Ораза айтта дастарханды қалай сәндеу керек: ерекше 5 идея
Жарияланған күні:
Оразадан соң күллі мұсылман қауымы Ораза айт мерекесін атап өтетін болады. Осыған орай, назарларыңызға айт дастарханын сәндеудің ерекше идеяларын ұсынамыз.
Қасиетті Рамазан айы аяқталған соң күллі мұсылман қауым Ораза айт мерекесін тойлайды. Айт мерекесіне дастарханды қалай сәндеуге болады? Төменде ерекше идеяларды бөліспекпіз.
Классикалық үлгі
Ораза айт дастарханын ерекше етіп сәндеудің кеңінен танымал түрі - классикалық үлгі. Мұндай нұсқадағы сәндеу үлгісінде қыз-келіншектер дастарханға қалаған тағамдарын қойып, дастарханды классикалық үлгіде безендіре алады. Яғни, дастархан қоятын ыдыстарыңыздың классикалық нұсқада болғанын қадағалаңыз.
Сол сияқты, жеміс-жидекті турау, тәтті-дәмділерді дастарханға рет-ретімен орналастыру жағына да мән беріңіз. Себебі, келген қонақтарыңыз сіз жайған дастарханға қарап, үй иесінің оларға деген көңілі мен ыстық ықыласын аңғарады.
Рамазан айының атрибуттары бар дастархан
Соңғы жылдарда үйді, дастарханды қасиетті Рамазан айының атрибуттарымен безендіру сәнге айналды. Мұндай атрибуттарға ерекше шамшырақтар, "Рамазан айы құтты болсын" деген жазбасы бар картиналар, дастарханның сәнін келтіретін ерекше ваза және т.б жатады. Ораза айт дастарханының ерекше болғанын қаласаңыз, дәл осындай ерекше заттарды пайдаланып, дастарханды әрлесеңіз болады.
Мәселен, дастархан жаятын бұрышқа арнайы шарлар мен "Ораза айт құтты болсын" деген жазбаны іліп, үйіңізде Оразаға арналған бұрышты әзірлеп қойсаңыз болады. Сондай-ақ дастарханға айт тақырыбындағы майлықтар немесе әр қонаққа арналған тілек ашықхатын қойсаңыз болады. Сол сияқты айт тақырыбында тортқа да тапсырыc беріңіз. Мұндай десерт келген меймандардың көңілінен шығатыны сөзсіз.
Айт тақырыбына арналған раннер мен сақиналар
Қазіргі таңда түрлі тақырыпта дастарханды безендіру сәнде. Рамазан айына арналған раннерге тапсырыс берсеңіз болады. Мұндай раннер асханаңыздың сәнін келтіріп қана қоймай, ерекше эстетикалық ляззат сыйлайды.
Сондай-ақ раннермен бірге майлықтарға арналған сақиналарға да тапсырыс беріңіз. Мұндай раннер мен сақиналар келесі Рамазанға да қажет болады әрі ауызашар дастарханының да сәнін келтіреді.
Қазақы үлгідегі дастархан
Бүгінгі күні трендке арналған ыдыс-аяқтың бірі - ағаштан жасалған, қазақы үлгідегі ыдыстар. Айт дастарханында тек ағаш ыдыстарды пайдаланып, үстелді қазақы үлгідегі раннер және майлықтармен сәндесеңіз, қонақтарыңыздың көңілінен шығатыны анық. Мұндай дастархан көздің жауын алып қана қоймай, ұлттық нақышты айғақтай түседі.
Сондай-ақ ағаш ыдыстардың әдемілігімен де көпті таң қалдырады. Сол сияқты дастарханға қалауыңызша гүл, жеміс-жидек салатын ваза және т.б. толықтыра аласыз.
Минимализм үлгісі
Ораза айт дастарханын минималистік үлгіде жайсаңыз, еш ұтылмайсыз. Керісінше, мұндай дастархан арқылы келген қонақтар сіздің жоғары эстетикалық талғамыңызды көре алады. Сондықтан дастарханға ең қажетті әрі тойымды тағамдарды қойып, қонақтарыңызды күтсеңіз болады. Ал сәндеу үшін тәрелке астына қоятын жаялықтарды, әдемі майлықтар мен гүлдерді пайдалансаңыз болады.
Айт дастарханын өз қалауызңызша сәндеуді ұмытпаңыз. Дастарханды безендіруде әркімнің өз нұсқасы болуы әбден мүмкін. Бастысы, жайған дастарханыңыз ерекше махаббатпен әрі мейіріммен жайылса болғаны.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2078285-oraza-aitta-dastarxandy-qalai-sandeu-kerek-erekse-5-ideya/