Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні: ғашықтар күніне ең ізгі тілектер

Жарияланған күні:

Қаға үстінде жатқан қаламсап
Қаламсап. Көрнекі фото: pixabay.com

15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні. Бұл күні ғашық жандар сүйіктісінің жүрек пернесін дөп басатындай әдемі тілектер арнауға асығады. Редакциямыз ғашықтарға сүйген жүректің үнін жеткізуге көмектесетін тілектер топтамасын әзірлеген еді.

Бұл күні әдетте ғашық жандар бір-біріне "Ғашықтар күні құтты болсын, жаным!", "Бақытымыз баянды болсын!" деген тілек тілеп жатады. Өзгелерден сәл ерекшелену үшін сүйіктіңізге kaz.caravan.kz сайтында жарияланған мына тілектерді жолдауды ұсынар едік:

"Өмірдегі мақсатымыз ағыспен ағу емес, жағаны табу…" деген ғой. Менің махаббат жағалауым – өзіңсің! Өмір мені адастырмай, алаңдатпай өзіңді мәңгі сүюге, аялауға мүмкіндік берсін!

***

Сүйіктім, бүгін тек екеумізге ғана тәуелді мереке секілді сезіледі маған. Алайда өзіңнің қасыңда жүрген әр күнім – мен үшін мереке. Ғашықтар күні құтты болсын!

***

Ғашықтар күні құтты болсын! Білесің бе, менің кеудемдегі махаббат қанша тереңдеген сайын, сенің тұлғаң көңілімде сонша биіктей берді. Махаббатымызға адалдық пен биіктікті нәсіп етсін! Бір-бірімізге деген ғашықтығымызды мәңгілік, сүйіспеншілігімізді шексіз еткей!

Ғашық жүректің лүпілін өлең жолдарымен жеткізсеңіз, сүйген жаныңыздың сезімі селт етпей қоймасы анық. Сүйіктіңізге хабарлама арқылы мына өлең жолдарын жазып жіберуге болады:

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Құман Тастанбеков, Мереуерт Өтекешова
Ғашық жандар. Көрнекі фото: egemen.kz

Ғашықтардың күнінде бір болайық,

Пәк сезіммен тербелер үн болайық.

Қол ұстасып сүйгенім мәңгілікке,

Таусылмайтын, бітпейтін жыр болайық.

***

Бір өзің деп әсем жырлар жиыппын,

Сен мен үшін биігісің биіктің.

Бақытымыз болсын лайым баянды

Мейрамыңмен құттықтаймын, сүйіктім!

***

Көктем келіп орнаған соң қыратқа

Əсем əн мен тəтті күй келіп құлаққа

Үйден үйге шаттық қана жол салып

Сүйген жүрек жете берсін мұратқа

***

Көрсем дағы көзім сізге тоймайды,

Бір жүрек бар

Тек сіз жайлы ойлайды.

Білмейсіз ғой…

Мүмкін іштей білесіз

Жек көруге сізді неге болмайды?

***

Гүл мұңайған кезде,

Түн күрсінген кезде,

Жасыл сөздер жарқ еткенде ғайыптан,

Жұмбақ дерттен айыққан...

Тамшы мөлт еткенде,

Ойын гүл еткен,

Гүлдей дір еткен,

Жаралған аңсардан, тілектен,

Құрметтім, қош келдің Жүрекке!

***

Бір құлаймын, бір биік ұшамын да,

Отым барда берілмен құса-мұңға!

Кер маралым! Кеудеме бассам сені,

Кең дүние тұрады құшағымда!

***

Сәні, заңы өмірдің...Бәрі де осы!

Ғашық оты – жүректің дәру-асы!

...Сенен басқа біреуді сүю деген –

Менен басқа біреудің шаруасы!

Айдындағы аққулар
Аққулар. Көрнекі фото: pixabay.com

Ғашықтар күнінде сүйіктіңізге атақты тұлғалар айтты деген мынандай нақыл сөздерден де әдемі хабарлама жіберуге болады:

Мүмкін сен бұл әлемде жай ғана адам шығарсың, ал біреу үшін бүкіл әлемнің өзісің (Маркес)

***

Махаббат бір аққу құс емес пе: өзі де сәнді, әні де сәнді. Дүниеде аққудан әдемі құс бар ма? Сондай-ақ махаббаттан әдемі, одан қымбат адамға сезім бар ма? (Ілияс Есенберлин)

***

Махаббатың мың түрлі құпиясы бар,

Жүрек оны жан шыққанша жасырар. (әл-Хорезми)

***

Махаббат – екінші рет дүниеге келу. (Оноре де Бальзак)

Мұқағали Мақатаевтың сөзімен "поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы керек" десек, ғашық жанға өлең арнамаған ақын кемде-кем. Осы бір шуақты мерекеде сүйіктіңізге деген мөлдір сезімді қазақ ақындарының махаббат жайлы өлеңдерімен жеткізуге болады.

Сен менің...

Сен мына – жанарымның ішіндесің,

Жанардың білесің ғой кішірмесін.

Ішіне жанарыңның сақта мені,

Біреулер көлеңкесін түсірмесін.

Сен менің-мына тылсым кеудемдесің,

Білесің кеудеме ешкім тең келмесін.

Кеудеңе зынданыңа салып сақта

Біреулер көкпар қылып өңгермесін!

Сен мына тілімдесің, үнімдесің,

Білесің ғой тілімнің бүлінбесін.

Сен мені үніңе қос, тіліңе тұт

Үнім өшіп, үшкір тіл тілінбесін!

Сен мына – менің алып басымдасың,

Білесің ешкім де оны басынбасын,

Сен мені өз басыңмен бірге қорға

Біреулер зұлымдығын асырмасын!

Сен менің миымдасың!

Білесің миым жатқа бұйырмасын.

Миыңның бір жеріне жасыр мені,

Қиылсын өмір солай қиылғасын!

Мұқағали Мақатаев

***

Сені ешкімге бермеймін!

Сұрамасын! 

Сұрамасын, жанымның мұнарасын!

Маған сені Тәңірдің өзі берген,

Пейіште періштелер жылағасын!

Мен сені көкте Күннен қызғанамын!

Сезіле ме жүректің мұздағаны?

Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ,

 Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!

Мен сені сүюден жалықпаймын, 

Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!

Сен қасымда болғанда жұмақтаймын, 

Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!

Мен сені сағынудан азап шегем, 

Азап шегем.. 

Бұл азап ғажап неге?!

Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң,

Аяз болып көрінер тозақ деген!

Құлағыма еш сөзді іле алмаймын, 

Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын. 

Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін, 

Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!

Ақберен Елгезек

Жүрек
Жүрек. Көрнекі фото: pixabay.com

Сағынып үлгердім сені

Жұлдыздан жарық жеткенше,

Сағынып үлгердім сені,

Жанымнан тұрып кеткенше,

Сағынып үлгердім сені,

Көбелек қанат қаққанша,

Сағынып үлгердім сені,

Қалалар шамын жаққанша,

Сағынып үлгердім сені,

Бір тамшы тамам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Бір шырпы жанам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Бір ойдан қайтам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Бір сөзді айтам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Құс ұшып қонам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Қу көңіл қалам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Зарыңды тартам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Жүгіңді артам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Перронға шығам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Бәрін де ұғам дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

Сағынбан енді дегенше,

Сағынып үлгердім сені,

"Махаббат өлді" дегенше,

Өлтіріп кетші мені!

Ерлан Жүніс

"Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де ішпен біл" дейді Абай ақын. Кейде теңіздей тулаған сезімді жеткізерге сөздің де құдіреті жетпей жатады. Мұндайда сөзбен айта алмағанды көзбен де айтуға болатыны қаперіңізде жүрсін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2083112-qozy-korpes-bayan-sulu-kuni-gasyqtar-kunine-en-izgi-tilekter/