Салмақ тастауға көмектеседі: Диана Есенбекова қызылшадан жасалатын пайдалы салат рецептін ұсынады
Жарияланған күні:
Қызылша - адам ағзасына пайдалы көкөністердің бірі. Ол құрамында темір дәруменінің көп болуына байланысты, адам қанының көбеюіне көмектесіп қана қоймай, артық салмақтан арылуға да септеседі. Бүгінгі материалда ішек жолдарын тазартып, салмақ тастауға мүмкіндік беретін, қызылшадан дайындалатын салаттың рецептісін ұсынамыз.
Көктем мезгілінде адам ағзасы көптеген дәрумендерге зәру болады. Танымал фудблогер Диана Есенбекова денсаулыққа пайдалы әрі салмақ тастауға көмектесетін, тез жасалатын қызылша салатының рецептісін ұсынады. Фудблогердің YouTube арнасынан бұдан басқа да көптеген пайдалы әрі құнарлы тағамдардың рецептісімен таныс бола аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Еуропа
Санаты: тіскебасар
Дайындалу уақыты: 10 минут
Дайын болу уақыты: 15 минут
Құрамы
Қызылша - 1 дана
Сәбіз - 1 дана
Көк алма - 2 дана
Бал, лимон шырыны - 1 ас қасық
Зәйтүн майы - 1 ас қасық
Дайындалуы
1. Cәбізді үккіштен өткіземіз
Сәбізді жақсылап жуып, қабығынан тазартамыз. Сосын үккіштен ұзынша етіп, өткіземіз.
2. Алманы үккіштен өткіземіз
Екі көк алманы жақсылап жуып аламыз. Сосын қабығын аршымастан, тек ортасын тазартып, үккіштен ұзынша етіп өткізіп аламыз.
3. Шикі қызылшаны үккіштен өткізіп аламыз
Шикі қызылшаны сыртын жуып, қабығын тазалап аламыз. Сосын ұзынша етіп, бөлек тәрелкеге үккіштен өткізіп аламыз.
4. Cалаттың барлық ингридиенттерін араластырамыз
Түбі терең ыдысқа алдымен алма, сосын сәбіз, кейін қызылшаны саламыз. Оның үстінен бір ас қасық лимон шырыны, зәйтүн немесе өсімдік майы, балды қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
5. Салатты дастарханға ұсынамыз
Небары үш ингридиенттен тұратын пайдалы салатты тәрелкеге салып, дастарханға ұсынамыз. Аталған салат әсіресе артық салмақтан арылғысы келетін қыз-келіншектерге таптырмас тіскебасар болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2070102-salmaq-tastauga-komektesedi-diana-esenbekova-qyzylsadan-zasalatyn-paidaly-salat-receptin-usynady/