Тары мен талқаннан жасалатын майсөк пен жент: Ақнұр Тілекқызынан ұлттық десерт
Жарияланған күні:
Қазақ халқының ұлттық тағамдары арасында майсөк пен женттің алар орны ерекше. Бүгінгі материалда ұлттық десерт ретінде ұсынылып келе жатқан тәттілердің жасалу жолымен таныстыратын боламыз.
Ақнұр Тілекқызының YouTube арнасынан ұлттық тағамдардың түр-түрімен таныс бола аласыздар. Фудблогер аталған арнада оқырмандарына жеңіл әрі оңай даярланатын тағамдар рецебін ұсынады.
Сипаттамасы
Асхана: Қазақ
Санаты: десерт
Дайындалу уақыты: 15 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Тары - 1 шай кесе
Ыстық сүт - 100 гр
Қант - 100 гр
Сары май - 200 гр
Талқан - 300 гр
Бал - 50 гр
Қоюлатылған сүт - 70 гр
Дайындалуы
1. Ыстық сүт пен тарыны араластырамыз
Тарыны терең ыдысқа салып, үстінен ыстық сүт құямыз. Ыдыстың қақпағын жауып, кем дегенде 30-40 минутқа қалдырамыз.
2. Жентті дайындаймыз
Талқанға қант, бал, қоюлатылған сүт және бөлме температурасында тұрған жұмсақ сары майды кезек-кезек қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
3. Жентке пішін береміз
Дайын жентті бөліктерге бөліп, пішін беріп, домалатамыз. Жентті дастарханға әдемілеп ұсыну үшін, шоколадты балқытып, үстінен әрлесеңіз болады. Сонда жент дайын десерт түрінде шай дастарханының көркін келтіретін болады.
4. Майсөкті дайындаймыз
Тындырылған тарыны алып, артық сүтін марляның көмегімен сүзіп аламыз. Сосын қағаз майлықтың үстіне жайып, әбден кептіріп аламыз. Кепкен тарыны ыдысқа салып, үстінен қант, бөлме температурасындағы сары майды қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
5. Майсөк пен жентті дастарханға ұсынамыз.
Дайын болған ұлттық десертті тәрелкеге салып, дастарханға қоямыз. Ұлттық тағамдардан жасалған ерекше тәттілер барлығының көңілінен шығатынына сенімдіміз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2071683-tary-men-talqannan-zasalatyn-maisok-pen-zent-aqnur-tilekqyzynan-ulttyq-desert/