Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бұрын қазақ әйелдері сақинаны қалай таққан: мәні, тарихы және жасалуы

Жарияланған күні:

Қазақ қызы
Қазақтың қызы. Көрнекі сурет: atr.kz

Қазақтың қыз-келіншектері ежелден киімнің тәуірін киіп, әшекей бұйымдардың әдемісін таққан. Қазақ халқы зергерлік бұйымдарды тек жарқырап жүру үшін ғана тақпаған. Бағалы тастардың денсаулыққа пайдасы бар деседі. Бұл жазбамызда қазақ қыздарының сақинаны қалай таққаны жайлы тарқатып жазамыз.

Қазақ әйелдері сақинаны не үшін таққан?

Қазақ халқының дәстүрі бойынша ішетін астың адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарқанға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде сақина болуға тиіс. Бұл туралы Мақсұтбек Сүлейменнің "Сақина тағудың сыры мен сауабы" мақаласында былай жазылған:

"Әдетте әйелдерге күміс сақина тағу ұсынылады. Алайда алтын сақина тақса да айып емес. Оның да жақсы әсері бар. Сол себепті қазақтар "Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы", "Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас", - дейді. Осылайша сақинаның тек сәндік бұйым ғана емес, гигиеналық қызмет атқаратынын да аңғартады".

Қазақ халқы сақина соғылатын күміс пен алтынның таттанбайтынын, олардың судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқап білген. Қазақта жаңа туған сәбиді қырқынан шығарарда шомылдыратын суға да күміс бұйымдар салған.

Қазақ халқында сақинаның қандай атаулары бар?

Қазақ халқында сақинаға қатысты көптеген атау бар. Мысалы:

  • Ақық сақина – кішкентай ақық қондырылған сақина.
  • Алтын сақина – таза алтыннан жасалған.
  • Балдақ сақина – сақинаның саусақ үстіне қараған беті төртбұрыш болып келетін түрі.
  • Бұрама сақина – алтын, күмісті есіп жасайды.
  • Жез сақина – саусаққа салу үшін емес, қамшы, найза, пышақ, қылыш сабын бекіту үшін жасалады.
  • Кавказ сақина – қара ала өрнекті сақина түрі.
  • Күміс сақина – таза күмістен құйып жасайды.
  • Қола сақина – қоладан жасалған арзан сақина.
  • Моншақты сақина – моншақ қондырылған сақина.
  • Құсмұрын сақина – үсті дөңестеу келген сақина түрі.
  • Мыс сақина – мыстан жасалған ортан қол сақина.
  • Неке сақинасы – жас жұбайлардың үйлену тойында бір-біріне сыйлайтын сақинасы.
  • Сақинек – пышақ, қылыш, тағы басқа да құралдардың сапа жетесі сұғылатын жерін қысып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, мойнақ.
  • Сіркелі сақина – бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салған сақина.
  • Тасты сақина – тас, шыны орнатқан сақина.
  • Темір сақина – темірден жасалған тығыршық, сақинек.
Қыздың қолы
Әшекей таққан қыздың қолы. Көрнекі сурет: massaget.kz

Сақинаның тарихы жайлы не білеміз?

bugin.kz сайтының "Қазақтың ежелгі мәдениеті мен қару-жарақтары" кітабын негізге алып ұсынған мәліметіне сүйенсек, жаугершілік заманда сақинаны адам өлтіруге де қолданған көрінеді.

Көшпенділер дәуірінде қолөнершілер мен ұсталар жауынгерлік киімдерімен қатар қауіпті қаруларды құпия түрде жасаған. Мысалы қолөнершілер сақина жасаған кезде ішіне бос орын қалдырып кеткен. Сол бос орынға уды тығып қойған. Қолданатын кезде сақинаның аузын ақырын ашып, ішіндегі уды сусынға құйған. Осылайша жауына білдіртпей өлтіріп отырған.

Ал "Жаңақорған тынысы" газетінде жарияланған "Сақина сыры" мақаласында жүзік арқылы елдің тағдыры шешілгені жазылған:

Кезінде хандар, патшалардың жеке жүзік-мөрлері болған. Қағазға басылған жүзік мөрі арқылы ел тағдыры, жан тағдыры да шешілгені тарих беттерінен белгілі. Біреу өлім жазасына, біреу зынданға, енді бірі айдауға жіберілді. Бір жүзік ұшындағы таңба арқылы бәрі шешіліп отырады. Адамның он екі мүшесі болмаса да, ақыл кені – мидың ойлағанын қолмен жүзеге асуына соңғы шешімді бекітетін де – мөрлі жүзік.

Сақина мен жүзіктің айырмашылығы қандай?

Сақинаның бауыры жүзікке қарағанда жалпақтау болып келеді. Сақина мен балдақты жүзік деп те атай береді. Ерлер сақинаны бір қолына ғана салады, ал әйелдер барлық саусағына екі-үштен қосарлап сала береді.

Қазақтың қыз-келіншектері қандай әшекей бұйымдар таққан? Қазақтың қыз-келіншектері жүзік, сақина, балдақ, құстұмсық жүзік, отау жүзік, білезік, жұмыр білезік, сырға, шекелік, шашқап, шолпы, шашбау сияқты әшекей бұйымдарын таққан.

Құс тұмсықты кім тағады?

Қазақ сақиналарының алуан түрлі топтамасында "құс тұмсық" және "құдағы жүзік" бар. Құс тұмсық қыздарға тән зергерлік бұйымдар санатына жатады. Этнографиялық деректерге сүйенсек, бойжеткеннің осы сақинаны тағуы тұрмысқа шықпағанын білдірген.

Зерттеуші Т.А. Қышқашбаев: "Құс тұмсығы бейнеленген сақиналарда өркендеу идеялары көрініс табады, өйткені құс қазақ мәдениетіндегі бостандық, бақыт идеяларын бейнелейді, жақсылық күштерін білдіреді", - дейді.

Құс тұмсық
"Құс тұмсық" жүзігі. Көрнекі сурет: adyrna.kz

Қазақ қыздары қандай әшекей бұйымдар таққан?

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы ұлттық әшекейлер тәрбиенің айқын көрінісі екенін және қазақ халқында қыз баласы сақинадан гөрі шолпы таққанын айтады.

"Көбіне қыз балаларға сақина, жүзік тағуға болмайды. Қыз баланың тағатын сәндік бұйымы -күмістен жасалған заты шолпы ғана болған. Шашқа тағатын әшекейлер шолпы, шашбау деп бөлінеді. Шашбауды орта жастағы әйелдер тағады. Ал шолпыны тек қана қыз бала таққан. "Шолпысы сылдырлап" деп қыз баланың мінез-құлқын, денесін дұрыс алып жүруін жөндеп отырған. Мысалы шолпысы қатты сылдырап өтіп бара жатқан кезде оның мінезі тарпаңдау, мінезі нашарлау екенін білдіреді. Ал шашына таққан қос шолпының ешқандай дауысы шықпайтын болса, ол қыздың биязылығын, жүріс-тұрысының әдемі екенін көрсетеді".

Дала заңы бойынша сақина тағудың да ережесі бар. Қазақта қыз баласының сақина таққанын құп көрмеуі де осыған байланысты болуы мүмкін:

Қыздардың сақина тағуына қатысты ережелер бар. Мысалы ата-анасынан айырылған қызға тек ортаңғы саусаққа ғана сақина тағылса, екіншісін шылдыр шүмек саусаққа тағуға болады. Әйелдердің ортаңғы саусаққа сақина тағуына қатаң тыйым салынған. Наным-сенім бойынша туыстарының бірі қайтыс болады деген ырыммен байланысты болса керек.

Пішіні жағынан кіші, қарапайым әшекейлерді жасөспірім қыздар тақса, ал қыз бойжеткен сайын ол таққан әшекейлер өзгеріп, көркемдік нақыштары көбейе түскен.

Қазақы жүзіктер
Қазақы нақыштағы жүзіктер. Көрнекі сурет: el.kz

Құдағи жүзік қандай болады?

Қазақтың салт-дәстүрі бойынша қыздың шешесі құдағиына сыйлайтын, қос дөңгелекті, үсті тұтас қомақты, асыл тастардан көз қондырылып, алтынмен қапталған қымбат бұйым құдағи жүзік деп аталады. Ол кәдімгі қос балдақ жүзікке ұқсас болғанымен, одан көркем, ерекше жасалынған.

adyrna.kz сайтында жарияланған "Сақина тағудың сыры мен сауабы" мақаласында қыздың шешесі құдағи жүзікті зергерге арнайы тапсырыспен жасататыны жазылған. Мұндай жүзікті екі жастың қатар тұрған қос балдақ, сақина тәрізді қартайғанша бірге өмір сүруін тілейтіндігінің белгісі ретінде сыйға тартады. Құдағи жүзік сыйлау бұрынғы кезде бұлжытпай орындалатын салттардың бірі болған.

Құдағи жүзік қандай болады? Құдағи жүзіктің бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Оның беті асыл тас, түсті шынымен, алтынмен әсемделеді. Кей жерлерде ұзатылған қыздың енесіне бір жылдан соң тарту етіледі. Себебі құдағи жүзік жаңа түскен келінге шын мәнінде аналық қамқорлық жасаған енеге берілуге тиіс. Бір жылдың ішінде кіші, үлкен енелерінің қайсы аналық қамқорлық көрсете білді, ол өзінен-өзі анықталатын ақиқат. Құдағи жүзікті оң қолдың ортаңғы саусағына кигізгенде оның төрт саусақ сыртын түгелдей жауып тұруы шарт.

Бесқасты жүзік қандай болады? Үстіңгі жалпақ бетіне бес жерден көз – асыл тас қондырылған бесқасты жүзік қазақы ортада таралған этномәдени мәнге ие, отбасы-некелік салтындағы құдалықта тарту орнында жүретін құдағи жүзіктің, сондай-ақ қос бауырдақты жүзіктің, адай жүзіктің ерекше бір түрі болып саналады. Бесқасты жүзіктің алақаны (саусақтың үстінде тұратын дөңгелек бөлігі) үлкен төрт саусақтың үстін жауып тұратындай көлемде болады. Оның астында екі-үш саусаққа қатар киілетін қос бауырдақ орналасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2075676-buryn-qazaq-aielderi-saqinany-qalai-taqqan-mani-tarixy-zane-zasaluy/