Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баланың балабақшаға бейімделуіне қалай көмектесуге болады: психолог кеңесі

Жарияланған күні:

Читать на русском
Балабақша
Балабақша. Көрнекі фото: pixabay.com

Бала балабақшаға алғаш барғанда көз жасына ерік беріп, күйзеліске ұшырауы мүмкін. Мұндайда балаға ата-анасы көмекке келе алады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ психолог Сәния Бектұрғанның кеңесіне жүгінген еді. Ата-аналарға арнайы басылымдардан да кеңестер ұсынғанды жөн көрдік.

Бейімделу дегеніміз не және оның қандай түрлері болады

Баланы балабақшаға бергенде ол үшін үлкен трагедия болады, өйткені оның бүкіл өмірі күрт өзгереді. Оған жаңа ортаға бейімделу үшін уақыт қажет болады. Балабақшаға бейімделу дегеніміз не? Бұл дағдылану, балаға беймәлім әрі әдеттен тыс жаңа ортаға бейімделуі.

Балабақшаға бейімделу кезеңі қанша уақытқа созылады? Әр балада бейімделу әртүрлі жүреді. Осы кезеңінің ұзақтығына байланысты бейімделудің үш түрі болады:

  • жеңіл бейімделу – 10-15 күн;
  • орташа – шамамен бір ай;
  • ауыр – 2-6 ай.

Балабақшаға бейімделу қалай жүреді? Бала балабақшаға бара бастағанда айтарлықтай психикалық күйзелісті бастан кешіреді әрі беймазалық деңгейі жоғарылайды. "Баланың балабақшадағы әлеуметтік бейімделуіндегі қиындықтар: факторларды зерттеу" атты мақала авторларының түсіндіруінше, эмоциялық жағдай бұзылады, бұл ақылға қонымсыз мінез-құлық реакциялардың тууына әкеп соқтырады. Баланың көңіл-күйі бұзылады, ойнауға және сөйлесуге деген құштарлығы төмендейді немесе жоғалады, ұйқысы мен тәбеті нашарлайды.

NUR.KZ сайтына берген эксклюзивті пікірінде практик психолог Сәния Бектұрған былай деді:

Бейімделу кезеңінде бала әлсіз болады. Сыни ойлау дамымаған, ересектер сияқты сөйлем құрай алмайды, бұған қоса оған нақты не ұнатпайтынын және неге ұнайтынын айта алмайды. Егер оған бірдеңе ұнамаса, ол жай ғана жылай салады немесе айқайлайды.

Оңай бейімделетін балаларда бұл көріністер болады, бірақ аз болады әрі ұзаққа созылмайды. Бір-екі аптадан кейін баланың жағдайы тұрақталып, ата-анасын жұмысқа жіберіп, өзі балабақшада жыламай қалатын болады.

Бала сурет салып отыр
Сурет салып отырған бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Психологтың сөзінше, егер бейімделу кезеңі созылып кетсе, кейбір ата-ана балабақша қызметкерлері баласына дұрыс қарамады деп күдіктене бастайды. Сәния Бектұрған:

Бейімделу әдетте бір айға созылатынын есте ұстаған жөн. Тәрбиешімен баланың мінез-құлқы, оған не ұнайтыны, жыласа қалай жұбатуға болатыны, оған қалай қараған дұрыссырақ екені туралы сөйлесіңіз.

Балабақшаға үйрену кезеңінде баланың жалпы хал-жайы нашарлайды, ол жедел респираторлық инфекциялармен, бронхитпен және жұқпалы аурулармен жиі ауырады. Психолог Александр Захаров "Балалар неврозының пайда болуы және психотерапия" атты еңбегінде бейімделу күйзелісі ағзаның қорғаныс күшін әлсіретеді деп түсіндіреді.

Ауыр бейімделу кезінде бала балабақшаға ұзақ әрі қиын үйреніседі. Баланың эмоциялық жағдайы тұнжыраңқы келеді, ол бейәлеуметтік немесе агрессивті болуы мүмкін, деп түсіндіреді психолог Джоан Браун.

Балабақшаға барған кезде жынысына қарамастан, аффект күйі бастапқы кезеңде балалардың 92 пайызында туындайды, деп жазады Александр Захаров. Анасынан ажырауы, бейтаныс ересектер, өмір салтының өзгеруі бала үшін психотравматикалық жағдай саналады.

Баланың балабақшаға бейімделу мәселелері

Бейімделу кезінде балалардың мінез-құлқы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың көбі қатты қарсылық білдіреді – олар қатты жылайды, сөйлеспейді. Кейбіреулер үнсіз қарсылық танытады, өз-өзін жылаудан тежейді, тамаққа да, ойыншықтарға да қарамайды. Ашық балалар алғашқы бірнеше күнде өзі және отбасы туралы айтып береді, өз өнерін көрсетеді, алайда кейін олар да өзін бірінші топтағы балалар сияқты ұстай бастайды.

Бейімделу барысы үш кезеңнен тұрады:

  1. Дезадаптация. Бастапқыда күйзелістен құтылу мүмкін емес, деп ескертеді Джоан Браун.
  2. Бейімделу. Бала ата-анасынан ажырау қажет екеніне көндігеді, оларды сағынады, бірақ жаңа өмірге бірте-бірте үйрене бастайды. Балабақшадағы кейбір ережелерді сақтаудан бас тартуы мүмкін.
  3. Бала ұжымға, тәрбиешілерге және жаңа өмір салтына үйренеді, ата-анасымен қоштасу қиын болмайды.

Әр кезең қанша уақытқа созылатыны әр баланың жеке мінез-құлқына байланысты. Бейімделуге ең алдымен мына факторлар әсер етеді:

  • Баланың жасы. Балабақшаға барудың оңтайлы жасы – 2,5-3 жас.
  • Жынысы. Қыздарға қарағанда ұлдардың бейімделуі қиынырақ, өйткені олар анасына жақын келеді, дейді Александр Захаров.
  • Денсаулық жағдайы. Созылмалы дертке шалдыққан, жиі суық тиетін балалардың балабақшаға бейімделуі қиынырақ болады.
  • Отбасы құрамы. Егер бала отбасында жалғыз болса немесе жалғыз анасы өсіріп отырған болса, балабақшаға үйрену қиынырақ болады.
  • Икем мен машықтардың даму деңгейі. Өзі тамақтана алатын болса, кей киімдерін кие алатын болса, үлкендерден көмек сұрай алатын болса, бәрін ата-анасы істеп беретін балаларға қарағанда балабақшаға бейімделу оған оңайырақ болады.
  • Әлеуметтену деңгейі. Ата-анасынан басқа ересектермен немесе балалармен тіл табысу тәжірбиесі бейімделуді жеңілдетеді.
Бала балабақшада ойнап жүр
Балабақшада ойнап жүрген ұл бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Бұған қоса отбасындағы психологиялық ахуал, топтағы бала саны, тәрбиешінің тұлғасы да әсер етеді. Баланың темпераменті де маңызды рөл атқарады. Флегматик пен меланхоликтерге қарағанда, сангвиниктер мен холериктер ұжымға тезірек сіңісіп кетеді.

Баланың балабақшаға бейімделуіне қалай көмектесуге болады

Баланы балабақшаға дайындауды ерте бастаған жөн. Психолог Сәния Бектұрған белгісіз жайт балаларды қорқытатынын айтады. Ол баламен жиі сөйлесуге кеңес береді:

Балабақша деген не, ол не үшін қажет және оған не үшін бару керек екенін түсіндіріңіз. Балабақшадағы күн тәртібімен таныстырыңыз, балабақшаға қалай барғаныңызды айтыңыз, фотосуреттер көрсетіңіз. Естеліктер тек позитивті және көңілді болуы керек. Балаңыздың балабақшаға баратынына алаңдайтыныңызды білдірмеңіз, сабырлы және байсалды болыңыз. Балалар ата-анасын жақсы сезеді, сондықтан сіздің уайымдап жүргеніңізді ол бірден сезіп қояды.

Балаңыздың үйдегі күнделікті тәртібін балабақша тәртібіне барынша жақындатуға тырысыңыз. Оның қарым-қатынас жасау қабілетін дамытып, оны тәуелсіз болуға үйретіңіз: қолын өзі жусын, тамағын өзі ішсін, киімін, аяқ киімін өзі киюге тырысып көрсін.

Балаңызды балабақшаға жазда немесе қыста, маусымаралық аурулар аз кезде апаруды бастаңыз. Оны бірнеше күн бойы 1-2 сағатқа әкеліп, балабақшада қалатын уақытын біртіндеп арттырыңыз. Сүйікті ойыншығын балабақшаға ала барсын.

Ойыншық
Ойыншық. Көрнекі фото: pixabay.com

Бала үшін де, ата-ана үшін де ең қиын сәт – бір-бірінен ажырау. Ата-ананың өзін дұрыс ұстауының негізі мынадай:

  • Бала көрмей тұрған кезде көзден таса болып кетіп қалмаңыз. Онымен қоштасып, қашан келетініңізді жасырмай айтыңыз.
  • Тек балабақшада ғана емес басқа жерлерде де қолдануға болатын қоштасу рәсімін ойлап табыңыз: бетінен сүйу, құшақтау, қол алысу, деп кеңес береді Джоан Браун.
  • Балаңызды балабақшада қалдыру үшін тәттілер мен ойыншық беріп алдамаңыз.
  • Балабақшаға барар жолда балаңызбен оның күні қалай өтетінін талқылаңыз. Мәселен, таңғы асқа қандай дәмді тағамдар берілетіні, қашан серуендейтіні, қандай ойындар ойнайтыны жайында сөйлесіп барыңыз.
  • Егер ол бақшада қалғысы келмесе, сөйлесіп көріңіз, бірақ ешбір жағдайда оны жазалаймын деп қорқытып, ұрыспаңыз.

Психолог және гештальттерапевт Сания Бектұрған ата-аналар мен NUR.KZ оқырмандарына баланы алдамауға кеңес береді:

Тіпті баланы жұбату ойымен де оған бір сағаттан кейін міндетті түрде қайтып келетініңізді айтып, алдамаңыз . Біріншіден, бала сізді күтеді, екіншіден, сізге сенбейтін болады.

Ересектер жіберетін үлкен қателік – балабақшамен қорқыту: "Егер мені тыңдамасаң, тәрбиешіңе айтып беремін", "Тап қазір балабақшаға апарып тастаймын". Баланың балабақшаға деген теріс көзқарасы осылай қалыптасады, деп ескертеді Сәния Бектұрған. Сондай-ақ сарапшы жұмыс күндерін демалыс күндерінен бөлуге болмайтынын айтады.

Бала ауырып қалса, қатты эмоцияға берілмеңіз. Аурудан кейін, әсіресе ұзаққа созылып кететін болса, бейімделудің барлық кезеңін қайта бастау керек екенін ескеріңіз.

Балабақшаға үйренуге арнайы терапиялық ертегілер мен әңгімелер көмектесуі мүмкін.

Анасы баласына кітапшадағы суретті көрсетіп отыр
Анасы мен баласы. Көрнекі фото: pixabay.com

Балабақшаға бейімделу – қалыпты жағдай. Балаңызға балабақша туралы дұрыс көзқарас қалыптастырыңыз, оған қолдау көрсетіңіз, сонда үйренуі тез әрі жеңіл өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2078471-balanyn-balabaqsaga-beiimdeluine-qalai-komektesuge-bolady-psixolog-kenesi/