз. Сонда манты әдемі әрі қамыры жұмыр болып шығады.

5. Мантыны пісіреміз

Мантыны пісіреміз. Скриншот
Мантыны пісіреміз. Скриншот: YouTube/Anargul Muxtarovna

Мантыны сұйық майға былғап, манты пісіретін табаққа арасын алшақ етіп орналастырамыз. Сонда манты пісіп, үлкейген кезде бір-біріне жабыспайтын болады. Cосын қатты отқа 35 минутқа қойып, пісіреміз.

6. Мантыны дастарханға ұсынамыз

Дайын мантыны дастарханға ұсынамыз. Скриншот
Дайын мантыны дастарханға ұсынамыз. Скриншот: YouTube/Anargul Muxtarovna

Піскен мантыны тәрелкеге салып, дастарханға ұсынамыз. Осындай тәсілмен жасалған ұйғыр мантысы дәмді әрі сөлі көп болып шығады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2069001-dami-til-uiiretin-qamyry-ezilmeitin-uigyr-mantysy-anargulden-erekse-recept/